Отандастырымыз такси мен әуе компанияларының қызмет сапасына жиі шағымдана бастады. Биыл алғашқы жартыжылдықта Көлік министрлігіне және тұтынушылар құқығын қорғау органдарына 37 мыңнан астам өтініш түскен. Шағым 2021 жылғы бүкіл көрсеткіштен екі есе көп. Халықтың наразылығы бағаға ғана емес, сапаға да қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Осы мәселелерді шешу үшін Көлік министрлігі мен әкімдіктер такси агрегаторлары мен әуе тасымалдаушыларының тарифтік саясатын қайта қарауға кірісті. Бұл шешім Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында қабылданды.
Бұдан бөлек, такси қызметі мен туризм саласына арналған жаңа сапа стандарттары әзірленетін болды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жаңашылдықтар нарықтағы әділетсіз бәсекелестікті жойып, тұтынушыға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, транспорт шағымдардың жалғыз көзі емес. Қазіргі кезде халық онлайн саудадағы алаяқтықтарға, тұрғын үй-коммуналдық мәселелерге, сондай-ақ медициналық және банк қызметтерінің сапасына да наразы. Тұтынушылар құқықтары саласында қордаланған мәселелер кешенді шараларды талап етіп отыр.
Билік енді нарықты реттеуге баса көңіл бөліп, азаматтардың сенімін қалпына келтіруді көздеп отыр.