Өткенде жазушы Мұхтар Мағауиннің «Абайдың суреті» атты көлемді эссесін оқып отырып, «Абайды алғаш оқығанда адам қандай күй кешеді?» деген сауалдың төңірегінде ойландым. Айтпақшы, Мұхтар Мағауин «Абай жолы» романының екі томын небәрі 8 жасында оқып тауысқанын жазады. Ал өзге қаламгерлер Абайды алғаш оқығанда, қандай әсерде болды екен – сөйлетіп көрелік. Алғашқы қонағымыз – жазушы Ділдәр Мамырбаева.
– «Абай жолы» қазақ әдебиетінің қасиетті темірқазығы ғой. Ұлттық ар-ожданымыз, ұлттық мақтанышымыз. Атын дүниежүзі білетін жауһарымыз. Мұхтар Әуезов болса, әлемдік мәдениетке «Абай жолын» әкеп қосқан ұлы тұлға.
Ғабит Мүсіреповтің өзі «Мен «Абай жолын» төртінші рет қайталап оқығанда барып түсіндім» депті. 5-6-сыныпта оқып жүріп-ақ, түсінбек тұрмақ сын жазған азаматтар бар.
Ал біздің жетемізге кейіндеп барып жетті. Мектепте оқып жүргенімізде аттап-пұттап, ұзақ ой айтылған жерді тастап кетіп, оқиға қуып оқыдық. Университет бітірген 21-22 жасымызда да толық оқып шыққанымызбен, парықтай қоймадық-ау деймін. Отыздан асқанда оқығанымызда Мұхтар Әуезов кейіпкерін жек көргізгісі келсе жеті қат жер астына кіргізіп жіберетінін, жақсы көргізгісі келсе жайнатып жіберетін шеберлігіне таңғалдым. Көркем шығармадағы Абайды Абай деп, Құнанбайды өмірде де сол Құнанбай деп қабылдағаным да шын. Идеологияның құдіреті ғой. Әйелді түйенің өркешіне асып өлтірген, өз немересін қылғындырған, ұрпағына теріс бата берген Құнанбайды қалай жақсы көресің? Әлемде қандай зұлымдық, қаталдық бар – бәрі бір Құнанбайдың бойында. Өмірдегі Құнанбай басқа шығар деген ой келмеген. Құнанбай Меккеге аттанып бара жатып:
– Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кеткен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің, сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ пейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын, – деді.
– «Мырзам, мынандай сапарыңа кінә түгіл наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады.
– «Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімделген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің босаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босатып бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екенсің, осы көңіл мені жеңгеніне көп болған, – деп біраз толас тапты. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді» – деген тұсты оқығанда Құнанбайдың да ет пен сүйектен жаралған адам екеніне көзім жетіп, ішім жылып қалғаны бар. Ызғарлы, суық Құнанбайға оқырманның жүрегін жылытқаны жазушының шеберлігі ғой. Бұл да әсер шығар.
Содан кейін Бөжейдің асына бару мәселесі. Құнанбай мен Бөжейдің қырғиқабақ екені белгілі. Өлгенінде Құнанбайларға хабар берілмейді. Дегенмен Зере, Ұлжандар тақымдап отырып асына баруға рұқсат алады. «Құнанбай қиналып, қынжылып көне ме? Кекесінмен көне ме? Оның ар жағын Абай елеген жоқ», делінеді. Он үй – отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін, ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, ертеңді кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтімі Абайдың мойнында. Үйтілген сансыз қойдың еті жүздеген жылқы етімен бірге асылмақ. Оқып отырғанда дастарқан мәзірі аузыңнан сілекей ағызады.
Осы тұстағы менің есімнен кетпейтіндей болғаны жиын алдындағы кеңесте Зеренің сөйлегені:
– Байлауын байладың. Енді, түге, жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өліге еткен қызметтен бастарың кішіреймес. Араз-құразды ұмытыңдар адам болсаң! Тірісінде алғыс алмасаң, енді тым құрыса, өлі аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кіріп, күлімен шық қонағыңның! Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес, кішіпейіл, мейірде! Шалдықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүріп күт! Дабырайып, желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүріп күтіңдер! Болмаса мынау ағайынның төрт көзі түгел отыр ғой, міне! Бірі – қырт, бірі – дарақы мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді. «Мылжың», «мақтаншақ», «даңғой», дегендері осы арада шынымен төрт көзі түгел отыр еді.
Бұл тұста да бесікті де, есікті де түзейтін әйел-ананың өз ортасындағы «білгірлерді» тәубасына келтіріп, өз баласының (Құнанбайдың) пендешілігін ізгілікке айналдыруы, түсі жылы адамгершілікке жүгіне отырып, ел парасатын танытатын қимылға барғанына қатты әсерлендім. Қазір де сондай аналар бар ма екен деген ойға қатты берілдім.
Кейіндеп шынайы өмірде Абайдың Бөжей асына бармағанын деректерден оқыдық қой. Жазушының кейіпкерін ұтымды бейнелегені, әрине, жақсы әсер қалдырды.
Ал енді үш жасар Кәмшатты Бөжейге құн орнына берген Құнанбайға тіс қайрайтын тағы бір тұс – мынау.
«Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы жаңа келген адамдарға шаққандай боп кемсеңдеп, дірілдеп, біртүрлі әлсіз үнмен тағы жылады. Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат қазір сатқақ ұрғандай арықтап, құп-қу шөлмектей болып қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетінде ғазап пен сор көлеңкесі бар сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп жиырылып тұр. Үлкейіп, алақандай боп кеткен қап-қара көздерінен кесек-кесек жастар тамшылайды. Күтімсіз қор болған бала шын бишараның қалпында жатыр».
Сізге өтірік, маған шын, мұңлы бір әңгіме жазып отырғанда көз алдыма осы Кәмшаттың бейнесі келеді. Түп санама кіріп алғандай. Жүрегім жаншылады, жаным езіледі. Имансыздықтың ұя салғаны қатты қапаландырған.
Дайындаған –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»