• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 09:25

Той ойға ұласты

40 рет
көрсетілді

Абай мерейтойының онкүндігі аясында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Елімізде мұндай ой жарысы бұрын-соңды болмаған.

Абай облысы әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен ақыл-ой додасына еліміздің 10 өңірінен 1 080 адам қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Атырау, Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынасты. Бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) «Ең ауқымды интеллектуалды сайыс» ретінде тіркеуге ұсынылды.

«Абай Арена» көп­функ­ционалды мәдени-спорт кешенінде өткен зият­керлік сайыстың ашылуына облыс әкімі­нің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

– Айтулы іс-шараға еліміз­дің түкпір-түкпірінен ойын­шылардың қатысуы – еліміздегі интел­лектуалды ойындар тари­хын­дағы ерекше оқиға. «Абай QUIZ» – тек білім сайысы ғана емес, жас буынның ұлттық танымын, ой-өрісін кеңейтетін, интеллектуалды әлеуетін арттыратын бірегей және дәстүрлі алаңға айналатынына сенеміз, – деді ол.

Зияткерлік сайыс 7 кезеңнен тұр­ды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әр түрлі салаға байланысты тақы­рып­тар қамтылды. Ойын барысында қатысу­шылар ой ұшқырлығы мен логикалық тапқырлығын сарапқа салды.

– Бүгінде ойнай отырып ойлай білетін орта қалыптасып келеді. Ол – заманауи әрі креативті ойлайтындар. Қазір елімізде қазақша куиз көпшілікке таныла бастады. Мысалы, Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Семей секілді қалаларда жақсы дамы­ған. Дейтұрғанмен, үлкен қалаларда куиздердің көбі орыс тілінде өтеді. Қазақ тілінде өтетін куиз санаулы, әлі де аз. Осы ретте, отандық куиз тарихында мұндай көп ойыншы қатысқан сайыс бірінші мәрте болып отыр. Мұның Абай тойында ұйымдастырылуының да рәміздік мәні бар, – дейді куиздің авторы әрі жүргізушісі Мерей Ермұханов.

Осындай креативті орталарда қазақ­тілді қатысушылар көптеп төбе көрсете бастауына үлес қосып жүр­­ген өскемендік әріптесіміз Дарын Нұр­сапаровтың айтуынша, «Абай QUIZ» ойынының ұйымдастырылу деңгейі жоғары.

– Талай куиз ойындарын ұйым­дастырушы-автор әрі ойыншы ретінде мұндай мың адам қатысқан үлкен сайысты алғаш көруім. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Орындар да ерекше орналастырылған. Алғаш «Абай Арена» мәдени-спорт кешеніне кіріп келгенде, залға лық толған ойыншыларды көріп қайран қалдық. Атмосфера ерекше болды. Біз де шығыстан мықты командаларымызды әкелдік. 180 команда қатысқан ой жарысында үздік ондыққа «Tas Talqan» командамыз енді. Мысалы, біздің Шығыс Қазақстан өңірінде әр куизде 50 команда қатысады. Алда бұл рекордты жаңартамыз деген ойдамыз, – дейді ол.

Айтулы сайыста «Brainstorm» командасы (Астана) – І орын (1 000 000 тг), «Алматы Микс» командасы (Алматы) – ІІ орын (800 000 тг), «Тұрақсыз тіркестер» (Семей) командасы ІІІ орынды (600 000 тг) иеленді. Ал жүлделі IV–V орын (400 000 тг), VI–X орындарға (200 000 тг) «A team», «Борт №1», «Жебе» (Павлодар), «Quiz on AIR», «Tas Talqan» (Өскемен), «Ығай мен Сығай», «Кірпі Шешен» (Семей) табан тіреді. Жалпы жүлде қоры – 4 700 000 теңге. Сонымен қатар үздік команда­ларға «Үздік студенттік команда», «Үздік ұжым», «Үздік аудан командасы», «Ең креативті команда», «Үздік образ», «Үздік талпыныс», «Қара сөз жүлдесі» деген арнайы аталымдар тағайындалып, оларға да ақшалай сыйлық табыс етілді.

– Абай елінде қазақша зияткерлік ойын біршама дамып келеді. Ал бұл жол­ғы «Абай QUIZ» республикалық зият­­керлік сайысы – Абай тойындағы ерек­­ше тарихи сәттердің бірі болды деп біле­міз. Сайысқа бақылаушы әрі қазы­лық жасауға 30-дан астам маман және 60 волон­тер атсалысты. Ойынды тама­шалауға 300-ден астам көрермен ке­ліп, жалпы 1500-ге жуық адам қатысты. Абай облы­сы­ның әр ауданынан, жоғары оқу орындары­­нан, мектептерден, мекемелерден командалар жиылды. Сайысқа қатысқан бар­ша ойын­шыларға, әсіресе, еліміздің түкпір-түк­пірінен келген қонақтарға облыс аты­нан алғыс білдіреміз, – деді ұйымдас­тырушылар атынан Қуаныш Молдақашев.

«Абай QUIZ» зияткерлік ойыны жеті негізгі кезеңнен тұрады, олардың әрқайсысы Абай мұрасын, ұлттық тарих пен әдебиетті, логикалық ойлауды талап етеді. Ойын барысында арнайы концерттік бағдарламалар мен музыкалық үзінділер көрсетілді. Сонымен бірге қонақ командалар үшін Семей қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасалып, кешкі ас және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.

 

Абай облысы