Қырғызстанда өткен І Дүниежүзілік «Рух-санаты» халықаралық фестиваль-байқауында ел намысын қорғаған Салтанат Қайратқызы бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қырғызстанда өткен дәстүрлі өнер саласындағы ірі халықаралық фестивальге 37 елден жүзден астам орындаушы жиналды. Байқаудың қазылар алқасы – әлемнің әр түкпірінен келген музыка зерттеушілері, этнографтар мен өнер шеберлері. Олар қатысушылардың орындауындағы шығармалардың түпнұсқалық сақталуына, дәстүрлі аспаптарды меңгеру шеберлігіне және ұлттық дәстүрді жеткізу деңгейіне баса назар аударды.
Қазақстан атынан бұл додаға К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Салтанат Қайратқызы Ерсұлтан қатысты. Салтанат бұған дейін «Анимациялық кино режиссурасы» мамандығын тәмамдаған, ал қазір университетте «Дәстүрлі ән» бағыты бойынша 3-курста оқиды. Байқау барысында ол Асан Қайғының толғауын, Нартайдың термесін және Елмұра Жаңабергеннің «Аралым» атты шығармасын орындады. Салтанат осылайша қыл қобыздың қоңыр үнімен жыр-терме орындап, қазылар алқасын тәнті етті. Нәтижесінде жеке орындаушылар арасында бірінші орынға лайық деп танылды. Бұл жеңіс – тек Салтанаттың ғана емес, күллі қазақ өнерінің мерейін өсірген үлкен жетістік.