• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 09:03

Ұлтқа – ұстын, әлемге – ұлағат

10 рет
көрсетілді

Абай жыры, Абай сөзі ұлт руханиятының түбіне тұнған алтын сандық іспетті. Қай ұрпақ болсын сол сандықты қал-қадерінше ашып, қазынасын алмақ. Неге десеңіз, Абайдай тұтас елдің қантамырына айналып, қаймана жұртын шексіз сүйген ұлт ақыны жоққа тән. Сол арқылы уақыт пен кеңістікті бағындырып, ұлттың ұлық ұстазы атанған данышпан шырағы зау биікте жарқырап тұр. Кім Абайды сүйсе, еркіндік пен бостандықты, адамдық пен ар-ождан жолын сүйгені. Кім хакімді қастер тұтса, ол өзін, өзімен бірге асқақ ұлтын қастерлегені.

Хакім өзімен бірге топ-топ талант пен зиялылар тізбегін қалыптастырды. Абайдан кейінгі Алаш азаматтары данышпан ілімін бағдаршам етті, темірқазық ретінде маңдайға тұтып, азаттық аспанына адымдады. Ақын қалдырған ұлы жұмбақ болашақ тілімен ашылып, олардың кеудесіне кемел үміт сыйлады. Осылайша, ақыл-ойдың шырағданы ұлтымыздың рухани тұтасуының алғадайы, алыбы атанды.   

Абай бір ұлтқа ғана емес, Гомер, Данте, Вергилий, Шекспир, Гете секілді әлемге ортақ тұлға. Ал қияметке дейінгі қазақ жадында жел шайқай алмас, тасқын-сел ағыза алмас жоғары киелі орын бар. Ол орын тек Абай хакімге ғана тиесілі.