Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде «Өлең сөздің патшасы» атты ақындардың халықаралық мүшәйрасы өтті.
Семей қаласы әкімдігі, Әлихан Бөкейхан университеті, Жазушылар одағының Абай облыстық филиалының қолдауымен және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен өткен жыр додасына Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия елдерінен 80-ге жуық ақын туындыларын жолдаған.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, мәдениет саласының үздігі, күйші-композитор Дүйсебай Шаштай, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ербол Алшынбай, Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры, ақын Мерей Қарт сынды қазылар алқасы мүшәйраға төрелік етті. Олар 80 ақынның ішінен 8-ін іріктепті.
Қара өлең мен қарасөздің отаны болған Абай еліне келген үміткерлер көрермен алдында өз өлеңдерін оқыды. Бұдан соң қазылар алқасы мүшәйра жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтап, оларды арнайы диплом және қаржылай сыйақымен марапаттады. Атап айтқанда, бас жүлде және 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыны белгілі ақын Ұмтыл Зарыққан (Астана) иеленді. І орын (500 000 теңге) Нұрбек Кеңесбайға бұйырса (Астана), ІІ орынды (300 000) белгілі ақын, ғалым Бауыржан Жақып (Алматы) қанжығалады. Ал ІІІ орын (200 000) жас ақын Дәурен Тілеуханға (Ақтөбе) бұйырды.
«Көрермен көзайымы» аталымына (300 000) Бауыржан Игілік (Семей), «Жас Абай» аталымына (200 000) Ерлан Аманқожа (Павлодар) лайық деп танылды. Ал «Ерекше қонақ» аталымын (100 000) Қуаныш Оспан (Көкшетау) иеленсе, «Жылы жүрек» аталымы (100 000) Әлия Іңкәрбекке (Алматы) бұйырды.
Абай облысы