• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық Кеше

Астана жұрты донорлыққа қолдау білдірді

70 рет
көрсетілді

Жыл сайын Астанада өтетін Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне 5 мыңға жуық адам жиылды. Олар трансплантацияны күтіп жүрген науқастарға ниет-тілегін, қолдауын осылай білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қала тұрғындары мен қонақтары жүгіру фестивалін 6.20-да ЭКСПО аумағындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монумент жанынан бастады. Онда алдымен фестивалдің ұйымдастырушылары Heart Center Foundation қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандум аясында Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына 15 млн теңге көлемінде грант табыстады.

Ресми дерек бойынша қазір елімізде жүрек, бүйрек, бауыр және өкпе трансплантациясына 4 117 адам мұқтаж. Оның ішінде 3 мыңнан астамы – бүйрек, 145-і – жүрек ауыстыратын уақытты күтіп жүр. Өкінішке қарай, жыл сайын 300-ден астам адам өз донорын таба алмай, күту парағынан шығып қалады. Жүгіруге келген әр қатысушы осы деректерден құлағдар болып, 1км, 3 км немесе 10 км қашықтықты бағындыруға бел шешті.

 Қордың негізін қалаушы және UMC Басқарма төрағасы, белді дәрігер Юрий Пя жобаға қолдау білдіріп келген көпшілікке алғыс айтты. Трансплантацияны насихаттау арқылы қағамда донорлық туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға болатынын жеткізді.

«Біздің еліміз – Орталық Азияда трансплантация мен өлімнен кейінгі донорлық дамыған жалғыз мемлекет. Бұл – еліміздің даму деңгейінің көрсеткіштерінің бірі. Алғашқы жүрек трансплантациясы жасалғанына тура 13 жыл толды. Содан бері операция саны айтарлықтай артты. Juregimnin Jenimpazy жобасы қоғамда донорлық туралы түсінікті қалыптастыру үшін өткізіледі. Демек, осындай іс-шаралар арқылы донорлықты насихаттау біздің міндетіміз»,– деді Қордың негізін қалаушы және UMC Басқарма төрағасы, дәрігер Юрий Пя.

Юрий Пяның жетекшілігімен еліміздегі дәрігерлер осы күнге дейін 104 трансплантация жасаған. Білсеңіздер, ол – 2012 жылы елімізде алғаш жүрек трансплантациясын жасаған кардиохирург. Дәрігер UMC Жүрек орталығынан келген бір топ медицина қызметкерін бастап, ұжым боп 1 шақырым қашықтықты еңсерді.

Қоғамдық қор директоры Мұрат Зауыров жүгірудің бас демеушісінен және қатысушылардың тіркеу жарнасынан түскен қаражат жылдағы әдеппен Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына және Қордың білім беру және ағарту жобаларына бағытталатынын айтты.

«Біз фестивалді жыл сайын өткізіп жүрміз. Сонда қоғамның трансплантологияны дамытудың маңызын түсінетінін байқаймыз. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 500 адамға артық жиылдық. Біздің мақсатымыз – осы тақырыптағы ақпараттық вакуумды жою. Ол біздің қолымыздан келді деп есептеймін. Бұдан бөлек, Ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қор Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына 15 млн теңге грант берді»,– деді М.Зауыров сөзін түйіндеп.

Негізі ауқымды іс-шара алдында жүгіруге дайындық жүргізілген. Ботаникалық бақтағы «Сый» инсталляциясы жанында екі ай тегін жаттығу ұйымдастырылыпты. Оған шамамен мыңға жуық адам қатысқан. Түйіндей келе фестивалді шағын және ірі кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер қолдағанын айта кетелік.