Үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталатын «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңі басталғанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Байқау жыл сайын екі кезеңде – облыстық және республикалық деңгейде, үш номинация бойынша өткізіледі:
«Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады.
«Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады.
Байқаудың облыстық кезеңі шілде айында аяқталды. Биыл жергілікті атқарушы органдар 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан 505 өтінішті қабылдап, республикалық кезеңінде өз өңірлерін қорғайтын 60 жеңімпаз іріктелді.
Байқау жеңімпаздарын ЕХӘҚМ жанындағы республикалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына ведомство өкілдері, Парламент депутаттары, әлеуметтік серіктестіктер, «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТБ және Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының өкілдері кіреді.
«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі желтоқсан айында Жұмысшы мамандықтары жылының жабылуына арналған шарада өтеді деп жоспарланып отыр.