• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 08:45

Ұлт даналығының торқалы тойы

50 рет
көрсетілді

Ұлы Абайдың 180 жыл­­дық мерейтойына арнал­ған он­күндік осымен өз мәресіне жетті. Бүгінгі ақпарат – ертеңгі тарих парағы.

Ер Төстік ертегісінде Ер­назар қарттың «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дей­тіні секілді, Абай тойындағы тамыл­жыған тамыздың тоғыз күні бір төбе де, Қарауылтөбедегі онын­шы күні бір төбе. Бұл күнгі той нағыз елдіктің тойы болды.

Қарауылтөбенің баурайы құ­жынаған халық, қаздай тізілген ақ шаңқан үйлер кішігірім қалашық іспетті. Қарадан шығып хан болған, нәсілін Тәңір ар­тық жаратқан, жеті атасынан тектілік үзілмеген әйгілі қаракөк әулет бұған дейін Өскенбайдың, Кеңгірбай бидің, Құнанбайдың асын берген ел емес пе? Еге­мен­діктің елең-алаңында хакім­нің 150 жылдық тойы­ның дабысы дүние­ге жеткені бар. Ол – дүниежүзілік көлем­де өтсе, бұл тойы облыстық аяда бас­талған. Алайда «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» насихат қылған ақын тойына кім келсе де, Абай елінің есігі қашанда, қай заманда да айқара ашық. Түйіндей айтсақ, бұл той бұған дейінгі жақсылықтың рекордын жаңартып жатқандай сезілді.

Мемлекет басшысының ұйғарымымен 10 тамыз Абай күні деп бекітілгені белгілі. Осыған орай, биылғы мерейтойға байланысты ұлттың торқалы тойы әуелі таңғы тоғызда «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорығында хакім рухына Құран оқылып, құрбан шалу рәсімінен басталды. Оған Астанадан арнайы келген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Халық жазушысы Төлен Әбдік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және еліміздің әр түкпірінен жиналған ақын-жазушылар, сонымен бірге шетелдік меймандар қатысты. Олар Абай музей-үйін тамашалап, Жидебай қорығында жатқан ұлылар мазаратына зиярат жасады.

 

Салтанатты сәт

«Абай күніне» арналған салтанатты рәсімге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай об­лы­сының әкімі Берік Уәли бастаған құр­метті қонақтар қатарында Парламент депутаттары, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, Бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлы, Жазушылар ода­ғының төрағасы Мереке Құлкенов қатысты.

Мәулен Әшімбаев «Абай күніне» арнал­ған салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арнаған құттықтау хатын оқып берді.

«Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.

Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дү­ниетанымымыздың көкжиегін кеңейт­ті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбек­қор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиет­терді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіс­пеншіліктің және ел мүддесі үшін қалт­қысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.

Хакім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзекті­лігі ешқашан жоғалмайды. Сондық­тан Абайды тану және таныту, шығарма­шылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.

Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.

Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.

Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!», делінген құттықтау хатта.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Берік Уәли жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, Абайдың 180 жылдығы биыл алғаш рет онкүндік ретінде аталып өткенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын. Абай тойы ең алдымен, той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы ләзім екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуға тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік», деді өңір басшысы.

Облыста мерейтойға орай Президент­тің қолдауымен «Абайға құрмет» акция­сы басталды. Еліміздің әр өңірі бір нысаннан салып береді. Маңғыстау Достық үйінің құрылысын бастаса, Шым­кент шығармашылық орталықты, Түр­кістан көрме орталығын, Астана келе­шек мектебін, Ақтөбе жекпе-жек орта­лы­ғын, Павлодар облысы Үстел теннисі орта­лы­ғын салуды, Шығыс Қазақстан Ертіс жа­­ғалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.

«Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этноауыл Жидебай» кешені бой көте­реді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамы­тып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады.

Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет қосылды. Осылайша, ақын тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды.

Мерейтойға келген құрметті қонақтар «Бала Абайдан – дана Абайға» атты театрландырылған тарихи қойылым мен «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты концертті тамашалады. Концертте Секен Тұрысбек, Досхан Жолжақсынов, Майра Ілиясова, Нұрлан Өнербаев, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Қаракөз Сүлейменова, Ерлан Рысқали, Айгүл Елшібаева, Гүлмира Сарина, Айбек Бекбосын, сондай-ақ «Тараз» триосы мен «Алатау серілері» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Парламент Сенатының төрағасы бас­таған құрметті қонақтар Қарауыл ауы­лындағы Абай ескерткішіне гүл шоқта­рын қойды. Бұдан соң Қарауылтөбе бөк­­­теріне тігілген 200-дей киіз үйде бұл өл­­ке­ні мекендеген, ұлы денелері тари­хи ме­кен­­нен тұрақ тапқан тұлғалар рухы­на ба­ғышталған ас берілді. Абай Құнан­бай­ұлының рухына бағышталып Құран оқылды.

 

«Абай елі» стелласы ашылды

Ұлы той аясында Абай ауданының Қарауыл елді мекені маңындағы Қа­рауыл­төбеде (төбенің басына) «Абай елі» стелласы тұрғызылды. Ескерткіштің ашы­луына облыс әкімі Берік Уәли және ауданның ақсақалдары қатысты.

«Төбеге арнайы баспалдақ салынып, абаттандырылды. Ескерткіш төрт тұ­ғыр­лы. Бірінші тұғыры: Қауырсын қалам немесе «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы». Екінші тұғыры: Қалқан – кеше­гі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерле­ріміздің ерлік айбары. Үшінші тұғы­ры: Домбыра – Абайдың жаны мен әні­нің өзегі. Төртінші тұғыры: ұлыларды тудыр­ған ақ бесік. Ескерткіштің ең басы, шарықтау шегі – ғаламшар мен оны ай­нала қалықтаған тыныштық пен тұрақ­тылықтың символы – қарлығаш құс. Ескерт­кіш Абай ауданының кәсіпкерлері демеу­шілігімен бой көтерді», дейді ескерт­кіштің авторы,  мүсінші Нұрбол Қалиев.

Бұл нысан аудан қонақтары үшін ауылдың көркем келбетін биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін ерекше көрікті орынға айналмақ.

 

«Бала Абайдан – дана Абайға дейін»

Бұдан соң халық Қарауылтөбенің баурайына жиналды. Қарақұрым жұрт сеңдей соғылады. Қарасы қырық мыңның үстінде деседі. Кенет, қасиетті Қарауылтөбе демін ішіне тарта қалғандай, Шыңғыстаудың жүрегі дүрсілдеп бейне бүгін бір қансонардың қызығын көретіндей тына қалсын. Сонадайдан салт аттылы үшеудің қарасы көрінді. Қаланың күйбең өмірінен қажу көріп, оқудан аздап ерқашты болған бала шәкірт Абай кең сахарасын сағынып, асығып келеді екен. Артында екі нөкері. Жорға Жұмабай мен Жантас. Бала Абайдың құнанынан түсіп, Құнанбай қажыға сәлем беруі, әжесі Зереге және аналарына. Бәрі шынайы көз алдыңда өтіп жатқандай. Бұдан соң тобықты елінің толықсыған көші өтті. Бұл – театрланған көрініс. Бағанағы бала Абай – дана Абайға дейін қандай соқтықпалы соқпақпен жүрді, соның бәрін жарты сағатқа сыйғызған қойылым-концерт. «Бала Абайдан – дана Абайға» этнографиялық дала қойылымының режиссері – мәдениет саласының үздігі, белгілі режиссер Жұлдызбек Жұманбай екенін ерекше айту керек. Бұған қоса Қарауылтөбеде өткен барша мәдени іс-шаралардың бас режиссері болған да – Ж.Жұманбай. «Бала Абайдан – дана Абайға» этногра­фиялық дала қойылымының сценарий авторы – әріптесіміз, жазушы Қуат Қиық­бай. Абай образында – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академия­лық драма театрының актері – Болат Әбділманов. Құнанбай образында – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, мәдениет саласының үздігі – Әсет Иманғали. Салқар көш өтті. Абай елі шеру тартты. Міне, осында өнер көр­­сеткен – облыстық Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрының, облыс­тық Достоевский атындағы орыс драма театрының және «Дариға-ай» жастар театрының әртістері. Сонымен қатар Әміре Қашаубаев атындағы мемле­кеттік филармониясы мен Абай аудан­дық «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнер­паз­дары, Абай елінің өнер иелері бар.

 

Тойтарқар

Абай облысындағы ақынның 180 жылдығына арналған онкүндігі туған жері – Абай ауданында түйінделді.

«Жеті қазына» фестивалі аясында көптеген спорттық мәдени іс-шара өтті. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді. Ең кереметі, мұның бәрі осы Абай еліндегі кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен жүзеге асқанын айта кеткеніміз жөн.

Ерекше атап өтерлігі, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайы­сы мен 180 шақырымдық ултьрамара­фонға еліміз бойынша тұңғыш рет авто­көлік сыйға тартылды. Семей мен Қа­рауыл арасын 19 сағат 9 минутта жү­гіріп өткен Баубек Ильясов (Батыс Қа­зақ­стан облысы) жарыс жеңімпазы атан­ды. Тоғызқұмалақ сайысында шым­­кент­тік Ғалымжан Темірбаев бірін­ші орын­ды иеленді. «Түйе балуан» күресінде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов (Қарабура), «Өгіз балуан» бәсекесінде алматылық Жігер Еркінұлы қарсылас шақ келтірмеді. Енді Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өткен спорттық жарыстардың қорытындысын тарқатып айтайық. Тазы жарысы: III орын – Рахат Ақылжанов (Құлпынай), Абай облысы Үржар ауданы – 1 бас жыл­қы. II орын – Азамат Төкешов (Жел­қара), Қарағанды облысы – 2 бас жылқы. I орын – Айдын Құдайбергенов (Сылдыр), Алматы облысы – 3 бас жылқы. Құсбегілік: III орын – Шәміл Жексембаев (Сонар), Павлодар облысы – 1 бас жылқы. II орын – Нұрлыхан Жәркен (Қараторғай), Қарағанды облысы – 2 бас жылқы. I орын – Бақдәулет Бабажан (Қапсалған), Жамбыл облысы – 3 бас жылқы. Дәстүрлі садақ ату: III орын – Ербол Тапенов, Астана қаласы – 1 бас жылқы. II орын – Забит Сатаев, Шымкент қаласы – 2 бас жылқы. I орын – Мақсат Әбдікерімов, Шымкент қаласы – 3 бас жылқы.

Жорға жарысы: V орын – Байторы, иесі Арлан Теміржан (ШҚО, Катонқарағай ауданы) – 1 бас жылқы. IV орын – Яро Син, иесі Қымбат Альтаир (Семей қаласы) – 2 бас жылқы. III орын – Ақбақай, иесі Базарбай Оразбек (Абай облысы Бесқарағай ауданы) – 3 бас жылқы. II орын – Лауриен, иесі Айдар Сексембаев (ШҚО, Күршім ауданы) – 5 бас жылқы. I орын – Қаған, иесі Ата Жақыпбек (Қырғызстан) – «Кобальт» автокөлігі (демеушісі – Абай ауданы Құндызды ауылының ел ағасы Қыдыралин Тілектай Сатынсақұлының ұрпағы, кәсіпкер Әсет Қыдыралин). Тоғызқұмалақ: III орын – Ринат Керейбаев (Павлодар облысы) – 1 бас жылқы. II орын – Биғали Зікрияев (Астана қаласы) – 2 бас жылқы. I орын – Ғалымжан Темірбаев (Шымкент қаласы) – «Chevrolet Monza» автокөлігі (демеушісі – Үржар ауданының кәсіпкерлері). 180 шақырымдық марафон (Семей қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен): 20-40 жас аралығына: III орын – Руслан Оразов – 1 000 000 теңге. II орын – Рақымжан Келманов – 1 500 000 теңге. I орын – Меиір Кутуев (Абай облысы) – 2 000 000 теңге. 41 жастан асқандар: III орын – Мейірбек Қайырбеков (Абай облысы) – 500 000 теңге. III орын – Нұр Аманшүкіров (Жамбыл облысы) – 500 000 теңге. II орын – Тілек Тоқтасынұлы (Жетісу облысы) – 1 000 000 теңге (демеушісі – шымкенттік меценат Балтабай Тасболатұлы). I орын – Жігер Еркінұлы (Алматы қаласы) – «JAC» автокөлігі (демеушісі – Абай облысы қазақ күресі федерациясының президенті Алмас Баяхметов). Өгіз балуан: III орын – Мейірбек Қайырбеков (Абай облысы) – 500 000 теңге. III орын – Нұр Аманшүкіров (Жамбыл облысы) – 500 000 теңге. II орын – Тілек Тоқтасынұлы (Жетісу облысы) – 1 000 000 теңге (демеушісі – шымкенттік азамат Балтабай Тасболатұлы). I орын – Жігер Еркінұлы (Алматы қаласы) – «JAC» автокөлігі (демеушісі – Абай облысының қазақ күресі федерациясының президенті Алмас Баяхметов). Түйе балуан: III орын – Нұрсұлтан Қаблан (Қостанай облысы) – 1 000 000 теңге. III орын – Ғалымжан Қырықбай (Жамбыл облысы) – 1 000 000 теңге. II орын – Ерасыл Қажыбаев (Абай облысы) – 2 000 000 теңге (демеушісі – Аягөз ауданының кәсіпкерлері). I орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы) – «Омода» автокөлігі (демеушісі – Бесқарағай ауданы).

Топ бәйге: V орын – Бермет, иесі Руслан Досжанов (Жетісу облысы) – 1 бас жылқы. IV орын – Жүрек, иесі Оразбек Базарбай (ШҚО, Күршім ауда­ны) – 2 бас жылқы. III орын – Барыс, иесі Қасым Алтынбай (Алматы облысы) – 3 бас жылқы. II орын – Қамысқұлақ, иесі Біржан Шаймерденов (СҚО) – 5 бас жылқы. I орын – Тобылғы торы, иесі Нұрсейіт Жылқышыбай (Алматы облысы) – «JAC» автокөлігі (демеушісі – «Эйкос» компаниясының директоры Александр Соловьев). Аламан бәйге: V орын – Қалқаман, иесі Нұрлан Қазезов (Абай облысы) – 1 бас жылқы. IV орын – Покер, иесі Нұржігіт Табылдиев (Астана қаласы) – 2 бас жылқы. III орын – Қарлығаш, иесі Мейрамхат Ысқақов (Абай облысы Аягөз ауданы) – «Lada Granta» автокөлігі (демеушісі – Ақсуат ауданының кәсіпкерлері). II орын – Көксерек, иесі Медет Ерғалимов (ШҚО, Күршім ауданы) – «Chevrolet Monza» (демеушісі – Көкпекті ауылшаруашылық қоры). I орын – Байдик, иесі Ардақ Сарсекеев (Павлодар облысы) – «Hyundai Santa Fe» автокөлігі (демеушісі – «Бородулиха» қоғамдық қоры).

 

Облыс әкімі Берік Уәли марапаттау салтанатына қатысып, жеңімпаздарды жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ өңір басшысы мерейтойлық онкүндік аясында той тойлауға емес, ой ойлауға, рухани, зияткерлік, танымдық, спорттық шараларға баса мән берілгенін айтты.

«Жалпы, онкүндік іс-шара елдің береке-бірлігінің арқасында жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. «Абай акаде­миясы» атты энциклопедиялық портал ашылды. Бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Мыңнан астам команда қатысқан «Абай куиз» интеллектуалдық ойыны өткізілді. Зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана іске қо­сылды. Бүгін өздеріңіз көргендей, жүлде қорларының әр өңірге, тіпті қырғыз еліне дейін кеткені қуантады. Осы ретте тойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыстың жанашыр азаматтарына алғыс айтамын», деді өңір басшысы.

Он күнге созылған хакім тойы Қарауыл­төбеде «Желсіз түнде жарық ай» гала-концертімен түйінделді. Оған еліміздің эстрада жұлдыздары қатысты.

 

Тағылымды тұсаукесер

Қарауылда қызған дүбірлі думандар, спорттық, мәдени дүниелермен қоса, Семейде руханияттың туы желбіреді де тұрды. Ұрпаққа мұра боларлық игі істер атқарылғанын да айрықша айтуымыз керек.

Семей қаласында 6 тамыз күнгі іс-шаралар аясында Абай еліне рухани тарту ретінде Әуезов колледжі жаны­нан құрылған «Ес-аймақ» рухани ор­талығында өткен ерекше кеште халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Қос туынды – ұлы ақын Абайдың руха­ни әлемін терең тануға, оның мұра­сы­на жаңаша көзқараспен үңілуге мүм­кін­дік беретін құнды еңбектер. Энци­клопедиялық және танымдық сипаттағы бұл кітаптар әдебиетсүйер қауымға ар­нал­ған маңызды рухани олжа екені сөзсіз.

Іс-шараға қоғам және әдебиет қай­рат­керлері қатысты. Атап айтқан­да, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, ақын Асылан Тілеген, жазушы, документалист Қанат Тілеухан кештің құрметті қонақтары қатарынан табылды. Кештің модераторы – филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып болды. Ол Абай мұрасын насихаттаудағы осындай еңбектердің маңызына тоқталып, авторларға жылы лебізін білдірді.

Тұсаукесерде облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай өңір басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.

«Әлем әдебиетінің тарихында көркем шығармаға арналған танымдық эн­цикло­педия некен-саяқ. Ал біздің ұлттық әде­биетімізде мұндай энциклопедия тұңғыш рет шығып отыр. Сондықтан бұл абайтанудың жаңа кезеңінің бастауы деп сенеміз. Абайдың мол мұрасы, ғибратты ғұмырнамасы және рухани қазынасын өскелең ұрпақ санасына сіңірудегі маңызды еңбек», делінген құттықтау хатта.

Аталған тұсаукесер ұлы Абайдың шығармашылығына арналған іс-шара­лардың жарқын жалғасы ғана емес, сонымен қатар ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес дерлік.

 

Кемеңгер кеңістігі

Шәкәрім университетінде «Адам­заттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған ғылыми жиынға заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы, қазақ әдебиеті мен Абай шығармашылығын түрік тілін­де насихаттауда орасан зор еңбек атқа­рып келе жатқан ғалым Нергиз Би­рай, түркітанушы, арабтанушы ғалым Роберт Эрмерс (Нидерланд Корольдігі), отандық руханияттың беделді өкілдері Арап Еспенбетов, Тұрсын Жұртбай, Кенжехан Матыжанов, Ербол Тілешов, Анар Фазылжанова, Базарбек Аты­ғай, Рахымғали Құл-Мұхамед және жас ғалым­дар Әзімхан Исабек, Елдос Тоқтарбай қатысты.

Дала данышпанының мерейтойы – тарих пен тағылым тоғысқан ұлылықтың тойы екеніне маңыз берген университет ректоры Думан Рымғалиұлы:   «Абай тойы – бұл тек бір ақынның тойы емес, тұтас ұлттың, оның даналыққа толы ой-санасының, мәдениетінің, рухының көрінісі. Бұл – қазақ руханияты үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі мен жаһандық өркениет үшін елеулі тарихи белес. Өйткені Абай – өзінің терең ойы­мен, кемел парасатымен, адамзаттық құндылықтарды дәріптеген даналығымен әлемдік деңгейдегі кемеңгер ойшыл тұлға. Бүгінгі конференциямыз – Абай мұрасын жаңа қырынан танып, оның рухани-адамгершілік, философиялық, ағартушылық мұраларын заманауи көзқараспен бағамдауға, ұлттық идеологияны нығайтуға, білім-ғылым және тәрбие жүйесінде тиімді қолдануға ой қосатын ғылыми алаң», деді.

Конференцияда Абай облысының əкімі Берік Уəли, Ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, түркіта­нушы ғалым, Неймеген Радбауд уни­вер­ситетінің профессоры Зифа-Алуа Əуезова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситетінің ректоры Ерлан Сы­ды­қов­тардың құттықтауларына кезек берілді.

«Бүгін, онкүндіктің тоғызыншы күнінде, айтулы ғалымдар мен білікті мамандар жиналып, Абай ойының тереңіне ден қойып, сипаты мен сырына көңіл бөліп отыр. Абайдың рухани мұрасын терең зерделеу, ақынның шығармашылығы мен ой-толғамдарын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайым­дау, ақын үндеген ұлттық сананы қалып­тастырудағы, білім мен тәрбиедегі, тұлға дамытудың мәдени-философиялық негізі ретіндегі орнын айқындау үшін аса маңызды», деді өңір басшысы.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде заманауи технологиялар мен рухани құндылықтардың үндестігіне ерекше назар аударды.

«Біз қандай заманауи технология­ларды дамытсақ та, түптеп келгенде, адамзатқа ең керегі – гуманизм, адамгершілік, сүйіспеншілік, кісілік пен ізгілік екенін айқын түсініп отырмыз. Ал бұл құндылықтардың қайнар көзі – Абай. Бұл – біздің ғана пікіріміз емес, оны бүкіл әлем мойындап отыр. Сол себепті Мемлекет басшысының бас­тамасымен былтырдан бастап Абайдың «Толық адам» ілімін еліміздің барлық университеттеріне енгізіп жатырмыз. Себебі Абай мұрасы – тек абайтанушылар мен әдебиет зерттеушілерінің еншісіндегі дүние емес, бұл – әр қазақ баласының санасына сіңуі тиіс рухани бағдар, ұлттық тәрбие мен мәдени құндылықтың алтын арқауы. Осы жолда бірлесіп жұмыс істеу – бәріміздің ортақ міндетіміз», деді министр.

Бұдан соң Думан Орынбеков кон­ференцияның сүйінші жаңалығы – Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағының жарық көргенін жеткізді. Жинақты даярлап, басып шығару секілді  күрделі де жауап­ты шаруаның басы-қасында жүрген белгілі әдебиеттанушы ғалым, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов екенін айта кеткен жөн.  Ол өз сөзінде Абай шығармаларының бұл басылымын дайындау барысында текстологиялық тұрғыдан әзірге бір ізге түсе қоймаған  немесе әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелерге де назар аударылғанын айтты.

Сөйтіп, Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағының және «Абай əлемі: аударма, тағылым, мұра» кітаптар топтамасының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, оқырманға жол тартты.

Ал ақын Ақберен Елгезек басқа­рып отырған «Абай» баспасы ұлы кемең­гердің мерейтойына бұрын-соңды жарық көрмеген 6 кітапты өз қаржысына шығарып, оқырман назарына ұсынды.

Филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсын Жұртбай «Шын жүрек – бір жүрек...» тақырыбындағы һашиясында: «Сарыла отырып санап шыққанымда, Абай өзінің шығармаларында «жүрек» деген сөзді 167 реттен аса қолданыпты. Ал сол «жүректің» баламасы не ауыспалы мағынасы ретінде қолданылған көңіл, көңіл кірі, кірлі көңіл, күпті көңіл, бұла буын, ысынған кеуде, бу­лық­қан тұла бой, жан, тән, тағы да басқа телімдерді қоссақ, оның саны екі еселенбек. «Телміріп, терең ой­дың соңына» түсіп, тек «жүректің» өзін ғана Жүрек-Қалб философиялық жүйе­сінің ұғым категориялары туралы оқымыстылардың арлы-берлі айтыл­ған ойларымен салыстырып қара­ғанымызда, бұл 167 жүректің 167 түрлі мағына мен көңіл күй ауанын беретініне көзіміз анық жетті. Соны қысқаша һашия түрінде пайым­дап, назарға ұсынуды мақұл сана­дық», деді.

Ал PhD, Памуккале университетінің (Түркия, Денизли) профессоры Бирай Нергиз «Türkiye’deAbay Kunan­bayuli üzerine yapilan çalişmalara bir bakiş»,  Ғылым жəне жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Тілешов «Абайдың интуитивті танымы», Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Анар Фазылжанова «Абай­дың қарасөздеріне квантитативті жəне лингвостатистикалық зерттеу» деген тақырыпта және PhD, профессор, түркітанушы, арабтанушы ғалым Эрмерс Роберт (Нидерланд Корольдігі) Абай­дың қарасөздерінің голланд тіліне аударма тəжірибесі туралы баяндама жасады.

Бұл халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция қазақ руханиятының, ұлттық болмыстың және әлемдік гу­ма­низмнің өзегін айқындаған ауқымды әрі мазмұнды жиын болды. Ғылыми алаңда айтылған мазмұнды баяндамалар мен ойлы пікірлер, рухани сабақтастық пен ғылыми ізденістер – Абай мұрасын жаңа қырынан тануға, оның идеяларын заманауи ғылым мен ұлттық идеология­да тиімді қолдануға жол ашары сөзсіз. Ел мен елді, ғалым мен зиялыны, өткен мен бүгінді жалғаған жиын – Абай ілімін ұлықтаудың ғана емес, оны ғылыми тұрғыда саралаудың, әлемдік деңгейге көтерудің жарқын үлгісі іспетті.

 

Поэзия фестивалі

Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Адамзаттың бәрін сүй, бауы­рым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті. Фестиваль ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының және Михай Эми­неску атындағы Халықаралық поэ­зия академиясының қолдауымен ұйым­дастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ақын өлеңдерін әлемнің 15 тіліне аудару арқылы оның рухани мұрасын жаһандық деңгейде кеңінен таныту болды.

Фестивальге Түркі әлемі жазушылар одағы мен Конго, АҚШ, Мекси­ка, Италия, Швеция мемлекеттерінің ақын-жа­зушыларымен қатар Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Серік Ақ­сұң­қарұлы, Ғалым Жайлыбай, Ханбибі Есен­қа­рақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Ты­­ныштықбек Әбдікәкімұлы сынды отан­дық әдебиеттің көрнекті өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғыз­станның халық жазушысы Сұлтан Раев сөз алып, екі ел достығына тоқталып, ұлы Абай мұраларының күллі әлемге ортақ­тығы жайында сөз қозғады. Бұған қоса елімізге белгілі бірқатар ақын-жазушы ТҮРКСОЙ жазушылары ұйымының мү­шесі атанды.

Облыс әкімі аппараты басшысы­ның орынбасары Ербол Алшынбай фестивальға қатысушыларға өңір басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.

«Бүгінгі рухани жиын – өлең мен ойдың, жүрек пен тілектің, мәдениет пен мұраттың тоғысқан сәті. Әлемнің әр түкпірінен келген ақындар мен әдебиет өкілдеріне, Абай мұрасын насихаттап жүрген барша зиялы қауымға шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Адам­заттың бәрін сүй бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия антологиясының (қазақ және ағылшын тілдерінде), Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романы (қазақ тілінде), Ұлықбек Есдәулеттің «Ақын­нан сағат сұрама» атты румын тілін­дегі кітабының, Сауытбек Абдрах­ма­новтың «Алып Абай» кітабының тұсаукесері өтті.

 

Айтыста Аханов ат оздырды

Семейде өткен «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін қарағандылық айтыскер Мақсат Аханов иеленді.

7 тамыз күні Семей қаласындағы Абай атындағы театрда өткен ақындар айтысы мәреге жетті. Өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген он екі айтыскер бақ сынады. Олардың қатарында «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мақсат Аханов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейір­бек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері, сондай-ақ Әсем Ережеқы­зы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өмір­жан Көпбосынов болды. Айтысты белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжі­­лі­­с­інің депутаты Аманжол Әлтай жүргізді.

Айтыстың марапаттау салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Өңір басшысы осындай айтыс енді жыл са­йын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтты.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған гуманист ақын Абайдың мерейтойына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы өте жоғары деңгейде өтті деп есеп­тейміз. Ақынның мұрасын насихат­тауға ар­налған айтыс Семейдің төрін­де өтуі ке­рек. Келесі жылдан бастап ұйым­дастырып тұрамыз. Республикалық айтыстың күнтізбелік тізіміне енгізуді  сұраймыз», деді облыс әкімі.

Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина (1 млн теңге), екінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан (1,5 млн теңге) иеленді. Бірінші орын алған Рүстем Қайыртайұлына 3 млн теңге берілді. Ал бас жүлдеге тігілген автокөлікті қарағандылық Мақсат Аханов жеңіп алды. Айтысқа қатысқан басқа да ақын­дарға 500 мың теңгеден таратылды. Ақын Қуандық Кенжебекұлы Сиязбек Сүлейменов әулетінің арнайы жүлдесіне (200 мың теңге) ие болды. Облыс әкімінің арнайы жүлдесі (500 мың теңге) Мұхтар Ниязовқа табысталды.

Өңір басшысы Абай тойына орай ұйымдастырылған республикалық айтысқа төрелік еткен қазылар алқасы­ның төрағасы Жүрсін Ерманға, қазылар алқасының мүшелері Сауытбек Абдрах­манов пен Төлеген Жанғалиевке, айтысты жүргізген Аманжол Әлтайға құрмет көрсетіп, арнайы тапсырыспен әзірленген Абай шапаны мен тақиясын және мерейтойлық кілемшені тарту етті.

 

Абай облысы