Бүгінгі басты стратегиялық ресурсымыз – жастар. Ел халқының үштен бір бөлігін құрайтын бұл санат қазір қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып отыр.
Жыл сайын 12 тамызда аталып өтетін Халықаралық жастар күні – жас ұрпақтың әлеуетін, мәселелерін және мүмкіндіктерін ұлт мүддесіне сай дамыту қажеттігін тағы бір мәрте еске салады. БҰҰ Бас Ассамблеясы Жастар ісі жөніндегі дүниежүзілік министрлер конференциясының ұсынысымен 1999 жылы бекітілген бұл күн елімізде 2000 жылдан бастап ресми түрде аталып өтіп келеді.
Осы уақыт аралығында жастар саясаты жүйелі түрде дамып, оның институционалдық және бағдарламалық негіздері қалыптасты. Яғни уақыт өте келе ол нақты салада көрініс тауып, білім беру, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті қолдау секілді басым бағыттарда кешенді шарамен толықтырылды.
Оның ішіндегі маңызды бағыттың бірі – жас буынның сапалы білім алуы мен кәсіби қалыптасуы. Жастардың болашағына жол салатын техникалық және кәсіптік білім жүйесі кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Теория мен практиканы ұштастырып меңгеруге мүмкіндік беретін дуалды оқыту жүйесі, заманауи цифрлық платформалар, халықаралық тағылымдамалар – жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі.
Түрлі гранттық қолдау құралдары, «Жас маман» жобасы, 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының жаңартылған тұжырымдамасы сияқты мемлекеттік бастамалар да болашақ ел тізгінін ұстайтын азаматтардың кәсіби тұрғыда және жеке өсуінде берік негіз қалап отыр.
Әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамалар да іске асырылып жатыр. Негізгі бағдарламалардың бірі – жас, өршіл, білікті мамандарға елді басқаруға, қатысуға және мемлекеттік құрылымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық позицияларды иеленуге мүмкіндік беретін Президенттік жастар кадрлық резерві. Жас мамандарға ауылдық жерлерге қоныс аудару кезінде қолдау көрсететін «Дипломмен – ауылға», тәжірибесі жоқ түлектердің алғашқы ресми жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары отандастарымыздың еңбек жолын сенімді бастауына ықпал етеді.
Айтпақшы, биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл да өз кезегінде жастардың кәсіби өсуі мен жұмысқа орналасуы үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады.
Бұл игіліктерді тиімді пайдалану әр жастың өз белсенділігі мен ұмтылысына байланысты. Жастар саясаты саласындағы сарапшы, профориентолог Жасұлан Қуандықтың айтуынша, жас буын тек өз құндылығын, қызығушылығын нақты түсініп, нарықты талдай білген жағдайда ғана дұрыс бағытты таңдай алады.
– Көпшілік «жоғары жалақы – беделді мамандық» деген түсінікті ұстанады. Бірақ шын мәнінде, жалақы мамандыққа емес, нақты маманға төленеді. Яғни бір саланы бітірген екі адам әртүрлі табыс табуы мүмкін. Мұндағы басты айырмашылық – жеке қызығушылық, қабілет және өзін-өзі дамыту деңгейінде. Кім өз саласында үздік болса, сол нарықта жоғары бағаланады. Алайда мұны ескермей, жастар кей мамандықтардың атағына не әлеуметтік желілердегі танымал бейнесіне қызығып, таңдау жасайды. Кейін жұмысқа орналасқан кезде мамандықтың нақты міндеті мен бағытын түсінбей, саланың өзіне сәйкес келмейтінін түсінеді. Бұл ретте ата-ананың да орны ерек. Зерттеулерге сүйенсек, ата-аналардың шамамен 75%-ы баласының немен айналысқысы келетінін білмейді. Салдарынан ата-ананың қалауы мен баланың арманы сәйкес келмей, жасөспірімдер өз қызығушылығына сай емес мамандықты таңдауға мәжбүр болады. Бұған қоса ҰБТ нәтижесіне қарай мамандық таңдау да белең алып тұр. Ал еңбек нарығы цифрлық технология әсерінен қарқынды өзгеріске ұшырап, әр 2-3 жылда жаңа сала мен мамандықтар пайда болып жатыр. Сондықтан жас буын мамандықтан бұрын өзін-өзі танумен айналысуы керек. Өзін тапқан адам дұрыс жұмысқа жолығады. Оның үстіне былтыр елімізде жаңа мамандықтар атласы әзірленіп, өңірлер бойынша 5-10 жылда сұранысқа ие болатын салалар анықталды (enbek.kz сайтында қолжетімді). Олардың қатарында IT-технология, ауыл шаруашылығы, техникалық білімді дәрігерлер, бірнеше саланы меңгерген әмбебап мамандар бар, – дейді Ж.Қуандық.
Бұған қоса жастарды мазалайтын ең өткір мәселенің бірі – баспана. Бұл түйткіл «Қазақстан жастары 2024» ұлттық баяндамасында ашып көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекет басшының тапсырмасы негізінде 35 жасқа дейінгі отандастарымызға төмендетілген мөлшерлеме және икемді өтеу шарттары қарастырылған «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұған бюджеттен шамамен 206 млрд теңге бөлінді. Бүгінде ілкімді істе қолдау көрген 7,9 мыңнан аса азаматқа баспаналы болу бақыты бұйырды.
Бағдарламалар тек ірі қалалардың тұрғындарына ғана емес, өңірлердегі жастарға да бағытталды. Оларға тұрғын үйге тең қолжетімділік пен елдің дамуы үшін маңызды болашағы зор орталарда тұрақтауға жағдай жасауға мүмкіндік берілді.
Одан бөлек, республиканың 17 облысында жас мамандарға арналған өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске асырылып жатыр. Берілген қарыздардың жиынтық бюджеті 192 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде, 11,3 мың отандасымыз пәтер сатып алды.
Сондай-ақ бүгінде елімізде кәсіпкерлікке ынталы жастар саны жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік гранттар, бизнес-инкубаторлар, акселерациялық бағдарламалар, оның ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» секілді бастамалар жас кәсіпкерлерге серпін беріп отыр. IT және агротехнология, «жасыл» энергетика, креативті индустрия және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында ел жастары бәсекеге қабілетті жобалар ұсынып, халықаралық нарыққа шығып жатыр. Осылайша, олар ел экономикасының жаңа құрылымын қалыптастырып, тәуелсіздігімізді жаһандық ауқымда нығайтып келеді.
Жас буын еріктілік, қайырымдылық науқандар, экологиялық бастамалар мен мәдени-спорттық шаралардан да шет қалмайды. Мысалы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жаңа маусымының бірінші жартыжылдығына 14 мыңнан аса жас қатысты. Олар түрлі экологиялық челлендждер мен ағартушылық жобаларда белсенді болды.
Мұндай бастамалар жастардың әлеуетін ашып, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Бұл үдерісті жалпы жергілікті жерлерде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын негізгі құрылым – жастар ресурстық орталықтары жүргізеді. Қазір елімізде осындай 234 орталық (15 облыстық, 39 қалалық, 168 аудандық) жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам маман 35-ке дейінгі отандастарымызбен тығыз байланыста еңбек етеді.
– Біздің өңір – еліміздегі ең шағын облыс, жастар саны да аз. Соған қарамастан, жастар ресурстық орталығы ретінде мақсат-міндетіміз үлкен, жоспарымыз ауқымды. Мәселен, «Бірлік» волонтерлік клубының жұмысын қайта жандандырдық. Клуб құрамында бүгінде 300-ге жуық ерікті бар. Жыл басынан бері 100-ге тарта әлеуметтік, экологиялық, қоғамдық маңызы бар іс-шара өткізілді. Одан бөлек, Жезқазған қаласы әкімінің жас кәсіпкерлерге арналған сыйақысы – өңірде өз кәсібін бастағысы келетін жастар үшін үлкен мотивация көзіне айналды. Жыл сайын үміткерлер саны артып, байқаудың бәсекесі қыза түскен. Қазіргі таңда өңірде қалып, туған жерінің дамуына үлес қосқысы келетін жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді басым бағыттарымыздың бірі етіп алдық. Өңірдегі жастарға түрлі бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып отырамыз, – дейді Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Сәкен Қайратұлы.
Жастар – ел ертеңінің стратегиялық капиталы. Сондықтан мемлекет жүзеге асырып отырған түрлі бағдарламалар мен бастамалар олардың кәсіби, шығармашылық және азаматтық әлеуетін ашуға бағытталған. Дегенмен бұл мүмкіндіктердің нақты нәтижеге айналуы тек қолдауға емес, әрбір жас буынның өз ұмтылысы мен белсенділігіне, жауапкершілік деңгейіне тікелей байланысты. Себебі бүгінгі ұрпақ идеясы, серпіні мен талпынысы – ертеңгі еліміздің берік іргетасын қалайтын шешуші фактор.