Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік құрастыру саласын дамыту қажеттігін үнемі назарда ұстап келеді. Үкімет бұл бағытқа жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, күні бүгінге дейін автобус құрастырып келген Қарағандыда енді жүк көліктері де шығарылатын болды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн. Жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керек. Мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттыру қажет», деген еді.
Елімізде коммерциялық және арнайы техника өндіретін бірлескен кәсіпорын құрылды. Кәсіпорын Қытайдың «Sinotruk» компаниясының еліміздегі «Saran Machinery» компаниясымен бірлесуі нәтижесінде іске қосылады. Жоба Үкімет және Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту аясында жүзеге асырылады. Өндірістің жылдық қуаты 10 000 техниканы, оның ішінде HOWO маркалы жүк көліктерін шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, Саран қаласында Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын жаңа зауыт бой көтеріп, HOWO маркалы жүк көлігі және арнайы техника құрастырылады. Бүгінде жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Серіктестік туралы келісімге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Астанада қол қойылған болатын. Жоба сәтімен жүзеге асса, елдегі коммерциялық техника өндірісі жаңа деңгейге көтерілмек. Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңына барып, зауыттың құрылтайшыларымен кездесіп, құрылыс жұмысын бақылап қайтты. Өңір басшысы бұл жобаның өңір экономикасы мен ел өнеркәсібінің дамуына қосар үлесі зор екенін айтып отыр.
– Бұл – Қытай компаниясымен ынтымақтастықтың ірі қадамы. HOWO маркалы техникаға деген нарықтағы сұраныс жоғары. Жергілікті атқарушы билік ретінде бұл іске тікелей араласып отырмыз. Жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуы үшін барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл жоба мыңға жуық жұмыс орнын құрып, заманауи технологиялардың енгізілуіне және өңірдің өнеркәсіптік дамуына ықпал етеді. Зауытта жылына 10 мыңға дейін техника шығару жоспарлануда. Мұнда шанақты коррозиядан қорғайтын және машиналардың қызмет ету мерзімін ұзартатын металды катафорездік өңдеудің еліміздегі алғашқы желісі орнатылады. Жаңа зауыт Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетінің тағы бір рәмізіне айналады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Мамандардың айтуынша, металды катафорездік өңдеу желісі технологиясы көлік шанақтарын тозудан сенімді қорғап, қызмет мерзімін айтарлықтай ұзартады. Жоба жетекшісі Станислав Лидің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңында аяқталуға тиіс. Толық өндірістік циклге арналған жабдыққа тапсырыс берілген. Өндіріс желісін іске қосу желтоқсан айына жоспарланыпты. Келесі жылы шамамен 2 000 техника шығарылып, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғая бермек.
Зауытқа қажетті жабдықтар 2025–2026 жылдары «Өнеркәсіпті дамыту қорының» қолдауымен жеткізіледі. Алғашқы партия – шасси мен кабина құрастыруға арналған жабдықтар биыл қазанда келеді. Келер жылдың екінші тоқсанында бояу және дәнекерлеу цехтарына арналған кешенді қондырғылар орнатылады.
Қарағанды облысы