ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық ұстаздар конференциясында білім мен тәрбие мәселелеріне тоқталып, жас ұрпақты жан-жақты қалыптастыруда отбасы, мектеп және мемлекет арасындағы үйлесімнің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы білім сапасы тәрбиемен тығыз байланысты екенін айтып, бұл екі ұғымды бір-бірінен бөлуге болмайтынын ерекше атап өтті.
«Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Биылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде, соның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады. Президент бұл бастаманы педагог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынды.
«Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ», дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ортақ жауапкершілік.
«Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі, жауапкершілік бәріне – ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан.
«Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде – еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді», деп атап өтті ел Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын тек қоршаған ортаны қорғау шарасы ғана емес, сонымен қатар сана тазалығын қалыптастырудың маңызды қадамы ретінде бағалады.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – осы бағыттағы нақты шараның бірі. Мен бұған дейін де айттым. Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болатыны сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.