Қарағанды облысы, Нұра ауданының Ахмет ауылында өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Енді мұнда төрт құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов, аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңадан ашылған бекет «НуриД» ЖШС аумағында орналасқан. Оның қызметін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ЗИЛ АЦ-4-40 маркалы өрт сөндіру көлігін берді. Арнайы техника өрт сөндіруге қажетті заманауи жабдықтармен толық жабдықталған.Сонымен қоса, бекет 10 дана арқаға асатын өрт сөндіргішпен, ерікті өрт сөндірушілерге арналған арнайы қорғаныш киімі бар үш жиынтықпен, екі аккумуляторлы жоғары қысымды құрылғымен және екі жиынтық жауынгерлік киіммен қамтамасыз етілді. Қызметкерлер үшін диспетчерлік бөлме мен демалыс орны қарастырылған.
Ашылу рәсімінде мемлекет пен бизнестің серіктестігіне де назар аударылды. Ахмет ауылы әкімі аппараты мен «НуриД» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өрт сөндіру бекеті «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында ашылды.