Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі 2025 жылдың алғашқы алты айында $21,8 млрд болды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
2024 жылы қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 9,2%-ға өсіп, $43,8 млрд-қа жеткен еді. Биылғы көрсеткіш екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.
Министрлік мәліметінше, Қазақстан тарапы Қытайға бірқатар жаңа ұсыныс жасады. Атап айтқанда, отандық өнімдерді ҚХР нарығына тиімді шығару үшін импорттық кедендік баждарды төмендету мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Қытайдың ірі онлайн-сауда алаңдарында Қазақстан ұлттық павильондарының аясын кеңейту ұсынылды.
Пекинде өткен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтао арасындағы кездесуде сауда саласын дамытуға қатысты нақты бағыттар талқыланды. Тараптар қазақстандық өңделген өнімдер мен жоғары қосылған құнды тауарларды экспорттау, кедендік рәсімдерді цифрландыру, электрондық коммерцияны өрістету және ДСҰ аясындағы кедергілерді жою мәселелерін қарастырды.
Ал Қытай тарапы өңірлік әріптестікті кеңейтуге дайын екенін білдірді. Ал Қазақстан 2024 жылдан бері алты сауда миссиясын өткізді. Олар Нанкин, Чэнду, Үрімші, Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларында ұйымдастырылып, Цзянсу, Сычуань, Хунань, Шаньдун, Шэньси және Гуандун провинцияларының бизнес өкілдерімен және жергілікті билікпен байланыс орнатылды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасы жылдан жылға артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, кедендік баждарды төмендету және e-commerce саласында ынтымақтастықты арттыру екі елдің экономикалық серіктестігін жаңа деңгейге шығарады.