• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Баға Бүгін, 12:15

Қыркүйекте не өзгереді?

230 рет
көрсетілді

Күздің алғашқы айы жай ғана күнтізбедегі жаңа бет емес, тұрмыс пен қоғам өміріне әсер ететін тың өзгерістер кезеңі болғалы тұр. Біреулердің қалтасын қыспаққа алса, енді біреулерге жаңа мүмкіндік сыйлайды. Күздің қоңыр салқынымен бірге ел ішінде қандай жаңалықтар енетінін тарқатып көрейік.

Баға мен тариф

Қыркүйектен бастап кей өңірлерде электр жарығының тарифі көтерілуі ықтимал. Мәселен, «Атырау Жарық» компаниясы бағаны өсіру жөнінде ұсынысын жіберіп қойған. Құжат мақұлданса, тұрғындардың электр жарығына төлейтін ақшасы артады.

Коммуналдық тарифтерге қатысты да әңгіме көп. Премьер-министр Олжас Бектенов «бағаларды нарықтық деңгейге жеткізу қажет» деген еді. Дегенмен, әзірге IV тоқсандағы жоспарланған қымбаттау кейінге шегерілді. Бірақ халық «қысқа қарай тариф тағы қымбаттайды ма?» деп алаңдап отыр.

 

Аңдушыға жаңа айыппұл

16 қыркүйектен бастап сталкинг, яғни біреуді аңду немесе қудалау үшін қатаң жаза қарастырылды. Бұдан былай мұндай әрекет жасағандар 200 АЕК-ке дейін (шамамен 786 мың теңге) айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа тартылады, тіпті 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Ал егер қудалау күш қолданумен, қорқытумен немесе жеке өмірге қол сұғумен байланысты болса, ол қылмыстық іске ұласады. Бұл – қоғамдағы жеке еркіндікті қорғауға бағытталған маңызды қадам.

 

Үй иелеріне үш түрлі төлем

15 қыркүйектен бастап пәтер иелерінің түбіртегінде үш түрлі жарна пайда болады. Біріншісі – үйді күнделікті күтіп-ұстауға жұмсалатын қаражат. Екіншісі – күрделі жөндеу жұмыстарына арналған қор. Үшіншісі – бейнебақылау, қақпа орнату секілді қосымша жұмыстар.

Жаңа тәртіпке сәйкес төлем көлемі әр пәтердің немесе қойма, автотұрақ секілді нысанның ауданына қарай есептеледі. Бұл өзгеріс тұрғын үйді басқарудағы ашықтықты қамтамасыз етіп, қаражаттың «жоғалып кетпеуіне» жол бермек.

 

Студенттерге сүйінші

Білім қуған жастар үшін қыркүйек жақсы жаңалықпен басталмақ. Студенттік стипендия тағы да көтеріледі. Енді бакалаврлар ай сайын 52,3 мың теңге, магистранттар 117 мың теңге, ал докторанттар 262,5 мың теңге алады.

Бұл – 2020 жылдан бері жалғасып келе жатқан кезең-кезеңімен өсірудің соңғы сатысы.

 

 

Мобильді байланыс

Altel мен Tele2 «Шексіз әлем» атты жаңа қызметті іске қоспақ. Ол арқылы 49 елде жүрген қазақстандықтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және карталарды шектеусіз пайдалана алады. Бағасы үш күнге 2 590 теңге.

Ал Kcell 8 қыркүйектен бастап «New Happy Bonus» қызметінің бағасын 90 теңгеге дейін көтереді. Оның ішінде 150 МБ интернет, 50 SMS және викторинаға қатысу мүмкіндігі бар.

 

Ақша аударымына қатаң бақылау

Енді мобильді аударымдар да қатаң қадағаланады. Егер үш ай ішінде бір адам 1 миллион теңгеден артық ақша аударса, салық органдары оны тексеруге алады.

Бірақ бұл талап туысқандар арасындағы қаржылық көмекке қолданылмайды. Жаңа жүйе қаражат айналымын ашық қылуды көздейді.

 

Мектеп пен колледж

2 қыркүйектен бастап оқушылар жаңа оқу жылына қадам басады. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтындар саны 370 мыңға жуық. Сондай-ақ қыркүйектен бастап мектеп асханалары жаңа Стандарт бойынша тамақтандыру жүйесіне көшеді.

Колледждерде де өзгеріс бар. Енді 9-сыныпты бітірген түлектер үшін жұмысшы мамандықтары тегін оқытылады.

 

Кәсіпкерлерге жаңа талап

15 қыркүйектен бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тәртібі өзгереді. Бұдан былай тұрақты жұмысшы ұстайтын немесе табысы 1,4 миллион теңгеден асатын азаматтар міндетті түрде ИП (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелуге тиіс. Бұл көлеңкелі бизнесті азайтып, салық жүйесін реттеуге бағытталған қадам.

 

Әлемде не жаңалық?

Қыркүйекте Қазақстан шегінен тыс қызықтар да күтіп тұр. Apple компаниясы көптен күткен iPhone 17 моделін таныстырады. Жаңа үлгілердің бағасы 430 мыңнан 672 мың теңгеге дейін болуы мүмкін.

Ал 7 қыркүйекте жер шарының 7 миллиардтан астам тұрғыны сирек кездесетін астрономиялық құбылыстың куәсі болады – толық Ай тұтылуы. Отандастарымыз да бұл ғажайыпты тамашалай алады.