Бораш. Еңбекті сүйген ер, ауылына жанашыр, атымтай жомарт Боранбай Мұқаналиевтің ел ішіндегі екінші есімі осындай. Баршын ауылының өрісіне мыңғырған малын өргізіп, шаруашылығын шалқытып отырған еңбек ардагері – ауылының қамқоршысы.
Боранбай Қасымбекұлы – жақсының жалғасы, тектінің тұяғы. Әкесі Қасымбек – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, «Даңқ», басқа да орден-медальдардың иесі. Айбарлы әкенің тәлімімен жігерін жанып өскен жас жігіт әскерге шақырылған уақытта Ауғанстан жерінде соғыс жүріп жатқан еді. Сол аймақта әскери борышын ойдағыдай өтеп, елге есен-аман оралды. Ауған соғысының ардагері Боранбай Қасымбекұлының да омырауында авиация генерал-майоры «Талғат Бигелдинов», «Сағадат Нұрмағамбетов» медалі, «Интернационалист-жауынгер» төсбелгісі бар. Мұның бәрі – Қасымбек әкенің қанымен келген қайсарлықтың үлгісі.
Ауған даласынан орала сала еңбекке араласып, шағын малмен шаруашылық құрады. Сол қысы-жазғы қып-қызыл бейнеттің, маңдай тердің өтеуі – өрісі толған малы. Бала кезінен малсақ болып өскен азамат үйір-үйір жылқысының түсін түстеп тани алады. Сөйтіп, Боранбай Қасымбекұлының мұқалмас жігерімен «Мұқаналиев» фермер қожалығы аудандағы іргелі агрокешенге айналды.
«Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мал шаруашылығын дамытуда жеңілдетілген несиелер, ірі қара малға субсидиялар беру, техниканы лизингке алу ісі дұрыс жолға қойылған. Соларды шаруалар ұтымды пайдаланса болғаны. Осы қолдаулар арқылы шаруашылыққа жаңадан 5-6 мал қора салдық. Өзім «Сыбаға» бағдарламасымен 100 ірі қара алып, өсіріп отырмын. Байқау арқылы жалға жер алып, жайылымды кеңейттік. Малдың тұқымын асылдандыру мәселесі де қолға алына бастады. Бес бас асыл тұқымды бұқа әкелінді. Жалпы, асыл тұқымды бұқа сатып аламын деген шаруаға мемлекет тарапынан болатын көмек қазір қомақты. Субсидия арқылы оның құнының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Астанаға жақын маңайдан жер алып, мал бордақылау алаңын салдық, ол да өз жемісін беріп жатыр», дейді шаруашылық басшысы.
Мал баққанға бітеді. Шаруаның басы-қасында Боранбай Қасымбекұлының өзі жүреді. Ат мініп, өрісін аралап, төрт түлігін түгендемесе, көңілі көншімейді. Өмір бойғы салты солай. Содан да болар, еңбегі жанды, бейнеті бағын да, барын да еселеді.
Ауылды күл-қоқыстан тазалау, су құбырлары істен шығып қалса, оны жөндеу секілді шаруалар Боранбай мырзаның демеушілігімен жүзеге асады. Мұнымен қоса, ауылда қаңырап қалған ғимаратты өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге спортзал ашып берді. Қазір ауыл балалары бокс, күрес секцияларына барып жүр.
Ауылындағы тоқсан жастағы ананың ескі үйін сүріп, жаңа үй салып берген сақи да өзі. Ауылдың мектебіне, ауруханасына үнемі көмектеседі. Әлеуметтік топтағы ағайынға жыл сайын тегін соғым береді. Былтыр Нұра ауданының 90 мұқтаж отбасына ет таратты. Одан бөлек, мал сою алаңын салып, қолданысқа берді. Ауыл зиратын қоршатты. Нұра өңіріндегі мәдени, спорттық іс-шараларға үнемі демеушілік көрсетеді. Пандемия кезінде ауылын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Мал жайылымындағы су шайып бұзылған екі бөгетті қалпына келтірді. Көрші Тікенекті ауылындағы мешіттің құрылысына қаржылай көмек көрсетті. Ауылына көшіп келгендерге де қарайласады. Соғымын, жемшөбін, керек болса алдына малына дейін салып береді.
Боранбай Қасымбекұлы аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты. Ел аманатын орындау мақсатында Астана, Қарағандыға жиі қатынап жүріп, ауылға «Билайн» мобильдік байланыс жүйесін орнатып берді. Міне, бұл атымтай азамат жасаған жақсылықтың біз білетін бір парасы ғана.
Зайыбы Зәуре Қазанбайқызы – мемлекеттік қызметтің қазанында қайнаған жан. Қазір құрметті еңбек демалысында. Қызмет еткен жылдары ауылының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елдің батасын алған. Зәуре Мұқаналиеваның еңбегі жанып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының «Үздік ашық әкім» аталымын жеңіп алған. Теңіз өңіріне өркениет сыйлаған әкім ретінде есімі ел аузында. Ол әкім болып тұрған тұста атқарылған жұмыс аз емес. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көшелер асфальтталды. 284 жарық шамдары қойылды. Ауылдың полиция бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Екі электр трансформаторы алынды. Төрт бірдей елді мекенге балалар ойын алаңы орнатылды. Ауыл жастарына арналып коворкинг орталығы ашылды. Ауруханаға жаңа жылыту қазандығы қойылды. Жедел жәрдем көлігі, мектеп балаларын тасымалдауға автобус сатып алынды.
Мұнымен қоса, жас мамандарға екі пәтерлі үй салынған. Екі бірдей дөңгелек жөндеу шеберханасы мен наубайхана, дәмхана ашылып, қазір ауыл халқына қызмет көрсетіп отыр. Осындай игілікті істің бәріне Зәуре әкім ұйытқы болды. Оған басты қолдауды әрине, асыл азаматы Боранбай Қасымбекұлы көрсетті.
Жары Зәуреш екеуінің осыдан қырық жыл бұрын құрған шаңырақтары бүгінде үбірлі-шүбірлі әулетке айналған. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Бәріне еңбекті ертеден үйреткен екеуі балаларының, немере, жиендердің қызығына кенеліп отыр.
Маңдай тер түбі төрге шығарады. Еңбегімен еңселі Боранбай Қасымбекұлы абырой биігінде, құрметтің төрінде. Кеудесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі жарқырайды. Нұра ауданының құрметті азаматы.
Теңіз өңірінің өркендеуіне телегей үлесі бар Баршын бағланының жүрегі осылайша «ауылым» деп бүлкілдейді. Ардақты азаматты ауылы да сәйкесінше алақанына салып отыр. «Бұдан асқан қандай бақыт бар?» дейді атпал азаматтың өзі.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы,
Баршын ауылы