• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:35

Инфрақұрылым жақсарып, туризм дамып келеді

20 рет
көрсетілді

Жыл басында өткен Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің әр айма­ғында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген турис­тер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес», дей келе, жеке инвес­­торларды да тарта оты­рып, қа­жетті инфра­құрылым салу жұмысын қар­қынды жүргізуді тап­сырған еді.

Осы орайда Түркістан облысында туризм саласына инвести­ция тарту жұмыстары қарқын­ды жүргізіліп жатқанын айта кетелік. Негізгі капиталға тар­тыл­ған инвестиция көлемін жыл соңына дейін 55,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған болса, ол 6 ай қорытындысымен 33 млрд тең­геге орындалды. Яғни жоспардың 59%-ын құрап отыр. Биыл туристік инфра­құры­лымды дамытуға бағыт­талған инвестиция көле­мі де айтарлықтай артып отыр. Нақ­ты айтқанда, туризм сала­сындағы негізгі капиталға тар­тылған инвестиция көлемі 33 млрд теңгеге жеткен. Бұл қа­ражат жаңа туристік нысан­дардың құрылысын жүргізуге, инф­рақұрылымды жаңғыртуға және сервистік қызметтердің сапа­сын арттыруға бағытта­лып отыр. Жаңадан бой көтеріп жат­қан нысандар қатарында «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» сияқ­ты қонақүйлер мен «Бола­шақ құ­ры­лыс» ЖШС-ның демалыс аймағы бар. Жобалар іске қосылған соң, өңірде қыз­мет көрсету сапасы едәуір жақ­са­рып, туристер санының өсуіне ықпал етуге тиіс.

Жалпы алғанда, биыл облыста 27 инвес­тициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде қаржы тартылып, нәтижесінде, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар туристік инфрақұрылым саласында 11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба жүзеге асырылады. Осы жобалардың барлығы туризмді экономиканың драйвер саласына айналдыруға бағытталған.

Облыста туризм саласын дамыту жөнінде 2025–2029 жыл­дарға арналған қадамдық жос­пар бекітіліп, жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі туризм саласын жандандыру бағытындағы жұ­мыстар сараланып, өзекті мәсе­лелер мен алдағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне бекітілген индикаторларды мерзімінде орындау керектігін ескертіп, жауапты сала басшыларына қызмет сапасын арттыру, туристік орындарды абаттандыру, инвестиция тарту бойынша бірқатар тапсырма берді. Облыстық туризм басқармасының мәлі­метінше, жыл соңына дейін ішкі турис­тер санын – 350 мың, шетелдік туристер санын 18 мың адамға жеткізу жоспарланған. Қазіргі көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 166,2%-ға артқан. Ал e-qonaq платформасында облыстағы шетелдік туристердің саны 2025 жылдың 6 айында 23,6 мың адамды құрады. Өткен жыл­дың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш 2 есеге артқан. Орналастыру орын­дарының нөмірлік қорларын арттыру бойынша бүгінде тө­сек­тік орындар саны 10 219-ға жетіп, бекітілген индикатор 126,4% орындалған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Төлеби ауданында орналасқан демалыс орындарының саны 118-ден 194-ке, ал Сарыағаштағы шипажайлардың саны 63-ке жетті. Облыстық туризм басқар­масының мәліметінше, 2029 жылға дейін өңірдегі туристер санын 1 млн адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған. Туристік инфрақұрылым ауқы­мы жылдан-жылға артып келе жатқан облыста 245 қонақүй, 298 демалыс орны мен 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Аталған нысандар тек туристерді қабылдаумен, оларға қызмет көрсетумен шектелмей, сонымен қатар мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша табиғи нысандарға келушілер саны 80,2 мың адамды құраса, тарихи орындарға келгендер саны 520,7 мыңға жетті. Бұл көрсеткіштер халықтың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығы артып келе жатқанын білдіреді. Өңірде шетелдік туристердің ағыны да артып келеді. Қытай, Жапония, Германия, Италия елдерінен ке­летін туристер саны өсіп отыр.

Облыста орналасқан ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар­да туристік-рекрациялық мақ­сатта 30 туристік соқпақ пен маршрут құрылған. Со­ның бірі – ­«Ақсу-Жабағылы» қо­ры­ғы. Қорық аумағында 10 ту­рис­­тік соқпақ отандық және ше­­­телдік турис­терге сапалы қыз­­­мет көрсетіп келеді. Бұл соқ­­­пақтар арқылы таулардың әсем табиғатын, өсім­діктер дү­ниесін тамашалап қана қой­май, жабайы жануарларды да жиі ұшыратуға болады. Атап айтқанда, жабайы шошқа, Сібір тауешкісі, Түркістан сілеусіні сияқты тағы басқа аңдар осы қорық аумағында мекен ете­ді. Сондай-ақ мұнда сирек кез­десетін жануарлар – Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау еш­кісі, Тянь-Шань және Қаратау ар­қар­лары және қар барысын кез­дестіруге болады. «Ақсу-Жа­ба­ғылы» мемлекеттік табиғи қо­рығы 1926 жылы құрылған, яғни келесі жылы қорыққа 100 жыл толады. Аталған табиғи қо­рықтың бір бөлігі кіретін Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған Жібек жолының күретамыр даңғылы өткен жер. Өлкенің тұмса таби­ғаты қан­шама ақын өлеңіне, сурет­ші­лердің қылқаламына арқау бол­ды. Таулы аймақ та­мыл­жы­­ған табиғатымен ғана тар­тым­ды емес, тарих куәсі, өрке­ниет­тің­ жәдігер мұраларына өте бай. «Ақсу-Жабағылы» аудан аумағында экотуризмнің дамуына ықпал етіп отыр. Талас Алатауы мен Өгем таулары­­­ның солтүстік-батыс сілемдерінде ор­наласқан қорықтың құрамы­на «Әулие» және «Қара­бастау» палеонтологиялық бө­лімдері кіреді. Экологиялық туризм бағытында Төлеби ауданында Ақсу-Жабағылыдан өзге Қасқасу, Сайрам-Өгем бағыт­тарындағы туристік маршрут­тар кеңейтіліп, туристерге таби­ғатпен етене танысуға мүмкін­дік жасалған. Биылғы жарты­жылдықта ауданға келген ту­рис­тер саны 22 мыңнан асқан. Олардың дені табиғат аясын­да серуендеуді, жаяу туризмді, тауға шығуды және этнотуризм бағыттарын таңдаған. Бұл – бір жағынан аудан экономикасына пайда әкелсе, екінші жағынан тұр­ғындардың табиғатты сақ­тауға деген жауапкершілігін арттырады. Жауапкершілік де­мекші, биыл қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар маңызды жұмыс атқарыл­ды. Аудандық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бөлімінің деректеріне сүйенсек, көктемде жалпы ауданы 120 гектардан астам жерге ағаш көшеттері, 1 500-ге жуық түп қылқан жапырақты және же­міс ағаштары отырғызылған. Ал биыл туризм саласына 150,5 млн­ теңге көлемінде инвестиция тар­ту жоспарланған Түлкібас ауда­нының Ақсу шатқалын­да әлем­дік тәжірибеге сүйене оты­рып экотуризмді дамыту қол­ға алынып отыр. Әлемде сирек кез­десетін, Қазақстанның Қы­зыл кітабына енген «Грейг» қызғал­дағы Шұбайқызыл шоқы­сында көктем сайын жайқалып, отандық және шетелдік турис­тер­дің сүйікті мекеніне айнал­ған. Көктем айларында бұл алқап­ты тамашалауға келетіндердің қа­та­ры жылдан-жылға арта түс­­кен. Осы орайда туристерге қо­­­лай­лы жағдай жасау үшін арнайы эскиздік жобалар әзір­­ле­­ніп, инфрақұрылым тарту, эко­ло­гиялық талаптарға сай демалыс аймағын қалыптастыру бағы­тында ұсыныстар дайындау сала мамандарына жүктеліп отыр.

Облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында басқарма тарапынан Халықаралық туризм альянсына мүшелікке ұсыныс берілген. Биыл қараша айында мүшелікке қабылдануы тиіс. Сондай-ақ Қытайдың Шанхай қаласында Түркістан облысының туризмін таныстыра­тын «Визит Түркістан» ақпараттық орталығы ашылған. Түркия елінің «Аlbayrak Media Group», «Аnadolu», TURSAB ұйымдарымен байланыс орнатылып, Түркияда Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. Одан бөлек, отандық және шетелдік байланыс жұмыстарының нәтижесінде тұрақты түрде 18 туристік компаниямен серіктестік орнатылып, аталған компаниялар облысқа нау­рыз-маусым айларының ара­лы­ғында 19 650 туристі алып келді.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар