Астана қаласы әкімдігі қала және аудандарда тазалыққа қатысты мониторинг жүргізіліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Қазіргі таңда қала бойынша 207 қоқыс үйіндісі жойылып, 270 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Жұмысқа 149-дан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Байқоңыр ауданында – 53 үйінді жойылып, 25 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Есіл ауданында – 54 үйінді жойылып, 82 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сарыарқа ауданында – 16 орыннан 19 мың тонна қоқыс жиналды. Сарайшық ауданында – 32 үйінді жойылып, 32 мың тонна қоқыс шығарылды. Алматы ауданында – 28 үйінді жойылып, 20 мың тонна қоқыс шығарылды. Нұра ауданында – 24 нүктеден 99 мың тонна қоқыс шығарылды.Айта кетейік, рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастаған жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (393 200 теңгеден 3 млн 932 мың 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан құқық бұзушылық жасаған жағдайда 200-ден 2000 АЕК-ке дейін (786 400 теңгеден 7 млн теңгеден астамға дейін) айыппұл қарастырылған.
2025 жылдың жеті айында Полиция департаменті қоғамдық орындарды ластағаны үшін (ӘҚБтК 434-2-бабы) 11 250 құқық бұзушыға 380 млн теңгеден астам айыппұл салған. Сондай-ақ қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін (ӘҚБтК 505-бабы) 19 570 адамға 34 млн теңге айыппұл салынған.