• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 20:50

Татарстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

20 рет
көрсетілді

26 тамыз күні Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қойылым Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының гастрольдік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.

Абай атындағы ҚазҰТОБ тәуелсіздік жылдарынан бері Қазан қаласына алғаш рет гастрольдік сапармен келді. Труппаның құрамында әйгілі сахна шеберлері, симфониялық оркестр, хор, балет әртістері мен техникалық мамандар бар. Барлығы 250 адамнан тұратын ұжыммен бірге 16 тоннадан астам бірегей декорациялар мен костюмдер жеткізілді. Қазан көрерменіне әсерлі қойылым ұсынылды.

Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева мен Болат Бүкенов, сондай-ақ жетекші солистер Оксана Давыденко, Мақсат Саматов, Евгений Шагаров орындады. Дирижерлік пультте – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰТОБ-тың бас дирижері әрі 18 жылдан бері татар опера театрында еңбек етіп келе жатқан Нұржан Байбусинов болды. Қазан көрерменіне Гүлзат Дәуірбаева да жақсы таныс – ол жеті жыл бойы татар сахнасында табысты қызмет еткен.

Қаладағы әуежайдан бастап негізгі орындарға дейін жарнамалық баннерлер мен бейнероликтер ілінді. Премьера күні театрда толық зал – аншлаг болды. Қазақстаннан келген труппаның қойылымына қызығушылық зор болды. Қазанда дәл осы кезеңде «Жаңа толқын» халықаралық байқауы сияқты мәдени шаралар өтіп жатқанына қарамастан, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» премьерасына билеттер санаулы күн ішінде түгел сатылып кетті.

Опера оқиғасы Алтын Орданың құрылу кезеңіне арналып, басты кейіпкер ретінде Жошы ханның жары, хан Беркенің анасы – Хан Сұлтан бейнесі алынған. Ол өз парасаты мен саяси көрегендігі арқылы Жошы Ұлысының ірі тұлғаларына ықпал еткен тарихи тұлға ретінде көрсетілді.

Жобаға түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары елеулі үлес қосты. Ғылыми кеңесшілер қатарында Алтын Орда мен татар хандары тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев, Ыстамбұлдағы Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоғлу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев болды.

Жобаның авторы – Айнұр Көпбасарова. «Хан Сұлтан» операсы драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде жазылып, Маралтай Ыбыраевтың сахналық нұсқасында ұсынылды. Қоюшы-режиссер – Италиядан келген Давиде Ливерморе. Ол әлемдік деңгейдегі танымал әншілер және режиссерлермен жұмыс істеп, Ла Скала, Рим, Турин, Генуя театрларында спектакль қойған.

Қоюшы-дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов. Қойылым классикалық опера жанрында жазылғанымен, заманауи технологиялар кеңінен қолданылды. Сахналық көріністе бейнемазмұн ерекше шешіммен енгізіліп, көрерменге жаңа әсер сыйлады. Сондай-ақ өмірдің символы саналатын терек бұтағы ерекше сахналық деталь ретінде қолданылды.