Еліміздің бүгінгі Конституциясы – жаңарған заман талабына сай жасалған құжат. Ата заңымызда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, билік тармақтарының бөлінісі, мемлекет пен қоғам арақатынасының өркениетті формасы құқықтық мемлекет пен демократиялық институттардың дамуына жол ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кейінгі жылдары Ата заңға енгізілген өзгерістер елді түбегейлі жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды.
2022 жылдың 5 маусымында өткен жалпыұлттық референдумда халықтың 77%-ы Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдап дауыс берді. Нәтижесінде, Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізіліп, 20-дан аса жаңа түзету бекітілді. Ол ел дамуының жаңа белесіне жол ашты. Конституциялық реформалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, Парламент пен азаматтық қоғам рөлін күшейтті. Билік пен халық арасындағы байланыс нығайды. Парламенттің өкілеттігін кеңейтті, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының рөлін арттырды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты қалыптасып, «Жаңа Қазақстан» құрудың негізі қаланды.
Аталған қағидат аясында еліміз жаңа саяси дәуірге қадам басты. Реформалар елдің саяси құрылымын түбегейлі өзгертті. Ол бойынша Президенттің өкілеттігі шектеліп, ол енді жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланатын болды. Отбасылық-туыстық билікке тосқауыл қойылды. Парламенттің рөлі күшейді. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының аралас сайлау жүйесі бойынша сайлануы халықтың өкілдік деңгейін көтерді. Конституциялық сот құрылып азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей осы органға жүгінуге мүмкіндік алды.
Конституциялық соттың рөлі артып, азаматтар мен институттардың құқықтық қорғанысы жаңа деңгейге көтерілді. Электрондық үкімет пен цифрлық технологиялар арқылы сот процестеріне қатысудың ашықтығы мен қолжетімділігі артты. Конституциялық сот деректері бойынша аталған сотқа 2022 жылдан бастап 200 мыңнан аса азамат құқықтық кеңес алу үшін жүгінген.
Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің басты мақсатымыз – әділетті Қазақстан құру. Бұл үшін ең алдымен Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету қажет», деген сөзі реформа мәнін аша түседі. Конституциялық тұрақтылық арқасында ел экономикасы 1995 жылдан бері бірнеше есе өсті. Халықаралық инвестициялар тартылды, ауыл шаруашылығы мен өңірлік даму салаларына жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Экономикалық салада квазимемлекеттік сектордағы монополиялардың шектелуі оң өзгерістерге жол ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етті. Ауыл шаруашылығына қолдау күшейіп, кооперативтер мен фермерлік шаруашылықтарға арналған субсидиялар көлемі артты.
Әлеуметтік салада азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдері күшейтілді, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі артты. Әйелдер мен жастарды саяси үдеріске молынан тарту мақсатында депутаттық мандаттардың 30%-ы осы топтарға бөлінді.
Жергілікті басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Жолдар жөнделіп, су және электр желілері тартылып ауыл инфрақұрылымы жаңартылды. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар тартылуы арқасында ауыл шаруашылығы өнімдері сапаланды.
Ата заңға жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма енгізілді. Бұл қадамдар елдің саяси мәдениетін, демократиялық ұстанымын нығайтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша ел халқына жасаған Үндеуінде: «Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді», деп атап көрсетті.
2022 жылғы конституциялық реформа еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін берді, ауыл мен ауыл шаруашылығына да оң әсерін тигізді. Ауылдар өркендеп, халықтың әл-ауқаты артты. Бүгінде жер ресурстарына әділетті қол жеткізу, кооперацияны заңмен қорғау, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау, ауыл инфрақұрылымын жаңарту нақты нәтиже беріп жатыр. Ендігі алда тұрған міндет – осы жетістіктерді одан әрі нығайтып, еліміздің дамуын жалғастыру.
Біз, «Ауыл» партиясы, бұл өзгерістерді нағыз халықтық жаңғырудың бастауы деп білеміз. Себебі Конституциялық реформа тек саяси жүйені өзгертпейді, ол елдің өміріне жан бітіреді, ауыл мен аймақтардың тынысын ашады. Ата заңда көрсетілген әлеуметтік мемлекет қағидаты ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, аграрлық саладағы әділдік пен қолдауды қамтамасыз етуге міндеттейді. Осы орайда кейінгі жылдары қабылданған заңнамалар мен ұлттық жобалар ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, жол, мектеп, медицина, цифрлық қызметтерді дамытуға бағытталды.
Бүгінгі Конституция ауыл шаруашылығы субъектілерінің меншігін, құқықтарын, жер пайдалану мен кәсіпкерлік еркіндігін қорғауға кепілдік береді. Біз осы бағытта нақты ұсыныстар мен бастамалар көтеріп, аграрлық заңнамаларды жетілдіру, кооперацияны дамыту, отандық өнім өндірушілерді қолдау жолында белсенді жұмыс атқарып келеміз.
Бұл өзгерістер – ауыл өміріне тың серпін беретін бастамалар. Себебі ауыл – әлеуметтік әділеттің индикаторы. Егер ауыл дамыса, әділет орнайды. Ауыл әлсіз болса, мемлекет те әлсірейді. Жаңа Конституция ауыл тұрғындарының жерге деген құқығын нақтылап, мемлекеттік қолдаудың әділетті бөлінуін қамтамасыз етіп, кооперация, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығына қатысты шешімдерге қатысуына мүмкіндік берді.
Ауылдағы білім, медицина, интернетпен қамту, жол, ауызсу мәселесі – Конституциялық міндет. Бүгінгі таңда «Ауыл» партиясының депутаттық корпусы жергілікті жерлердегі түйткілдерді шешу бағытында парламенттік бастамалар мен нақты заң жобаларын ұсыну арқылы ауыл шаруашылығы, аграрлық кооперация, азық-түлік қауіпсіздігі, аграрлық ғылым мәселелерін тұрақты көтеріп келеді.
Конституцияда бекітілген ұлттық бірегейлік, ана тілі мен мәдени мұраны сақтау ауылсыз мүмкін емес. Ауыл – ұлттық рухтың, салт-дәстүрдің, ата кәсіптің, тіл мен ділдің алтын бесігі. Ата заңымыздың 1-бабында атап көрсетілгендей, еліміздің басты байлығы – адам және оның құқықтары. Осы құқықтар ауыл тұрғынына да толықтай қолжетімді болуы қажет. Біз ауыл мәдениетін, ұлттық идеология мен рухани тәрбиені дамытуды басты басымдықтарымыздың бірі деп білеміз. Сол себепті біз ауыл мектептері мен мәдени орталықтарын, отбасылық шаруашылықтар мен кооперацияны сақтауды ұлттық идеология ретінде ұсынамыз.
Жалпы, халықтың тұрмысын түземей, мемлекеттік тұрақтылықты сақтай алмаймыз. Сондықтан да біз алдағы уақытта Ата заңда бекітілген әлеуметтік әділет, экономикалық теңдік, азаматтық белсенділік қағидатын ауыл тұрмысында толық жүзеге асыру үшін күрес жүргізе береміз. Конституцияға сүйене отырып әділетті қоғам, бәсекеге қабілетті экономика және біртұтас ұлт қалыптастыру жолында халқымызға адал қызмет етуді жалғастырамыз.
Бүгінгі Конституция – қазақ даласында ежелден қалыптасқан құқықтық сана мен мемлекеттік басқару дәстүрінің, тайпа ішінде тәртіп орнатып, әлеуметтік қатынастарды реттеген Ғұн және Сақ дәуіріндегі жазылмаған дала заңдарының; Түрік қағанатының «Төре» заңдарының; Орталық Азиядағы құқықтық жүйенің үлгісіне айналған Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңының; Қазақ хандығы кезіндегі ел басқару, жер дауы, жесір дауы, құн төлеу, руаралық қатынас, әскери міндеттер нақты белгіленген құқықтық нормалар – Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» заңды жалғасы. Бұл – тек құқықтық құжат қана емес, тарихи тәжірибе мен мемлекеттілік рухының сабақтастығы. Еліміздің құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуындағы аса маңызды тарихи белес.
Бұл 30 жыл – тек мерейтой емес, 30 жыл – біздің мемлекет ретіндегі өсуіміздің, қиындықтарды жеңуіміздің, алдағы мақсаттарға жетуіміздің куәгері. Осынау мерейлі белесте біз Ата заңның әр сөзі ел мүддесіне жұмыс істеу үшін күш-жігерімізді аямаймыз. Алдағы уақытта да ондағы әр норманың толық жүзеге асуы үшін осы құндылықты қорғап, дамыту жолында еңбек етеміз.
Ата заңды ардақтау – болашаққа деген берік сенімнің бастауы. Конституцияны білу, оны қорғау – әрбір азаматтың борышы.
Серік ЕГІЗБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы