• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Кеше

Бейжіңде тұңғыш рет Қазақстан мәдени орталығы ашылды

30 рет
көрсетілді

Бүгін Қытай астанасы Бейжің қаласында тарихта тұңғыш рет Қазақ мәдени орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп жазады Egemen.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл оқиғаның мән-маңызына тоқталып, екі ел арасындағы келісімнің нәтижесінде жүзеге асқанын атап өтті.

«2022 жылы екі елдің президенттері деңгейінде Бейжіңде Қазақ мәдени орталығын, ал Астанада Қытай мәдени орталығын ашу жөнінде шешім қабылданған болатын. Екі елдің министрліктері бірлесіп атсалысып, бүгін сол келісімнің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл – тарихи оқиға. Өйткені Бейжің қаласының қақ ортасында қазақ мәдениеті мен мұрасын таныстыратын орталықтың ашылуы – біздің өнерімізді, әдебиетімізді, кино саламызды кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік береді», — деді министр.

Орталықтың құрылымына мыңнан астам кітапты қамтитын шағын кітапхана, қазақ тарихы мен қолөнерін, зергерлік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілерін таныстыратын мұражайлық бұрыш, көрме және кинозал кіреді. Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге арналған екі оқу сыныбы ашылды.

Аида Балаеваның айтуынша, бұл орталық тек мәдени көрме орны емес, кешенді жобаларды жүзеге асыратын алаңға айналады.

«Мұнда келушілерге ұлттық музыка, соның ішінде домбыра өнері де насихатталады. Әдебиетімізді, тарихымызды жан-жақты таныстыруға мүмкіндік бар. Қазақтың мәдениеті Бейжің төрінде лайықты түрде көрсетілетін болады», — деді министр.

Осылайша, Бейжіңде ашылған Қазақ мәдени орталығы екі халық арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетіп, Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтермек.