• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Көші-қон тәртібін жүйелеу – өзекті мәселе

30 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жаңа саяси маусымдағы алғашқы жалпы отырыс өтті. Депутаттар Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ сапарлар мен азаматтардың болу тәртібі туралы екі келісімді ратификациялау жобасын қарады. Тиісті комитеттер бірқатар заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Цифрлық кодекстің мақсаты не?

Жалпы отырыс жаңа депутаттың ант беруімен бас­талды. Орталық сайлау комиссия­сының қаулысына сәйкес, «Ақ жол» демо­кратиялық партиясынан Олжас Елтайұлы Нұралдинов Мәжіліс депутаты ретінде тіркелді. Ол бұл мандатты партия ішіндегі ротация тәртібі бойынша депутат Ержан Бейсенбаевтың өкілеттігінің тоқтатылуына байланыс­ты иеленді. Ант бергеннен кейін Олжас Нұралдинов Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің құрамына сайланды.

Содан соң Мәжілістің тиісті комитеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сайлауды жетілдіру мәселелері жөніндегі ілеспе түзетулер, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюд­жет туралы, республикалық және облыс­тық бюджеттер, республикалық маңы­зы бар қалалар, астана бюджеттері арасын­дағы 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Бұған қоса Мәжіліс қарауына Цифр­лық кодекс жобасы мен ілеспе құжат­тардың жо­басы келіп түсті. Құжат­ты депутат Нұр­тай Сабильянов таныстырды. Жаңа кодекс Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген.

– Цифрлық кодекстің жобасы 10 тараудан тұрады. Бұл құжат жобалары цифрлық орта­дағы қатынастарды, оның ішінде құқық­тық қатынастар объектілерінің түр­лері, цифрлық орта субъектілері, цифрлық сәйкестендіру және бақылау, тәуекелдерді басқару бойынша мәселелерді реттеуге, цифрлық ортада жеке адамның, қоғам­ның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуге бағытталған. Бұдан басқа ілес­пе заң жобаларында мемлекеттік қыз­мет көрсетудің қағидаттарын айқындау және сақтау жөніндегі толықтырулар, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделіп отыр, – деді Н.Сабильянов.

Депутаттардың дауыс беруімен Қазақ­стан мен Марокко арасындағы ұстап беру және қылмыстық істер бойынша өзара құ­қықтық көмек, сотталған адамдарды беру тура­лы үш келісімді ратификациялауға ар­налған заң жобалары да жұмысқа алынды.

 

Қазақстан мен Армения заңсыз көші-қонмен бірлесе күреседі

Әрі қарай Мәжіліс былтыр сәуірде Ереван қаласында жасалған Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Ол көші-қон саласындағы екі елдің құзырлы органдары арасындағы қарым-қатынасты реттеуге және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Қазақстан тарапынан құзырлы органдар – Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Армения жағынан – Полиция және Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және азаматтық қызметі болады.

Келісім шеңберінде тараптар статисти­калық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпа­ратпен, тараптардың аумақтарында орна­ласқан мемлекеттердің азаматтары ту­ралы мәліметтермен алмасуға, сон­дай-ақ тарап­тардың аумағында азаматтардың бо­луы­на қатысты құқықтық мәселелерін қа­рас­­тыруға және ынтымақтастық үдерісін­де туындайтын мәселелер бойынша кө­мек көрсетуге келісті. Бұл ақпарат елдерге қос азаматтықпен күресу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет.

Сондай-ақ екі ел азаматтары үшін виза­лық режім жойылады. Яғни бұдан былай Қазақстан мен Армения азаматтары екі ел арасында визасыз жүре алады. Дегенмен елде 30 күннен аса уақыт болған жағдайда полицияда тіркелу міндеті енгізіліп отыр. Бұған дейін олар 90 күн бойы тіркеусіз бола алатын. Бұл өзгеріс көші-қон бақылауын күшейтуге бағытталған.

Құжат төңірегінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, келісім ұлттық заңнамаға сәйкес 90 күннен аса уақытқа қалғысы келетіндерге уақытша тұруға рұқсат алу мүмкіндігін де қарастырады. Жыл басынан бері елге 12 мыңға жуық Армения азаматы келіпті.

Айтпақшы, құжат елге кіру үшін қажетті құжаттардың тізбесін жеңілдетеді. Армения азаматтары Қазақстанға сәйкестендіру картасымен кіре алады, Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алады. Министр бұл тәжірибе Қазақстан азаматтары Ресей мен Қырғызстанға жеке куәлікпен кіретін тәртіпке ұқсас. Жаңа шара визасыз сапарларды жеңілдетіп қана қоймай, паспорт рәсімдеу шығынын да азайтады.

Жиында қос азаматтық мәселесі көтеріл­ді. Өйткені 8 айда республика көлемін­де осындай 682 факт тіркелген. Бұған депутаттар алаңдаушылық білдірді. Депутат Болатбек Нажметдинұлы еліміздегі кейбір адамдар басқа мемлекеттің азаматтығын алғанын жасырып, Қазақстан азаматының құқығы мен барлық жеңілдіктерін емін-еркін пайдаланып жүргенін айтты.

– Қос азаматтығы бар адамдар анықтал­ған жағдайда да жауапкершілік тек айыппұлмен шектеліп жатады. Мен депутат ретінде мұндай деректер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты бастама көтермекпін. Бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігі қолдай ма? – деп сұрады ол.

Өз кезегінде министр бұл ұсынысты талқылауға дайын екенін жеткізді.

Ал депутат Самат Мұсабаев көші-қон тәртібіне қатысты мәселе көтерді.

– Қазақстан азаматтары визасыз режімге қарамастан, Грузия немесе ҚХР сияқты мемлекеттерге барған кезде міндетті түрде қонақүйлер мен ресми тіркелген орындарға жайғасуы талап етіледі немесе кіргізуге негізсіз бас тарту мен оларды кері қайтару да орын алып отыр. Біздің елге келген Қытай азаматтарының басым бөлігі пәтерлерге қоныстанып, кейде екі бөлмелі пәтерге ондаған адамнан жайғасатыны жөнінде деректер бар. Бұл – қауіпсіздік пен көші-қон тәртібіне қатысты тікелей мәселе. ІІМ мен СІМ осыны қалай қадағалап отыр? Біз туризмді дамытуымыз керек пе әлде бақы­л­ау­сыз көші-қонға жол береміз бе? Шын мә­нінде, біз есікті айқара ашып қойған жоқпыз ба? – деп сұрады депутат С.Мұсабаев.

Ержан Сәденов мұндай фактілер бар екенін, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі еке­нін, Сыртқы істер министрлігімен бірлесе жұмыстық топта талқылайтынын жеткізді.

 

Қауіпсіздік пе, әлде табыс көзі ме?

Жалпы отырыстағы негізгі мәселе­лер қаралған соң, депутаттық сауалдарға кезек берілді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов көліктерді техникалық тексеруден өткізу жүйесіндегі олқылықтарды тізбектеді.

– Қазақстанда міндетті техникалық байқау жүйесі шынайы көлік қауіпсіздігін емес, белгілі бір мүдделі құрылымдардың қаржылық табысын қамтамасыз ететін тетікке айналған. Ішкі істер министрлігі­нің деректері де соны дәлелдейді. Биыл тіркелген 12 мың жол апатының төртеуі ғана, ал былтырғы 31 мың апаттың небәрі 17-сі көліктің техникалық ақауынан болған. Демек жол-көлік апаттарының басты себебі жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына тікелей байланысты. Бүгінде елімізде 6,2 млн көлік бар, оның 4,9 млн-ы жыл са­йын міндетті техникалық тексеруден өтуге тиіс. Өткен жылы 3,5 млн-ы байқаудан өтсе, ал осы жылы алғашқы тоқсанында 1,5 млн көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңгеден есептегенде, саладағы операторлардың бір жылдық табысы 17 млрд теңгені құрайды. Тексеріс жүйесінің көлеңкелі тұстары да аз емес. Мысалы, 2024 жылы 283 заңбұзушылық дерегі анық­талып, 8 млн теңге айыппұл салынған. Биыл алғашқы тоқсанда тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге өндірілген. Мынау жайттар жүйедегі заңбұзушылықтар мен ашықтықтың жеткіліксіздігін дәлелдейді. Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтып жатыр. Әсіресе ауылдың шалғай тұрғындары байқау орталықтарының аздығынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды, – дейді М.Жайымбетов.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі атына депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысының шекаралық аудандарындағы инфрақұрылым және ауызсу тапшылығы мәселелеріне назар аударды.

– Бұрынғы «Сарыағаш» және «Арман» шипажайларына арналып 1984 жылы салынған кәріз жүйесі бүгінде 60 шипажай мен 1 000-нан аса тұрғын үйге қызмет көрсетіп отыр, бірақ толықтай жарамсыз күйге түскен. Өткен жылы қаңтарда жобалық-сметалық құжаттарға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны – 1,95 млрд теңге, соның ішінде 191,6 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінген. Алайда жобаны толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,3 млрд теңге қажет, – деді депутат.

Т.Қырықбаев бұл мәселенің эколо­гия­лық қатер төндіріп отырғанын, атап айтқанда кәріз суларының Келес өзеніне ағу қаупі бар екенін жеткізді. Дерекке сүйенсек, бұл өзеннің суын 600 мыңнан аса адам пайдаланып отыр.

Сондай-ақ депутаттар әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру, елді мекендердің тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарастырылған жеңілдіктерді монетизациялау, Ұлытау облысындағы медициналық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы бірқатар сауал жолдады. 

Соңғы жаңалықтар