Алаш мұраты, Алаш жолы – ұлтымыздың асқақ ұраны, бойтұмары іспетті. Ал Ахмет пен Міржақып есімі әлдеқашан ел жадындағы киелі орынға жайғасқан. Айды алақанмен жабуға күш салған қилы кезеңде, ұлы мұрат жолында атқа қонған абзал ерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Бір өзі бүкіл қауымға айналған рух сардарының мерейлі жасы тағылымды алаңға, тың ізденіс алқасына айналды.
Елордадағы «Есіл» университетінде ұлт ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға ақын-жазушылар мен академик-ғалымдар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ елімізге белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Бағдарлама басында келген қонақтар көшпелі мұражай салтанатын тамашалап, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы атындағы дәрісханалардың ашылу салтанатына куә болды. Дәрісханаға Алаш арыстарының ескі қолжазбалары мен суреттері, жаңадан табылған тың туындылары қойылған.
Пленарлық отырыста зиялы қауым өкілдері жан-жақты пікірлерін ортаға салып, зерттеушілер баяндама жасады. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген көрнекті жазушы Төлен Әбдік Міржақып тұлғасына тоқталып, өлеңін оқып берді.
– Ұлы адамдар халық пен халықты, ұрпақ пен ұрпақты біріктіреді. Міржақып – Алаштың өзіне айналып кеткен тұлға. Алаш дәуірі қазақ тарихын жаңа сатыға көтерген құбылыс екені даусыз. Бұлай елдің соны сүрлеуін жасау үшін қыруар білім, үлкен талант қажет еді. Міне, сол алаштықтар біздің ақыл-ой іргетасымызды қалады. Алтынсариннің мектебінен қуаттанған олар үлкен сара жолға түсті. Дулатұлы қазақ санасын жедел ояту үшін Байтұрсынұлымен бірге «Қазақ» газетін шығарды. Жүрген жолына қарап отырсақ, Міржақып өте қайсар, білгір, табанды адам. Оның «Қайда едің?» деген бес-алты ауыз өлеңіне бүкіл қазақ тағдыры сыйып тұр, – деді жазушы.
Отырыста Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының тарихи рөліне, әдеби және ғылыми мұрасына талдау жасалып, еңбектеріне жаңаша баға берілді.
– Міржақып Дулатұлы небәрі 19 жасында «Әдебиетіміз – қазақтың жаны болуы керек» деп жазады. Сонымен қатар рух бірлігін қуаттап, өзіміздің еліміз, жеріміз, шекарамыз бар екенін айтады. Дулатұлы өз заманына сыни көзбен қараған, ал қазақ тілдінде жазған мақалаларында бірде-бір орыс немесе латын сөзін қолданбайды, таза қазақша жазған. Әйел теңсіздігін алғашқылардың бірі болып көтеріп, «қазақтың әйелі күң болса, одан күң ұрпақ туады» дейді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруде де жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Есеп туралы оқулық жазуы, Абай мұрасына алғашқылардың бірі болып баға беруі – тұтас ұлтымызға еткен толағай еңбегі еді. Сонымен қатар тарих саласына да сіңірген еңбегі зор. Кеңестік кейбір қитұрқы саясатшылар біздің тарихымызды жоққа шығарғанда, Міржақып ұлттық тарихымыз ақсақалдардың, бабаларымыздың сөзі арқылы жетіп отырғанын жазады, – деді алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова.
Сонымен қатар жазушы, журналист Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы» және «Атылуын күткен алты күн» атты кітаптарының тұсаукесері өтіп, көпшілікке таныстырылды. Жазушы 1992 жылы бұрынғы Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедиция мүшесі ретінде 57 жылдан соң Міржақып Дулатұлының мүрдесін туған топырағына әкелуге қатысқан. Нәтижесінде, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы осынау оқиғадан алған әсерін Алаш арысының өмірімен тығыз байланыстыра отырып, «Міржақып Дулатұлы» атты сапарнамалық хикаятын дүниеге әкелген.
– Міржақыптың оралуынан соң оның рух күшінің еселене түскенін сезінгендей күй кештік. Оның «Оян, қазақ!» деп салған баяғы дабылы бүгінде әр қазақтың жүрегіне өзгеше жігер беріп, күш-қуат құйды. Тәуелсіздікке серпін, сергектік, сезімталдық сыйлады! Ал Міржақыптың туған қызы, ерекше жаратылысты Гүлнар кейуана кешегі Әлихан, Ахмет аталарының тізесінде отырып, төрт-бес жасында естігендерін, есейгенде көргендерінен тарқатып том-том кітап жазып, жүз жасына сынық сүйем қалғанда «Ардақтап өттім Алашымды» деп көз жұмды. Ұлт пен Міржақып – егіз ұғым! Ал Алаш арыстары аллеясы Астанада салтанат құрса деген бүкілхалықтық ұсыныстар уақыт өте келе өз шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр! – деді Қайсар Әлім.
Айта кетейік, жиынға Торғай елінен Алаш ардақтыларының ұрпақтары, мұражай мамандары келген. Олар қос тұлғаға қатысты қызықты деректерімен бөлісіп, көпшілік ықыласына бөленді.