• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 10:02

Күйшілер тақтасына қашалған есім

30 рет
көрсетілді

Астананың ортасында әлемде жоқ аллея бар. Күйшілер аллеясы. Абылай хан даңғылы мен күйші Дина көшесінің қиылысындағы бұл орынның маңдайын жарқыратып, даңқын асырған Дина Нұрпейісова ескерткішінің алаңында рухани шаралар өтіп тұрады, деп жазады Egemen.kz.

Осы жолы мұндағы халық күйші-композиторларының аты-жөндері қашалған үлкен ескерткіш тақтаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, профессор Орынбай Дүйсен есімі жазылды. Былтыр дүние салған күйшінің қазақ күй өнері мен музыкасына еңбегі сіңгенін көзі қарақты ел білсе керек.

Аталған іс-шараны ұйымдастырушы "Күй анасы" қорының жетекшісі, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев мазмұнды жиын ашылуында мәйекті ой ағытты.

- Тіршілігінде ұлт өнеріне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қасиетті күй өнерін дәріптеп қана қоймай, жүздеген домбырашы, күйшілер тәрбиелеген, күй өнерінің шын мәніндегі нар тұлғасы Орынбай Дүйсен есімі қандай құрметке болсын лайық. Сондықтан өнер иесінің есімі қазақ халқына даңқы жайылған күйшілер қатарына қашалуы заңдылық деп білеміз. Игілікті іс Құрманғазы атындағы консерваториясы ғылыми кеңесінің шешімі негізінде Астана қаласы Мәдениет басқармасы, Алмады ауданы басшыларының, Нұрлан Бекенов бастаған шәкірттерінің қолға алуымен жүзеге асырылып отыр, - деді Төлеген Қуанышев.

Құрманғазы, Абыл, Қазанғап сынды ұлы күйшілер мұрасын шебер орындауымен қатар, Орынбай Дүйсеннің авторлық шығармалары өз алдына бір төбе. Автордың "Отпантау" күйін шәкірті Табыс Құдайберген нақышына келтіріп домбырада көсілтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған мұндай ұлы күйшілер қатарына енген Орынбай есімі үшін қуанышын білдірді.

Күйші, домбырашы Айтжан Тоқтаған Орынбай бауырының дүниеден ерте кеткеніне өкініш білдіріп, Астанада алғашқылардың бірі боп ЖОО-да домбыра бөлімін орнықтыруға күш салғанын еске алып, еңбегін жоғары бағалады.

Іс-шара барысында басқа да зиялы қауым өкілдері сөйлеп, халық композиторларының күйлері тартылды.