• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Кеше

Қошанов: Бұл құжат Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырудың стратегиялық бағдары

50 рет
көрсетілді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Жолдау – елдің саяси өміріндегі елеулі оқиға әрі жаңа даму бағытын айқындаған айтулы құжат.

«Бүгінгі Жолдау – қоғам сұранысына, елдегі түйткілді мәселелерді шешуге берілген нақты жауап. Ол Қазақстанның дамуына тың серпін беретін, экономикалық өрлеуіне жол ашатын тың ойлармен, жаңа бастамалармен ерекшеленді. Президент мемлекетіміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл Жолдау тұтас халқымыздың рухын көтерді», – деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ауқымды саяси реформалар қолға алынып, елдің саяси келбеті түбегейлі өзгерді. Ендігі кезекте негізгі басымдық экономикалық даму мен цифрлық трансформацияға беріліп отыр.

«Президент Жолдауының негізгі арқауы – экономиканы цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және жаңа технологиялар арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту. Тіпті, цифрландыру ұлттық идея деңгейіне көтерілді десек артық емес. Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, оны Вице-премьер деңгейіндегі маман басқаратын болады», – деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Президент ұсынған заңнамалық бастамалардың ішінде жаңа Цифрлық кодекстің қабылдануын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, құжат жасанды интеллект пен платформалық экономиканы қолданудың негізгі бағыттарын айқындап, барлық саладағы жаңғырту жұмыстарына құқықтық негіз болады.

Мәжіліс төрағасы Жолдауда көтерілген инвестициялық саясатты жетілдіру, жаңа өндірістерді дамыту, банктердің нақты секторды қаржыландырудағы рөлін күшейту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, бизнесті артық тексерістерден қорғау сынды басым бағыттарға да тоқталды.

«Президент инвестициялық саясатты түбегейлі жаңғыртып, өңдеу саласына көбірек қаржы тартуды тапсырды. Сонымен бірге банктердің қаражатын экономикаға жұмсаудың тиімді тетіктерін табу қажеттігін айтты. Бұл мәселелер Мәжілісте қаралатын жаңа заңдарда ескерілетін болады», – деді ол.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру бастамасын да тарихи қадам деп бағалады.

«Президент мұндай тағдырлы мәселені асығыс шешпей, бүкіл қоғамда кеңінен талқылап, 2027 жылы жалпыұлттық референдум арқылы қабылдауды ұсынды. Бұл – халықтың пікірін ескеретін, ашық саясаттың нақты көрінісі», – деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, Жолдауда айтылған әрбір бастама халықтың өмір сапасын арттыруға, Қазақстанды Әділетті, Бақуатты, Қауіпсіз және Таза мемлекетке айналдыруға бағытталған.

«Жолдау – елімізді ұйыстыратын, халқымызды біріктіретін маңызды құжат. Мәжіліс депутаттары Президенттің тапсырмаларын орындау үшін барлық күш-жігерін салады», – деді Ерлан Қошанов.