Қытайдың Гуандун провинциясында «Тапа» тайфунының күшеюіне байланысты төтенше шаралар қабылданып, мыңдаған адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді, деп хабарлайды Egemen.kz Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.
Тайшань қаласында 182 мектеп пен балабақша уақытша жұмысын тоқтатқан. Оқу орындарындағы 120 мыңнан астам оқушы сабақтан босатылған. Ал Цзянмэнь қаласында қауіпті аймақтардан 41 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған.
Апат салдарын азайту үшін Цзянмэньде 43 ерікті теңіз құтқару жасағы құрылып, 30 кеме дайын тұр. Тайшаньда 3,3 мыңнан астам құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етуде. Янцзян қаласында тұрғындарға арналған уақытша баспаналар ашылған.
Синоптиктердің мәліметінше, Цзянмэнь маңында желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен. Қатты дауыл нөсер жаңбырмен бірге жүріп, көлік қатынасына қиындық тудырып отыр.
Болжам бойынша, «Тапа» солтүстік-батысқа қарай сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жылжып, біртіндеп күшін жоғалтады.
Айта кетейік, бұл Қытайды биыл соққан 16-шы тайфун. Қолайсыз ауа райына байланысты пойыз бен паром қозғалысы уақытша тоқтатылды.