• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:37

Өңірдің дамуы һәм өмір сүру сапасы

20 рет
көрсетілді

Адам өмірінің ұзақтығы мен сапасы тек биологиялық факторларға ғана емес, сонымен қатар елдегі экономикалық жағдайға, әлеуметтік қолдауға және медициналық қызметтердің дамуына тікелей байланысты. Бір мемлекетте өмір сүру деңгейі жоғары болса, екіншісінде бұл көрсеткіш төмен болуы мүмкін. Мұның артында халықтың табыс деңгейі, білім мен медицинаға қолжетімділігі, қоршаған орта жағдайы секілді күрделі себеп-салдарлар жатыр. Бұл айырмашылықтар тек елдер арасында ғана емес, тіпті бір елдің өңірлері арасында да айқын байқалады. Демек, өмір сүру ұзақтығы мен денсаулық көрсеткіші өңірлік даму деңгейіне тәуелді екенін аңғаруға болады.

Орталық Азиядағы ахуал

Өмір сүру сапасы жөнінде жүргізілген «Human Progress Index – 2025» рейтингін­де еліміз 196 елдің ішінде 70-орынға жайғасыпты. Осылайша, Орталық Азияда көш бастап тұр. Осы рейтингте еліміз былтыр 79, 2020 жылы 89-орында болғанын ескерсек, нәтиже жаман емес. Тізімде Түрікменстан – 96, Өзбекстан – 108, Қырғызстан – 119, Тәжікстан 128-орынға тұрақтаған. Зерттеуде халықтың өмір сүру сапасы, ұзақтығы, білім саласының деңгейі, саяси тұрақтылық, жан басына шаққандағы кіріс, даму мүмкіндіктері ескерілген. Рейтингте ел халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жас деп көрсетілген. Мұндай тәуір нәтижеге жетуге алғашқы медициналық-санитарлық көмек стандарттарының жаңаруы, емха­налардың цифрландырылуы, профи­лактикалық скринингтер, жүрек-қан­тамырлары, онкологиялық ауруларды емдеуге басымдық берілгені негіз болған.

Елдегі, шетелдегі ұйымдардың біздің қалалардың даму көрсет­кішіне қатысты жүргізген зерттеу­леріне үңілсек, Астана мен Алматы қаласының үнемі үзеңгілес келе жатқанын байқаймыз. Бәсекелес­тік ірі, шағын және орта бизнесте, білім-ғылым, медицина деп жал­ғай берсек, барлық салада бай­қалады. Соның басым көбінде қала­ның даму қарқыны жағынан Алматы Астанадан бір қадам болса да ілгері жүреді. Оның негізгі себебін екі қаладағы халық саны­мен байланыстыруға болады. Ұлт­тық статистика бюросының шіл­де­де ұсынған дере­гіне зер салсақ, еліміздегі халық саны – 20 387 811 адам. Бұл ретте Астана қаласы­ның халқы – 1 576 337, Алматы тұрғындары – 2 319 893 адам. Екінші тоқсанда Астанадағы жұмыссыз­дар саны – 33 305 адам, Алматыда ­52 мыңнан асады. Пайызға шақ­қан­да екі қаланың әлеуеті деңгей­лес. Алайда елдегі ең ірі екі қала­ның әлеуетіне қарап, тұтас халық­тың өмір сапасы жақсарды деп байлам жасай алмаймыз.

                                                        

Ауылдағы жағдай қалай?

Мегаполистерді еліміздің өзге өңірле­ріндегі ахуалмен салыстыру қиын. Қазір аудан орталығына жақын ауылдар кеңейіп, көркейіп келеді. Ал шалғай ауыл­дарда әлі де жол, жарық, жылу, су, интер­нет мәселесі өзекті. Қарапайым мұқтаждықтардың орнын толтыра алмай жатқан ауылға КТ, МРТ сынды құралдар қашан жететіні белгісіз. Жоғары технологиялық аппараттарды сатып алған күн­нің өзінде оны фельдшерлік-аку­шер­лік амбулаторияның шағын ғимара­тына сыйғызу қиын. Шал­ғайдағы осындай шағын ұйым­дардың жұмысын кім тексеріп, бақылайды? Ондағы мамандар сапалы компьютермен қамтыл­ған ба, қарапайым құрал-жабдық­тары түгел ме? Ауылға дәрігерлер­дің неге барғысы жоқ, олардың бі­лік­тілігін кім тексеріп жатыр? Иә, қазір ауылға бес жылға, одан да көп мерзімге жұмыс істеуге баратын тап­шы мамандықтағы дәрі­гер­лер­ге 8,5 млн теңге шамасында бір­жол­ғы жәрдемақы қарасты­рыл­­­­ған. ­Одан бөлек, жергілікті әкім­дік­­­тер­дің де қолдауы бар. Бірақ сала­­да ­30–40 жыл еңбек еткен мед­бике­лер­дің жалақысы төмен, қала берді, дәрігерлердің жүктемесін азайтып, оны медбикелердің мойнына ілді. Осындай өзгерістен соң медбикелердің өкілеті, беделі артқанымен, әлеуметтік жағдайы жақсарып кетпейді.

Әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы айтар болсақ, аудан орталығына жақын ауылдардың өзінде тәуір жұмыс таппай сенделген жастар көп. Олар амалсыз қалаға барады. Сөз жоқ, елорда көші-қон саясатында ең сұранысқа ие қалалардың бірі. Отандастарымыз онда тәуір жұмыс, жақсы жалақыны көздеп барады. Отбасына, болашағына жайлы, қауіпсіз өмір іздейді.

                                        

Астана медицинасы көш ілгері

Астанада медициналық көмек өзге өңірлерге қарағанда қол­жетімді. Қазір онда өмір сүру ұзақ­тығы ел бойынша жоспарлан­ған деңгейден 3,5 жылға жоғары. Нәтиже 2029 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен 2 жылға асып отыр. Астана қалалық ден­сау­лық сақтау басқармасы бас­шы­сының орынбасары Айнұр Төлеуованың айтуынша, мұның бірден-бір себебі – медицинаға жүйелі қолдау көрсетілгеннен. Айталық, қазір елордада тубер­кулезге қарсы іс-шаралар айтар­лықтай жақсарған. Аурушаңдық 21,5%-ға, өлім-жітім 6,5%-ға азайған. Инсультті емдеуде госпи­тальдық өлім-жітім 8%-ға төмен­деген. Ауруханадан шыққаннан кейін үйде бір ай ішінде болатын өлім-жітім 32%-ға азайған. Онкологиялық аурулар ерте анық­талып жатыр. Науқастардың шамамен 34,6%-ы бастапқы кезеңде диагностикадан өтеді.

Сондай-ақ Астанада миокард инфарктісін емдеудегі көрсет­кіштер едәуір жақсарған. Барлық пациент 120 минут ішінде тері арқылы коронарлық араласу орта­лығына жеткізіледі. Бұдан өзге, жедел жәрдемнің келу уақыты қысқарған. Шақырулардың 98,1%-ына жедел топ 40 минуттан ке­шікпей жетеді. А.Төлеуова берген ақпаратқа сүйенсек, қалада нә­рестелер арасындағы өлім-жітім дерегінде де оң өзгеріс бар. Мысалы, тұқым қуалайтын аурулардан болатын өлім-жітім екі есе төмендеп, 14-тен 8 жағдайға дейін қысқарыпты.

 

Мегаполисте өмір сүру ұзақтығы жоғары

«Экономикалық зерттеулер инс­титуты» АҚ-ның редакцияға ұсынған ақпаратына зер салсақ, пандемия жылдарынан кейін елі­мізде өмір сүру ұзақтығы бір­тіндеп өсіп келеді. 2022 жылы өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 74,45 жас болса, 2024 жылы 75,44 жас­ты құраған. Өңірлер арасын­дағы айырмашылыққа тоқтал­сақ, оларды 2024 жылғы өмір сүру ұзақ­тығының деңгейіне қатыс­ты үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Алматы, Астана, Шымкент қалалары кіреді. Бұл қалаларда өмір сүру ұзақтығы рес­пуб­ликалық деңгейден бір­шама жоғары. Алматы өмір сүру ұзақ­тығы жөнінен көш бастап тұр – 78,78 жас. Астанада – 78,52 жас, Шымкентте – 77,22 жас. Екінші топқа республикалық деңгейдегі өңірлер кіреді. Олар – оңтүстік өңірлер, Абай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары. Бұл өңірлерде өмір сүру ұзақ­тығы – 75 жас шамасында. Үшінші топ – өмір сүру ұзақтығы республикалық деңгейден төмен өңірлер. Көш соңында – Ұлытау (72,48), Шығыс Қазақстан (73,41), Батыс Қазақстан (74,17) облыстары, сондай-ақ орталық, солтүстік өңірлер. Өңірлер арасындағы айырмашылықты «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орта­лығы директорының орынбасары, демограф Шынар Төлешова түсіндіріп берді.

– Өмір сүру ұзақтығының жо­ғары немесе төмен болуы халық­тың жас шамасына қатысты өлім-жітім деңгейіне де байланыс­ты. 2023 жылғы статистикалық дерек­терге көз салсақ (2024 жылғы ста­тистикалық деректер әлі жа­рық көрген жоқ), соңғы топтағы өңір­лерде еңбек жасындағы халық­тың өлім-жітім деңгейі жо­ғары. Мәселен, елімізде 45–49 жас тобын­дағы халықтың өлім-жітімі 1000 адамға шаққанда 5,25 деңгейінде болса, Ұлытау облысында – 8,38, Шығыс Қазақстан облысында – 7,26. Өлім-жітім себептерінің ішінде сыртқы себептерден (жазатайым оқиғалар, улану, жарақаттану) қайтыс болғандардың басым көпшілігі (2023 жылы 72,7%) ең­бекке қабілетті жастағы адамдарда болатынын атап өткен жөн, – дейді Ш.Төлешова.

Демограф өмір сүру ұзақ­ты­ғы­ның өңіраралық ерекшелігіне сол өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық, эко­логиялық жағдайы, ме­дицинаның даму көрсеткіштері, еңбек жасындағы азаматтар­дың зиянды өндіріс орындарында жұ­мыс істеуі, халықтың өмір салты сияқты маңызды факторлар әсер ететінін айтты. Демек, мегапо­листерде өмір сүру ұзақтығы­н­ың ­жо­ғары болуы қаланың әлеу­мет­тік-экономикалық даму қарқы­ны­­на байланысты. Ірі қалаға өңір­лер­ден жас­тар көптеп тарты­ла­­ды, өзге облыстармен, әсіресе ауыл­дық жерлермен салыстырған­да медицина қолжетімді. Бірақ мұның барлығы адам жанына жайлы жер тек қалада дегенді біл­дірмейді. Әркімнің туған, өскен өлкесі – жұмақ мекені. Біздікі тек ауылдағы, әсіресе шалғай елді ме­кендегі ағайынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы оңалса, медицина қолжетімді болса деген тілек қана.