• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:40

Солтүстік Аралға 5 млрд текше метр су жіберілді

30 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Солтүстік Аралдағы су көлемі 24,1 миллиард текше метрге жетті. Осы уақыт ішінде теңізге 5 миллиард текше метр су жіберілген, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Бастапқы жоспар бойынша, 2025 жылы Аралдағы су көлемін 20,6 миллиард текше метрге жеткізу көзделген болатын. Жалпы алғанда, Солтүстік Аралдың су көлемін 2030 жылға дейін 27 миллиард текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған еді.

«Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында көзделген Солтүстік Аралдың су көлемін арттыру көрсеткіштеріне жоспардан ерте қол жеткізіліп жатыр. Қазіргі нәтижелерге 2029 жылы жету көзделген болатын», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк гранты аясында Солтүстік Аралды сақтау жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі де әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, Көкарал бөгетінің биіктігін 2 метрге көтеру және Ақшатау мен Қамыстыбас көл жүйелеріндегі судың деңгейін тұрақтандыру үшін гидроторап салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Жоба Солтүстік Аралдағы судың көлемі мен сапасын арттыруға, Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіруге, теңіз түбінен тұздың шығуын азайтуға, Қызылорда облысындағы балық шаруашылығын дамытуға және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған», деді министр Нұржан Нұржігітов.