Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу мерзімін жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Оның айтуынша, Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң жобалары жыл соңына дейін қабылданады.
«Президент стратегиялық мақсат қойып отыр. Ол – Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл үшін саланы реттейтін нақты заңнамалық тетіктер қажет. Осы орайда, Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң ерекше рөл атқаруға тиіс. Қазір құжаттар бойынша жұмыс жүріп жатыр, оларды жыл соңына дейін қабылдауымыз керек», деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.