• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 16:00

Депутат емделмейтін ауруға шалдыққан балаларды қолдау стандартын бекітуді ұсынды

30 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселесінің әлі де шешімін таппағанын айтып, Премьер-министрдің орынбасары Е.Көшербаевқа қарата депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Депутат осы мәселені шешуді көздейтін стандарт жобасы Денсаулық сақтау министрлігіне 10 ай бұрын жолданғанын айтып,  арнайы стандарттың бекітілмеуі салдарынан емделмейтін ауруға шалдыққан балалар жеткілікті қолдауға қол жеткізе алмай отырғанына назар аударды.

«Стандарттың жоқтығы балаларға көрсетілетін паллиативтік медициналық көмектің сапасына әсер етіп жатыр. Медициналық қызметкерлер балалар шалдыққан қандай аурулары паллиативтік статусқа ауыстырылатынын, қашан және кімнің ауыстыруы керек екенін, паллиативтік статустағы балаларды қалай бақылау қажет екенін білмейді. Бұл сұрақтарға жауаптар Қазақстандағы балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының жобасында нақты көрсетілген. Тек Денсаулық сақтау министрлігі осы стандартты бекітуді неліктен созып отырғаны түсініксіз. Ішкі немесе сыртқы қандай күштер стандарттың қабылдануына кедергі келтіріп жатыр? Бұған кім жауапты? Соңында, зардап шегіп отырған – балалар», деді Ирина Смирнова.

Сондай-ақ ол балаларды емдейтін дәрігерлер тапшылығы да өзекті екеніне тоқталып,  «Астана медицина университеті» КеАҚ-тың «Балалар анестезиологиясы, реаниматологиясы, интенсивті терапиясы және шұғыл медициналық көмек» кафедрасын жабу шешіміне қатысты уәж айтты.

«Елімізде бар болғаны 2 ЖОО балалар анестезиологиясы-реаниматологиясы бойынша мамандар даярлап келді. Қазіргі уақытта тек 1 университет қана қалды. Уәкілетті орган қосымша педиатриялық бағыттағы білім беру бағдарламаларын ашып отырғанын, профессорлық-оқытушылық құрамның кадрлық әлеуеті бар екенін, бүкіл елге балалар анестезиолог-реаниматологтарын даярлауға мүмкіндік туып отырғанын ескерсек, «Балалар анестезиологиясы, реаниматологиясы, интенсивті терапиясы және шұғыл медициналық көмек» кафедрасының жабылуын диверсиялық әрекет ретінде қарастыруға болады», деді депутат.

Сондықтан Ирина Смирнова Қазақстандағы балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту мәселесін шешу мен «Астана медицина университеті» КеАҚ-дағы «Балалар анестезиологиясы, реаниматологиясы, интенсивті терапиясы және шұғыл медициналық көмек» кафедрасын қайта іске қосуды қарастыруды ұсынды.