Астанадағы Президенттік орталықта танымал суретші, өнертанушы және дизайнер Анар Әубәкірдің «Абай толқынында» атты жеке көрмесі ашылды. Іс-шара ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналды.
Мәдени іс-шараның ашылуында Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат қылқалам шеберінің шығармашылығы туралы жылы лебізін білдірді.
«Бүгінгі көрмеге дәстүрлі ұлт өнерін заманауи көркемдікпен үйлестірген Анар Әубәкір 35 жаңа туындысын ұсынып отыр. Бұл еңбектерінде ол Абайдың философиялық идеясы мен ағартушылыққа ұмтылысын қайта пайымдап, терең ой түйеді», деді ол.
Жалпы, көрмеге автордың бас-аяғы алпыстан астам жұмысы қойылған. Оның шығармашылығының бір ерекшелігі – медитациялық тәжірибе мен көркемдік зерттеулердің синтезіне негізделген. Әрбір кескіндемесі айшықты. Адамды философиялық ойға тартады. Сондай-ақ шебердің киізден жасаған дүниелері, киімдері, ою-өрнектері және басқа да тұрмыс заттары да кестелі бедерленген. Айталық, «Қапсырма» картинасы мен «Сарымай» инсталляциясы – «қос образ» қағидасымен өрілген.
Көрме барысында суретші өз туындыларында Абай идеясының бүгінгі таңда да өзектілігін көрсеткісі келгенін айтты.
«Хакім атамыздың «Қарасөздері» адамға шабыт сыйлайды. Мен үшін Абай – тарихи тұлға ғана емес, ол – бізді және қоршаған әлемді түсінуге көмектесетін даналықтың қайнар көзі», дейді автор.
Бүгінде көрме иесінің есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге де танымал. Бірқатар туындылары Германия, Ресей, Татарстан музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы тұр. Халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы. Бір сөзбен айтқанда, Анар Әубәкірдің көрмесінен ұлттық дәстүрді сақтай отырып, қазіргі заманауи өнердің көкжиегінен жол іздеген ізденісті байқадық.