Ақтөбеде «Шеберлер шеруі» фестивалі аясында республикалық «Бақытты отбасы» ақпараттық-кеңес беру орталығының қолөнер шеберлері заманауи құрақ құрау, киізден бұйымдар жасау, терме алаша тоқу, ши өруден ақтөбелік 200 қыз-келіншекке шеберлік сабақтарын өткізді.
«Өнер» орталығында «Алтын сапа» сыйлығының иегері, «Алтын Орда» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада ұлттық өнерді дамытудағы тәжірибесін бөлісті.
«Күнде өзгеріп жатқан мына заманда ұлттық салт-дәстүрімізді ғана емес, қазақ әйелінің болмысын сақтап келе жатқан қазақтың қолөнерші қыз-келіншектері санаулы екенін баса айтқым келеді. Алдағы уақытта осы кәсіпке бар ынта-жігерімен кірісетін қыз-келіншектеріміздің қатары көбейіп, олардың арасынан он саусағынан өнері тамған, халықаралық деңгейде мойындалатын ісмерлер шығады деген ойдамын. Үш күн ішінде қолдарынан шыққан туындыларын көрмеге қойып, Астанадан келген шеберлерден оқып-үйренуге ынта танытқан қыз-келіншектердің қатарында өнерге бейімі бар, талантты аруларды байқап қалдым. Оларға орта жолда тоқтап қалмай, шеберліктерін шыңдай берсе деген тілек айтамын. Жұмыссыз жүрген қыз-келіншектер осы кәсіпті үйренсін деген ниетпен Астанадағы «Бақытты отбасы» орталығында тегін оқу курстарын аштық. Бірнеше жыл бұрын басталған игі бастама нәтижесін беріп те жатыр. Олардың ішінен өз бағыттарын таңдаған тамаша қолөнерші шеберлер шықты», деді Ырза Тұрсынзада.
«Шеберлер шеруі» фестивалін ұйымдастырудағы мақсат – жұмыссыз қыз-келіншектерге Астанадағы «Бақытты отбасы» орталығынан келген мамандардың дәрістерін үйренуге мүмкіндік беру. Осы жерде бір-бірлеріңізбен тәжірибе алмастыңыздар, ақыл-кеңес бердіңіздер, тың бастамалар алдыңыздар. Жан-жағымызда заманауи ұлттық қолөнерімен әлемге танылып жатқан елдер қатары көбейіп келеді. Сіздер де бойларыңыздағы қабілетті жетілдіріп, қолөнерді сүйікті іске айналдыруға тырысыңыздар. Табиғи өнімдерден тамаша өрнек тоқып, киім тігіп, тұрмысқа қажетті сан түрлі бұйым жасап, барды ұқсатқан ана-әжелеріміздің киелі өнерін жаңа заманға лайықтап жалғастыра беріңіздер», деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Жұқа киізден жасалған сәнді қалпақтары, тізілген моншақтармен көмкерілген қол сөмкелері мен өрнекті киіз гобелендерін көрмеге әкелген Шәрбану Дүйсенқұлова Ырғыз ауданы, Ақши ауылындағы Мырзағали Төлегенов атындағы орта мектепте бейнелеу пәнінен сабақ береді. Тәжірибелі ұстаз сабақтан тыс уақытта мектептегі қолөнер үйірмесіне жетекшілік етеді.Облыстағы көркем еңбек пәні мұғалімдері қауымдастығының мүшесі. Оқушылары 2015 жылдан бері ғылыми жобаларға қатысып жүр. Гауһар Түлкібай, Назкен Садық сияқты қолөнерге қабілетті шәкірттері облыстық, республикалық «Зерде» орталығы, Кіші Ғылым академияның жобаларынан жүлделі орындар алып келген.
«60х70 см, 1х70 см өлшемдегі киіз гобеленді жасауға шамамен 23 күн уақыт кетеді. Оған арнайы таңдалған меринос қойының жүні жұмсалады. Астына жұмсақ төсеніш қойып, жұқа етіп жайылған киіздің бетіне басы кертілген арнайы инесімен түрлі өрнек салып тоқимыз. Киіз тоқу құралы 40-50 теңгенің шамасында. Оны Ақтөбеден сатып алып кетеміз. Көрмелерден қалмаймыз. Себебі ол жерде балалардың еңбегі көзге түседі. Мектепте қолөнерге қатысқан оқушыларым Альбина Алтаева, Нұрай Қорқытқызы жергілікті университетте визуальды өнер, дизайн мамандығына оқуға түсті. Тағы бір оқушым Шұғыла Шайқақова облыстық ғылыми жобадан үздік шығып, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің визуальды өнер мамандығының оқу грантын ұтып алды. Осы шара барысында Еуразиялық дизайнер орталығының мүшесі, республикалық «Алтын шеберлер» ұйымының жетекшісі, терме бау тоқудың шебері Гүлмира апайдың үш күндік сабағына қатысып, киіз басу мен терме бау тігу тәжірибесін үйрендім. Көптен бері киіз үйдің сәнді бұйымы – терме бау тоқуды үйрене алмай жүр едім. Осыған қуаныштымын. Терме баудың құралын сатып алдым. Енді оқушыларыма үйретемін», дейді Шәрбану Рафикқызы.
«Шеберлер шеруі» мегафестивалінің жеңімпаздары облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапатталып, тігін машиналары сыйлыққа берілді. Көрмеге қатысқан мектеп оқушылары да сыйлықсыз қалған жоқ. Осы фестиваль аясында ұйымдастырылған «Ата кәсібі – бала нәсібі» конкурсында Назым Берікқызы, Кәмшат Нұрдәулетқызы, Уәлихан Ұланұлы үздік шығып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақтөбе облысы