Oracle компаниясының негізін қалаушыларының бірі және басқарушысы Ларри Эллисон әлемдік миллиардерлердің Bloomberg Billionaires Index рейтингінде бірінші орынға шықты. Ол Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маскты басып озды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Эллисонның дәулеті 393 миллиард долларға жетіп, Масктің байлығы 385 миллиард доллар деңгейінде қалған.
Сарапшылардың айтуынша, Эллисонның бір күнде 101 миллиард доллар қосуы Bloomberg тарихындағы ең үлкен тәуліктік өсім. Бұл көрсеткіш оны әлемдегі ең дәулетті тұлғаға айналдырған.
Естеріңізге сала кетейік, Илон Маск бұл тізімнің көшін дерлік бір жыл бойы бастап келген еді. Ол алғаш рет 2021 жылы бірінші орынға шыққанымен, ара-тұра Amazon негізін қалаушы Джефф Безос пен LVMH иесі Бернар Арноға жол берген. Қазір Безос төртінші, ал Арно сегізінші орында тұр.
Эллисон шілде айынан бері екінші орынға жайғасып, Meta жетекшісі Марк Цукербергті артта қалдырған болатын.
Forbes журналы да Эллисон байлығының күрт өскенін атап өтті. Басылым оның дәулетін 395 миллиард долларға бағалап, бір күнде 102 миллиард доллар қосылғанын жазады. Дегенмен Forbes рейтингі бойынша әлі де Илон Маск бірінші орында тұр – оның байлығы 437 миллиард долларға жеткен.