Дабырадан аулақ, үндемей-ақ үлкен істер атқарып жүрген интеллектуал ақын, ұлтжанды қазақ Мейірхан Ақдәулетұлы болмысы бізге ертеден таныс әрі жақын. Сирек сұхбаттасатын, көп «көріне» бермейтін ағамызды әңгімелеге тартып көрген едік.
– Әңгімемізді Абайдан бастайықшы, кемеңгермен достаса алдыңыз ба?
– Бұл өте қиын сауал. Соншалық биік деңгейдегі ұлы адамды ақылмен, санамен түгел игерудің өзі көрінген кісінің қолынан келе бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, Абай — қарапайым халық үшін әлі де толық сырын ашпаған дана. Әрине, оны күллі ел сүйеді, әулие деңгейіне көтереді, бірақ түгел ұғарлық, ең бастысы, оның ұлы, қасіретті жолын одан әрі жалғарлық қуаты, білімі, құдіреті жетерлік адам аз деп ойлаймын. Мен оны шамам келгенше тереңірек түсінуге тырысамын, бірақ соның өзі аз сияқты. Ол туралы әйгілі Мұхтар Әуезов ұлы роман жазды, қаншама дарынды ғалымдар ірі еңбектер шығарды, бірақ қара халық үшін бұл ұлыны жұртқа ұқтыру (әлің келгенше, әрине!) нағыз деңгейіне жетпеген сияқты. Демек, халықтың қазіргі деңгейі (танымдық мүмкіндігі) жыл санап жақсарып келе жатқанын ескерсек, «қиын» Абаймен, құдіретті Абаймен досыңша, қалдықсыз сырласатын уақыттар да келер.
Мен оған дос емеспін, қастерлеуші ғанамын. Бір адам үшін бұл да аз емес.
– Сізді алғаш «Бейуақтағы мінәжат» кітабы арқылы таныдық, біршама өлеңдеріңізді жаттап үлгердік. Осы кітап туралы айтсаңыз.
– Мен өлеңде аз еңбектенген адаммын – негізгі күшім мен уақытым көсемсөзге кетті. Қазақтың интеллектуалдық деңгейін озық ұлттардың дәрежесіне көтеруге әлім жеткенше жұмсау – жеке шығармашылығымның мүмкіндіктерін ойлатқан жоқ. Сол себепті кітаптарым да кешігіп шықты. Олардың ішінен «Дәруішнама» мен «Бейуақтағы мінәжатты» ерекше жақсы көремін. Кейінгісіне келсек, соның өзін Есенғали Раушанов бауырымның үздіксіз қақылдауымен, Байбота Қошым-Ноғайдың ықыласымен шығардым. Қажет еткендер оқып көрер...
– Астана мен Алматыдан аулақта, Ақтөбеде өмір сүріп келесіз. Сізге оңашалық не берді?
– Алматыда 22 жыл өмір сүрдім. Өкпем жоқ. Көп нәрсені көрдім, көпшілікпен таныстым. Жақсы достарым да, кейінгі он бес жылда үйім де, жұмысым да болды. Фариза апам Алматыға барған бойда бірден жұмысқа алды, қолынан келгенше көмектесті. Мәселе онда емес екен – бір жыл ішінде байқадым, университет бітіргендердің басым көпшілігі (жазушыларды айтып отырмын) әлем әдебиеті түгілі, орыс әдебиетінен де бейхабар болып шықты. «Жазушылар одағы керек болса, түгелдей маған кірсін!» деген қисық сөзім үшін одаққа да кештеу қабылдандым. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Әрине, жақсы кісілер жеткілікті еді. Әлемде теңдесі жоқ интеллектуал, тамаша прозашы, драматург Асқар Сүлейменов, белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек, ғажайып ақын Жұматай Жақыпбаев, тамаша интеллектуал Әуезхан Қодар, ең сүйікті қарындасым Гүлнар Салықбай, көптеген сол кездегі дарынды жастар, әсіресе, Есжан Айнабеков, Қайрат Әлімбеков, Бауыржан Үсенов, Әбубәкір Қайранов, Әмірхан Балқыбек, қазіргі Маралтай сияқты «ең мықтылардың» бәрімен дос едім. Светқали Нұржанов мен үшін «ерте оянған гений» еді. Беріде Ақтөбеге кеттім. Сол кездегі Ақтөбенің әкімі Аслан Мусин, кейінгі болған Елеусін Сағындықовтар да тілеулес достарым болды. Солардың арқасында республикаға кең таралған «Алтын Орда» газетін шығардым. Заманында ең үздік газет аталды. «Әкімдерім» газетімді ерекше қорғады. Бір қызығы, мен Ақтөбе туралы өз адамдарыма жаздырмадым, арнайы материал да бергізбедім, Ақтөбенің ғана газеті атанып кетуден қорықтым.
Маған сеніп, сол себепті де өзіме еріп келген Бауыржан Бабажанұлы мен Дәурен Қуат жаныма желеу бола білді. Оның үстіне ақтөбелік Ертай Ашықбаев, Индира Өтеміс, жер-жердегі тілшілер мен белгілі интеллектуал қаламдас жолдастарым: Таласбек Әсемқұлов, Зира Наурызбаева, Ақас Тәжуітов, Мақсот Ізімов, Мақсат Тәж-Мұрат сияқты тілеулестер «Алтын Орданың» мерейін үстем етуге атсалысты.
Міне, сен айтып отырған «оңашалық» осындай белестерге жетеледі.
– Өміріңізге ерекше ықпал еткен оқиғаны атай аласыз ба?
– Адамға ерекше ықпал ететін – адам, адамдар ғана. Мен үшін Фариза Оңғарсынова, содан соң Асқар Сүлейменов пен Жұматай Жақыпбаев. Соңғы екеуі адам таңданарлық, бірақ бір-біріне ұқсамайтын дарындылар деп ойлаймын. Содан соң Есенғали Раушанов пен Ұлықбек Есдәулетов. Бұл – үздіктер. Өзгелерге сөз жоқ.
– Бір сұхбатыңызда «...атақ-марапатқа қызықпаймын. Осының өзі аз бақыт емес» депсіз. Сонда сізді қызықтыратын не нәрсе?
– Бізде, қазақта, елді, оның тағдырын, болашағын шын жүрегімен, ақылға сүйене отырып ойлайтын адам өте аз сияқты. Әрине, қазақтың жаманы жоқ, ниеті де түзік, бірақ әлемдік озық өлшемдерге сүйеніп, болашаққа үлкен жауапкершілікпен қарау жоққа жақын. Әлемнің тағдыры қазір қай дәрежеде, ал біздің жалпы ақыл-ой деңгейіміз қандай – соны салмақтап, «ойнап отқа, қайнап қазанға түсерлік» ниет жоқ. «Өлмесек – көрерміз» дейтін позициямен күн кешіп келеміз. Әрине, өтірікті-шынды ойлаған боламыз, соған ұмтылғандай кейіп танытамыз, бірақ ішімізден «құдай қарасса, көре жатармыз» деген оймен күнелтеміз. «Құдай сенің екі туып, бір қалғаның емес» дейтін кісі жоқтың қасы. Егер ондай кісі шықса, «оппозиционер» қылып шығаруға дайын сияқтымыз. «Мұны бұдан да жақсырақ қылып шығарсаң қайтеді?» дейтін бейбіт ұсыныс та жоқ. Сонда осы «ырғаңмен» өмір сүре беру керек пе? Аңдасаңыз, әлем бізден жойқын жылдамдықпен алыстап барады, ал біз болмашы нәрселерге алаңбыз. Сөйте жүріп атақ алуға, мақтан естуге қызығамыз.
Менің арзымайтын нәрсеге қызықпайтыным содан. Қазір әңгіме де айтпайтын болдым, себеп – мені болашақ қорқытады. Билік қолынан келгенін істеп жатыр, бірақ жұртыңның өзінде одан гөрі жақсы деңгейге құлшыну жоқ. Мен үнемі соған алаңмын.
– Толстой «Тәңір тектес сезім шырағы алғаш рет көкірегіңде жарқ етіп тұтанған шақтағы – әу бастағы адал шақтағы өзіңе ғана сен» депті. Сіз адал шағыңызды өмірдің келеңсіздіктерінен қорғап, бүгінге таза күйінде жеткізе алдыңыз ба? О бастағы тап-таза Мейірхан мен қазіргі Мейірханның арасында қандай айырмашылық бар?
– Ойлы адамды омақастыратын сұрақ екен. Балаңдау жігіт кезімдегі күйімді өзім де сағынамын. Өзгердім: есейдім, есімді жидым, жақсы мен жаманға қатар еліктедім, бірақ сол кездегі адалдыққа жақтасу, дүниені бүтін жаралауға келмейтін, үлкен тұтас кие деп санаудан адаса қоймаған сияқтымын. Мұны менің жауларымнан сұрау керек. Соларда шындық басымырақ, сол үшін де жау емес пе? «Сүттен ақ, судан таза» кісінің рөлін ойнау ойымда жоқ, бірақ кісіні, демек, өмірді төменсіткен жерім болса, өкінер едім.
– Егер ғайыптан құдіретті күш келіп, ең бір ащы арманыңызды орындаса, не айтар едіңіз?
– Менің ащы армандарым көп, бірақ оған өзім кінәлімін. Кезінде терең ұға қоймағандарым, өз қателіктерімнен ертерек құтылмағандығым, таза ақымақтықтарым біріге келіп, сол ащы орындалмайтын армандарға айналған шығар. Бәрі өзімнен. Адам адаса жүріп жол табады. Соның ақыры қайырлы болсын.
– Борхес Еуропаның діңгегінде грек мәдениеті мен Інжілдің жатқанын айтады. Ал біздің түркі өркениетінің негізгі ұстыны неде? Қазіргі түркі мәдениеті бірлесуге, ынтымақтасуға ұмтылып отыр. Түркілік әдебиеттің болашағын қалай елестетесіз?
– Борхес білгенін ғана айтады, сонысы дұрыс та болар. Бірақ біз – түркілер еуропалық данышпандардан ешуақытта төмен болмағанбыз. Әмірхан Балқыбек атты інім сол кеудемсоқ еуропалықтарды қайран қалдыратындай нәрселер жазды – Рем мен Ромул туралы аңызды «азияландырды», қазіргі айта алмайтын аңыздарға дем берді. Ол және жалғыз емес, қазір адамға кеңірдегімен қарап үйренген еуропалықтарды жерге түсіріп, ненің неден басталғанын баяндап беретін жастар өсіп келеді. Олжекең (Олжас Сүлейменов) жазған шығармада «жүргелі тұрған пойыздың терезесінен керемет сұлу һәм шолжаң Еуропа перронда тұрған кәрі кемпір Азияға тілін шығарады» делінеді. Ойсыз қыздың кейуанаға тілін шығаруы күлкілі. Оның үстіне, сол кемпір мәңгі жасайтын Ұмай ана болып шығуы мүмкін ғой.
Ал түркі мәдениеті болашақта күллі елге өнеге көрсетуі мүмкін. Бұл тұста да біз, қазақтар, кейін қалмасымыз анық. Әрине, әдебиеттер, бауырлас әдебиеттер бірігіп жатса, оған тек қуану керек. Бұл қасқыр текті рухтың әлемге тың құлшыныспен қайта оралуының басы болар.
– «Ме-ен?
...сәбимін,
Сенімі мен дәмесі
Өзінен зор,
Өлермен...» депсіз. Сол сенім ақталды ма?
– Бұл менің өзімді менсінбей айтқаным ғой. Қанша мықты болса да сенімнің ақталуы мүмкін емес. Адам солай ойлайды, Алла өз дегенін істейді. Әрине, оныкі дұрыс.
– Әдебиеттің алдыңғы буын ағаларды еске алғанда кімді көбірек сағынасыз?
– Олардың бәрі де өз деңгейіндегі жақсы адамдар. Дегенмен, әуелі Асқар Сүлейменовті сағынамын, сосын Фариза апамды, Жұматай Жақыпбаевты, Ақселеу ағамды, Қуандық Шаңғытбаевты, Жарасқан ағамды. Кешегі жүрген Есенғалиды... Бәрін.
– Қандай жаңа дүниемен айналысып жүрсіз?
– Ол – құпия. Бітірген соң болмаса, айта алмаймын.
– Жаратушыдан не тілейсіз?
– Әлемнің қалыпқа түсуін. Еліміздің аман болғанын.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»