• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Фармацевтика Бүгін, 09:55

Биологиялық белсенді қоспаның нәтижесі қандай?

30 рет
көрсетілді

Қазір теледидар-радионы қосып қалсаң, әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, белсенді биологиялық қоспалардың (ББҚ) жарнамасы алдыңнан шығады. Жарнамаға сеніп, дертіне дауа іздегендер мен артық салмақтан арылғысы келгендер сол не дәрі емес, дәріден әрі емес қоспаларды сатып алып жатады. Бірақ ем іздеймін деп, дерт жамап алатындар да жоқ емес. Бұл белсенді қоспаны да байқап ішу керектігін аңғартып тұр.

Биологиялық белсенді қоспаның дәріні алмастыра алмайтынын баса айтатын мамандар оның жалпы емдеу жиынтығын толықтыратынын жоққа шығармайды. Мысалы, ББҚ-ның жеке компоненттері D витамині жетіспейтін қарттар мен остеопороз дертіне шалдыққандарға пайдалы. Аяғы ауыр әйелдерге қажетті фолий қышқылының туабітті ауруларды емдеуге себі тиеді. Ал Омега-3 май қышқылы қандағы триглицеридтер деңгейін төмендетіп, жүрек-қантамырлары аурулары зардабын жеңіл­детеді. Оның өзінде емдік мақсатта емес, дерттің алдын алу үшін, дәрігер тағайын­дауымен пайдаланған жөн.

Бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді күнделікті мониторингтеу арқылы био­логиялық бел­сенді қоспалардың айналымын бақы­лау­ды қамтамасыз ететін санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау қызметі мамандары ББҚ-ның маман­­дандырылған азық-түлік өнімдеріне жататынын, дәрілік зат болып табылмайтынын айтады. Қоспалар азық-түлік өнімі ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты» техникалық регламенттерінде белгіленген қауіпсіздіктің гигиеналық талаптарына сәйкес келуі тиіс.

«Тұтынушылар оны сатып алғанға дейін Кеден одағының сайтында орналасқан Бірыңғай тізілімнен мемлекеттік тіркеу куәлігінің бар-жоқтығын тексергені жөн. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген қоспаның адам денсаулығы мен өмірі үшін қауіпті екенін ұмытпайық. Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, оның аумақтық басқармалары БАҚ, әлеуметтік желі, интернет-сайттар арқылы биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 26 жарнама таратушыға жасалған мониторинг аясында биологиялық белсенді қоспалардың 104 атауында мемлекеттік тіркеу куәлігі болмағандығы анықталды. Осыған байланыс­ты жарнама таратушыларға 14 ұсынымхат жіберіліп, әлеуметтік желі парақшаларын бұғаттау жөнінде тиісті мемлекеттік орган­дарға қызметтік хаттар жолданды», дейді Қызылорда облысының СЭБД басшысы орынбасары Ерлан Ұзақбаев.

«ББҚ-ның дәлелденген емдік әсері бар ма?» деген сауалымызға жауапты жоғары санатты дәрігер-терапевт, пульмонолог, об­лыс­тың штаттан тыс бас аллергологі Айнұр Смахановадан таптық. Айнұр Қорғанбекқызы қоспаның дәлелденген емдік әсері жоқ екенін бірден айтты. Оның негізгі функ­циясы емдеу емес, ағзадағы қоректік заттар­дың жетіспеушілігін толтыру. Өйткені қоспалар көпсатылы клиникалық зерттеулерден өтпейді. Нақты бір диагноздың емі ретінде тіркелген де емес.

«Қазіргі басты мәселе – оның дәрі-дәрмекке балама ем ретінде жарнамалануы. Оған сенген науқастардың терапияның дәлелденген әдістерінен бас тартып, күмәнді қоспалар ішіп кеткен жағдайлары да кездесіп жатыр. Онкологиялық ауруға шалдыққандар да жарнамаға иланып, көп уақыт жоғалтып жатқанын көріп отырмыз. Тиімсіздігін былай қоғанда, бұл ең алдымен адам өміріне қауіпті», дейді тәжірибелі дәрігер.

 «Табиғи, қауіпсіз» деген қоспаны жөн-жосықсыз ішкен талайлар сан соғып қалып жатыр. Көптеген табиғи қосылыстардан пайда болатын фармакологиялық белсенділік аллергиялық реакцияларды тудырып, дәрі-дәрмектермен араластыра ішкенде денсаулыққа теріс әсер етеді.

«Мысалы, көп қоспаның құрамында кездесетін шайқурай тұнбасы ісікке, вирусқа қарсы дәрілердің, гормоналды препараттардың әсерін төмендетуі мүмкін. Омега-3-ті жиі ішкендердің ағзасында уытты заттар пайда болады. Тағы бір ескеретін нәрсе – қоспаның құрамы мен сапасы ешқашан оған жасалған жарнамаға сәйкес келмейді. Зертханалық тексерулерде ББҚ құрамынан белсенді заттардың, ауыр металдардың, зиянды қоспалардың немесе тіпті декларацияланбаған дәрілік компоненттердің артық дозалары анықталып отыр. Бұл әсіресе әлеуметтік желі немесе күмәнді сайттар арқылы онлайн сатып алынған өнімдерге қатысты», дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, диеталық қоспалардың онкологиялық емдеуге балама ретінде берілуі жай медициналық қателік емес, науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдай. Мұндай науқастарға ғылыми не­гіз­делген тәсіл ғана көмек бере алады. Халықаралық онкологиялық қауымдастықтар мен заманауи медицина ғылымы осыған дейін диеталық қоспаның қатерлі ісік ауруын емдеген бір де бір фактіні анықтаған жоқ. Бірақ қатерлі ісік диагнозын естіген жан әлеуметтік желілерде, форумдарда ұсынылып жатқан «аурудың бетін қайтарған ғажайып өнім» тура­лы жарнамаға имандай сенеді.

Мамандар мұның алдын алу үшін ең алдымен сенімді медициналық ақпаратты манипуляциялық жарнамадан қалай ажы­ратуға болатындығын түсіндіру керек деген пікірді ұстанып отыр. Бұл бағытта ден­саулық сақтау мекемелері БАҚ материалдары, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізуі керек. Диеталық қоспалардың насихаттау кезінде бірқатар елдерде қолданылатын тәжіри­­бедегідей «қатерлі ісік ауруын ем­дейді», «метас­таздарды жояды» дегенге мүлдем ты­йым салған жөн.

 Елімізде диеталық қоспалар толыққанды клиникалық сынақтардан өтпей, көбіне санитарлық-гигиеналық сараптамамен ғана шектеледі. Оның сыртында сырттан толық­қанды сараптаманы айналып өтіп, кәдімгі тамақ өнімі ретінде келіп жатқандары да бар. Сондықтан да дәріханада сатылатындардың бәрі дәрі еместігін, әдемі қаптама мен жоғары баға тиімділіктің көрсеткіші болмайтындығын ашық айту керек.

«Денсаулық сақтау министрлігі былтырдан бері биологиялық белсенді қоспаларды міндетті цифрлық таңбалау жөніндегі қанат­қақты жобаны қолға алды. Өндірушіден тұты­нушыға дейінгі жолды бақылауға мүм­кіндік беретін жобаның алғашқы нәти­желері де жаман емес. Алғашқы кезекте тиісті тіркеуден өтпеген заңсыз немесе жалған өнімдер анықталды. Таңбалау арқылы ресми түрде әкелінген және сертификатталған диеталық қоспаларды көлеңкелі өнімдерден, әсіресе интернет-саудада сатылатындардан ажырату оңайлады. Бағдарламаға қатысатын өндірушілер мен дистрибьюторлардың құжаттарды рәсімдеуге, дозаларды сақтауға және өнімнің сапасын бақылауға мұқият қарай бастағаны байқалады. Қаптамадағы QR кодтары арқылы тұтынушылар телефон арқылы құрамы, шыққан елі, шығарылған күні, мемлекеттік тіркеу, өнімді жеткізу жолы туралы ақпарат ала алады», дейді маман.

Мамандар пікірінше қанатқақты жобаның әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар. Ең бас­тысы – халық саулығын сақтау бағытындағы бұл бастама елдің мемлекеттік бақылау тетіктеріне деген сенімін арттыра түспек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА