• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Отбасы Бүгін, 10:05

Еңбекпен есейген әулет

190 рет
көрсетілді

Балтабек Ләтіппайұлы мен Зібайда Зейноллақызы Жахияновтар төрт баладан он бес немере, бір шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Елу жылдан бері өмірдің ыстық-суығын қол ұстасып бірге еңсеріп келе жатқан ерлі-зайыптылардың өмір жолы көпке үлгі.

Қазір олар Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Ақжар-2» тұрғын үй алабында үлкен ұлы Өмірбектің отбасымен бірге тұрады. Зібайда апай Өмірбек пен Самалдың алты баласына да бағдар беріп, келініне қолғабыс жасаудан жалыққан емес. Білетіндер осы үйдің балаларын кез келген жұмыстан қашпайтын, еңбекқор, тындырымды,  қайырымды деп бағалайды. Расында да Балтабек ағай мен Зібайда апайдың бала тәрбиесіндегі ұстанымы – адал ең­бекпен табыс табу. Осы қағида  әкеден балаға жалғасып, одан немереге ауысып барады.

Балтабек ағай мен Зібайда апайдың өмір жолы бір қара­ғанда қарапайым сияқты көрінсе де, мазмұнға толы. Отағасы 1970 жылы Қарабұтақ ауданының Ақкөл ауылдық мектебін бітірген соң еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. Трактор тізгіндеген жігіт кең­шардың шөбін де шапты, отын-суын да тасыды. 1975 жылы Ақ­көлде сауыншы болып еңбек жо­лын бастаған Зібайда Зейнол­лақызымен шаңырақ құрды.

1980–1990 жылдары кеңшарда 15 мың бас ірі қара болған екен.  Жері құнарлы, шөбі шүйгін, суы мол жерде ауылдың барлық адамы­на жұмыс табылып, табыс­ты  шаруашылыққа айналған. Кейін Зібайда апай ауданның балабақшаларына  кеңшардан жаңа сауылған сүт жеткізумен айна­лысты. Екі ұл, екі қыз өсіріп жеткізіп, 2016 жылы зейнеткерлікке шықты. Балтабек ағай 1978–1993 жылдар аралығында кеңшар та­раған­ша малшы болып еңбек етті. 2005 жылы Ақтөбе қаласына отбасымен көшіп келді. 2018 жылы зейнет демалысына шықты.

Балтабек ағай жаңа отау көтер­ген жастарды тату болуға үн­деп отырады. «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жан­жал туса, ашуды сабырға, ақылға жеңдірген жөн. Отағасы – ер адам үйдегі ұсақ-түйекті тізбей, әйел-баласынан кемшілік іздемей, жұмыс істеп, отбасын асырауды ойлауы керек. Ер-азамат түздің шаруасын үйлестірсе, үйдің шаруасын үйіріп, бала тәр­биесімен айналысатын – әйел ана. Шаңырақтың береке-бірлігі ананың қолында. Ақылды әйел ағайынды табыстырып, ынтымақ-берекеде ұстап, балаларды туыс­тарымен жақындастырады. Менің айтпағым, ерлі-зайыптылар бір-бірінен кемшілік іздемей, жаманын жасырып, жақсысын асырса игі. Әке-шешенің сыйластығын көр­ген бала да көргенін қай­та­лайды», дейді үлкен әулет иесі.

 

Ақтөбе облысы