Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру мақсатында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді, деп жазады Egemen.kz.
2025 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Гонконгтың Көлік және логистика бюросы арасында әуе қатынасы мәселелері бойынша келіссөздер өтті.
Қазақстан делегациясына Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ал Гонконг делегациясына Гонконгтың Көлік және логистика бюросының Бас хатшысының көмекшісі Келвин Ма жетекшілік етті.
Келіссөздердің нәтижесінде, әр елдің әуе компаниялары үшін рейстер саны аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайтылды. Оның ішінде аптасына 7 рейс «ауа кеңістігінің бесінші дәрежелі еркіндігі» қағидасы бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар үшін Гонконг әуежайының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ гонконгтық әуе компанияларына қазақстандық әуежайларды қолдануға мүмкіндік береді.
Келіссөздер барысында гонконгтық «Cathay» әуе компаниясының өкілі жаңа әуе кемелерінің келуін ескере отырып, Қазақстан Республикасына тікелей рейстер ашу жоспары бар екенін жеткізді.
Құқықтық базаның кеңейтілуі мен әуе қатынасының қайта жандануы елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
«Cathay» әуе компаниясы – әлемдегі ең ірі жолаушылар мен жүк тасымалдаушы әуе компанияларының бірі. Әуе компаниясы әлем бойынша 100-ден астам бағытқа ұшады. Ұшақ паркі 170-тен астам әуе кемесінен тұрады және компания қазіргі таңда ұшақтар санын одан әрі арттыру жұмыстарын жүргізуде.