• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

«Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындары салтанатты түрде ашылды

30 рет
көрсетілді

Алматы облысында ауыл спортының ең ірі додаларының бірі – «Ақ бидай – 2025» республикалық ойындары басталды, деп жазады Egemen.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар, бапкерлер және спорт сүйер қауым жиналды. Биылғы ойындар он күнге созылып, ауылдық жерлерден шыққан дарынды спортшыларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ақ бидай» турнирінің басты мақсаты – ауыл жастары арасынан үздіктерді іріктеп, олардың кәсіби спортқа жол табуына ықпал ету. Жарыс бағдарламасына 20 спорт түрі енгізілген.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым да қатысушыларға сәттілік тілеп, ауыл спортының ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

«Баршаңызды республикалық VIII «Ақ бидай – 2025» ауыл спорт ойындарының ашылуымен құттықтаймын! «Ақ бидай» – ауыл спортының дамуына серпін беретін, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын ерекше мүмкіндік. Биылғы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан үш мыңға жуық ауыл спортшысы қатысып отыр. Бұл дода тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, ынтымақ пен достықты нығайтуға қызмет етеді», – деді ол.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын атап өтіп, Алматы облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Өңірде 25 мыңнан астам спортшы 67 спорт түрімен айналысады. Тек биылдың өзінде жергілікті спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 1336 медаль жеңіп алған.

Айта кетейік, «Ақ бидай – 2025» ойындары өңірлер арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтып, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етпек.

Алматы облысы.