«Адамзаттың бәрін сүй» деп Абай жырлағандай, барлық діннің түбі – сүйіспеншілік пен махаббатқа құрылған. Олардың өзара тату, бейбіт өмір сүруі жаһан жұртының бірлігіне жол ашпақ.
Елордадағы Ұлттық музейде «Әлемнің діни дәстүрлерінің баға жетпес қазыналары» атты көрме ашылды. Іс-шара Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі мен жас діни лидерлердің II форумы аясында ұйымдастырылды. Көрменің ашылуына съезд делегаттары, жас діни лидерлер, сондай-ақ ғылым мен өнер қайраткерлері қатысып, ойларын ортаға салды.
Алғаш сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Әнуар Хатиев діндердің ортақ тұсын атап өтті.
– Адамзаттың моральдық бағдарын ғасырлар бойы қалыптастырған діни дәстүрлер осы экспозицияда қайта тірілгендей. Мұндағы әрбір жәдігер – айырмашылықтарға қарамастан, барлық діндер ізгілік, даналық және адамсүйгіштіктің ортақ нұрын жеткізетінін еске салады, деді ол.
Көрмеде Ұлттық музей мен Бейбітшілік және келісім музейінің қорларынан алынған құнды жәдігерлер қойылыпты. Атап айтсақ, христиандық иконалар, айқыштар, ислам дініне тән қасиетті Құран, каллиграфия өнерінің туындылары, индуизмдік құдай мүсіндері, шамдар, ғұрыптық бұйымдар, буддизм дінінің дұға моншақтары, дыбыс шығаратын тостағандар көрермендерге ұсынылған.
Іс-шарада Конфессияаралық және дінаралық диалогтің халықаралық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Есбергенов қысқа да нұсқа жәдігерлерге түсініктеме беріп өтті.
– Залда ұсынылған экспонаттар – адамзаттың Құдіретке, мән-мағынаға, ішкі үйлесімге ұмтылысының куәсі. Қасиетті мәтіндер, ғұрыптық бұйымдар, өнер туындылары – мұның бәрі әр жүрекке түсінікті тілде сөйлейді, – деді ол.
Дін маманының сөзінше, бұл шара – жаһандық деңгейде өзара түсіністік, үйлесім мен келісімнің негізін нығайтатын рухани бастама болып отыр.
Айта кетейік, көрме 25 қыркүйекке дейін жалғасады.