Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс» деген еді.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – әрбір оқушының сапалы білім алуына жағдай жасап, инклюзивті оқытуға айрықша көңіл бөлуінде. Бұған Астана қаласындағы №116 жалпы орта білім беретін жаңа мектепке барғанымызда анық көз жеткіздік.
2025–2026 оқу жылы аясында ашылған еңселі де заманауи ғимаратта қазір 2 877 оқушы білім алып жатыр. Әр сыныпта 24 оқушыдан аспайды. Мектеп директоры Элмира Ілиясованың айтуынша, бұл білім ошағында ерекше балаларға да тең жағдай жасалған.
«1-8 сыныптар бойынша 50 оқушы ерекше білім алуды қажет етеді. Оларға педагог-ассистент, логопед, психолог, әлеуметтік педагог, дефектолог мамандар көмектеседі. Мұғалімдер еліміздің әр өңірінен келген. Сондай-ақ үш ауысыммен оқитын көршілес мектептерден біраз оқушы бізге ауысты. Балалар жаңа мектепті жақсы қабылдап жатыр. Мектеп инфрақұрылымы да өте кең. STEM зертханалары, IT-кабинеттер, роботтехника бөлмелері, би және спорт залдары бар. Сондай-ақ хоккей корты, қысқы алаңдар жұмыс істейді. Барлық үйірмені тегін ашуды жоспарлап отырмыз», деді ол.
Сонымен қатар мектеп директоры «Адал азамат» жобасының аясында алты бағыт бойынша жұмыс істеп жатқандарын атап өтті.
«Соның ішінде ерекше тоқталатынымыз – «Балалар кітапханасы» жобасы. Бұл жоба үш тілде жүргізіледі. Алдымен қазақ тіліндегі кітап оқытылады, содан кейін тест тапсырады. Кейін орыс тілінде, одан соң ағылшын тілінде көркем әдебиет ұсынылады. Барлық үш кезеңнен өткен соң оқушылармен сұхбат жүргізіледі. Жеңімпаздар мамыр айында бағалы сыйлықтармен марапатталады», деді Э. Ілиясова.
Ал 7-сынып оқушысы Дінмұхаммед Дәулеткелдіұлының айтуынша, мектепте ерекше балаларға жақсы жағдай жасалған.
«Біздің мектепте бір емес, төрт спорт зал бар. Сонымен қатар мұнда жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер орнатылған. Өзіме химия пәні ерекше ұнайды. Себебі осындағы зертханада түрлі тәжірибе жасауға арналған заманауи құралдар өте көп», деді ол.
Бұл жоба білім беру жүйесін жаңғыртуда, оқушыларға білім алудың жаңа форматын ұсынып, еліміздің болашағы үшін білімді, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Жобаның жүзеге асуы білім беру саласындағы өзгерістердің бастамасы және болашақта еліміздің экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуына әсер етеді.