Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) базасында «Nexus» институтын құру туралы келісімге қол қойылды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл — жер ресурстарын, су қорларын, энергияны басқару және биологиялық әртүрлілікті сақтау салаларында кешенді әрі орнықты шешімдер әзірлеуге бағытталған ғылыми-білім беру орталығы.
Институт өңірлік және халықаралық серіктестердің ғылыми әлеуетін біріктіретін платформа ретінде жұмыс істейтін болады.
Бұл бастама Ұлттық ғылым академиясы, KazNARU және DKU Қазақстан-Неміс университетінің ынтымақтастығымен, Ханнс Зайдель қорының стратегиялық қолдауымен жүзеге асып отыр.
Институттың басты мақсаты – жер, су, энергия және биоалуантүрлілікке қатысты өзара байланысты мәселелерді ғылыми тұрғыда шешу арқылы аймақтың орнықты дамуына үлес қосу. Бұл ретте пәнаралық зерттеулерге, халықаралық академиялық ұтқырлыққа және Орталық Азия үшін жоғары білікті мамандар даярлауға баса назар аударылады.
Ұлттық ғылым академиясының мәліметіне сүйенсек, институт қызметінің төмендегі негізгі бағыттарды қамтиды:
Су және жер ресурстарын орнықты басқарудың саясатын әзірлеу; Табиғи ресурстарды басқаруға арналған цифрлық шешімдерді енгізу; Климаттың өзгеру жағдайында жұмыс істейтін кадрларды даярлау;Жердің тозуы мен шөлейттенуінің алдын алуға бағытталған тәжірибелерді ілгерілету.
Неміс серіктестері, соның ішінде Ханнс Зайдель қоры, институтқа зерттеу бағдарламаларын іске қосудан бастап стратегиялық сессиялар өткізу мен білім беру платформаларын дамытуға дейінгі аралықта қаржылық және сараптамалық қолдау көрсететін болады.
«Nexus» институтының құрылуы – Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам әрі аймақтық сын-қатерлерге жауап бере алатын және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін орнықты академиялық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған тың бастама.
АЛМАТЫ