Қала күнін қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өту алматылықтар үшін дәстүрлі шара, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі сәтте қала аумағында концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдер және түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мерекелік бағдарламалар Астана алаңындағы концертпен басталды.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды алматылықтарды және мегаполис қонақтарын мерекемен құттықтап, «Баршаңызды шын жүректен Қала күнімен құттықтаймын! Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, еліміздің жаңа дәуірі басталған шаһар. Алматының басты құндылығы – оның тұрғындары. Сіздердің еңбектеріңіз, бастамашылдықтарыңыз бен белсенділіктеріңіз қаламызды жарқын әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналдыруда. Біз Алматыны заманауи, жайлы әрі өркендеген қала ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге бірқатар маңызды міндет жүктеді. Солардың ішінде экологияға, қауіпсіздікке және қалалық ортаның сапасына айрықша мән берілуде», – деп атап өтті.
Дархан Сатыбалды атап өткендей, бұл міндеттерді орындау үшін қалада бес негізгі даму бағыты айқындалған. Олар – көлікті жаңғырту, экологияны жақсарту, бизнесті қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындармен ашық диалогты нығайту. «Осы басымдықтарды жүйелі жүзеге асыру Алматыны шынымен жасыл, қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы мегаполиске айналдырады.
Қала әкімі мерекелік шара кясында Alma Fest–2025 фестиваліне қатысты. Тұңғыш Президент саябағында өткен мерекеде фермерлер 100 тоннаға жуық алма әкелді. Қонақтар сүйікті сорттарының дәмін татып, түрлі көрмелер мен ұлттық дәстүрлерге толы іс-шараларға қатысты. Саябақ аумағы дәстүр бойынша егін мен мәдениеттің үлкен мерекесіне айналды. Мұнда алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі, гастрономиялық алаңдар, балмұздақ фестивалі және ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастырылды.
Жалпы Қала күні аясында Алматыда мазмұнды бағдарлама әзірленді. Барлық аудандарда экологиялық акциялар, жәрмеңкелер, флешмобтар, кітапханаларда әдеби кештер және мұражайларда тақырыптық көрмелер өтуде. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды, спорттық жарыстар мен басқа да мәдени әрі қоғамдық іс-шаралар өтіп жатыр.
АЛМАТЫ