• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 18:18

Ұлттық құндылықтарды дәріптеген экспедиция

20 рет
көрсетілді

Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры биыл ел руханиятына тың серпін беретін игі істі қолға алды. Олар ұйымдастырған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция қыркүйектің 15-інде жолға шығып, Қарағанды, Жезқазған және Ұлытау өңірлерін аралады, деп жазады Egemen.kz.

Бұл сапардың мақсаты – ұлт тарихына, этнографиясына қатысты құндылықтарды зерттеп, кеңінен насихаттау.

Экспедиция құрамында ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары,аппарат жетекшісі,ақын-жазушы Ғалым Қалибекұлы,"Егемен Қазақстан" газеті Бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан,Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры,ақын Серік Қалиев,ақын Бақытбек Бәмішұлы,жазушы Айзат Рақыш,ақын Дүйсенәлі Әлімақын болды.

Сапардың ең маңызды сәттерінің бірі – Ұлытауға бағыт алған кезең еді. Тарихи өңірде экспедиция мүшелері Алаша хан мен Жошы хан кесенелеріне аялдап, сан ғасырлық тарихқа куә болды. Қазақ мемлекетінің іргетасы қаланған Ұлытаудың әр тасы – шежіре, әрбір ескерткіші – елдіктің айғағы.

Экспедиция мүшелері мұндай сапардың тек ғылыми-танымдық емес, тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Өйткені тарихи орындарды аралау арқылы жас ұрпақтың ұлттық тамырға деген қызығушылығы артады, ел тарихына құрметі күшейеді.

Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры осы бастамасы арқылы этнография мен руханиятқа жаңа дем беруді көздеп отыр. Ал Жазушылар одағы үшін мұндай шара – әдебиет пен тарихты тоғыстыратын үлкен мүмкіндік.

Экспедиция мүшелері сапар барысында жинаған деректерін алдағы уақытта ғылыми мақалалар мен көркем туындыларға арқау етуді жоспарлап отыр.

Ұлы дала төсінде өткен бұл тағылымды сапар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, халқымыздың тарихи жадын жаңғыртқан мәнді оқиға болып есте қалды.