«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы қалада дүниеге келген сәбилерге қойылатын ең танымал есімдер туралы қызықты мәлімет ұсынды.
Соңғы жылдары ата-аналардың талғамы өзгеріп, балаларға шығыстық үлгідегі әдемі есімдерді жиі қоятын болған. Мәселен, бұл күндері қыздарға – Маруа, Хадия, Айсафи, ал ұлдарға – Омар, Әбу Бәкір, Ибрахим есімдерін көбірек қоя бастады.
Сонымен қатар қазақы дәстүрлі есімдер де өз маңызын жоғалтпай келеді. Қыздар арасында – Көркем, Аяулым, Айкөркем, ал ұлдар арасында – Ертұлға, Әміре, Дарын есімдері жиі кездеседі.
«Әр есім – ата-ананың жүрек қалауынан туған ерекше таңдау. Ол баланың болашақтағы бейнесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева.
Айта кетсек, туу туралы куәлікті рәсімдеуді қазір онлайн түрде де жасауға болады. 2025 жылдың басынан бері Шымкентте 20 мыңнан астам нәрестеге туу туралы куәлік берілген.