Биылғы егін орағында алыстағы шаруашылықтарға жанар-жағармайдың кідіріссіз жеткізілуі, қыркүйек айының жауын-шашынсыз болуы астықты рәсуасыз жинап алуға мүмкіндік беріп отыр.
Әйтеке би ауданының Сұлукөл ауылдық округіндегі «Алтынсарино» ЖШС сол мүмкіндікті кеңінен пайдаланып жатыр. Бүгінде серіктестік механизаторлары екі ауысымда жұмыс істеп, қыркүйектің соңына дейін бидай мен арпаны қамбаға жинап алуды жоспарлап отыр. Ауданда қысқа бидай сақтайтын қамбалар сақталған. Әйтеке би ауданындағы ірі шаруашылықтар еңбеккерлері мен көпбалалы отбасыларға, қарттарға бидай мен арпаны тегін беретін жақсы дәстүрі бар. Осы ретте Әйтеке би ауданының тәжірибесінен өзге аудандар үлгі алуға тиіс.
Қанша дегенмен ауданда пайдаланылмай жатқан бос жерлер де жеткілікті. Өңір басшысы Асхат Шахаров Әйтеке би, Хромтау аудандарына сапары барысында ауданда пайдаланылмай жатқан 25 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға тапсырма берді. Бұл – көбінесе не мал өсірмейтін, не егін егуді дұрыс ұйымдастыра алмаған шаруа қожалықтарына қатысты мәселелер. Сондай-ақ алдағы күндері ауыл шаруашылығын қаржыландыруға қатысты жасалатын өзгерістерге шаруалар да назар аударып отыр. Субсидиялаудың орнына электронды базаға енгізілген нақты мал санына байланысты мемлекеттік қолдауға ие болу шын мәнінде мал, егін шаруашылығымен айналысатын адамдарға тиімдірек. Жемқорлықтың жолын кесетін бірден-бір жол – мал басын есептеудегі цифрландыру тәсілі. Сондай-ақ аудан тұрғындары мал өнімдерін өңдеу мен ет-сүт сатуда мемлекеттік органдардың делдалдарсыз жолдарын ұйымдастыруын жақтайды. Бұл жерде шаруа еңбегінің бағаланғаны керек. Жалпы, Әйтеке би, Хромтау ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары ет-сүт өнімдерімен екі ауданды толық қамтамасыз етіп отыр. Мұндай нәтижеге жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуы, соның ішінде бір ауылдық округте мал бағатын, егін егіп, мал азығын дайындайтын қожалық үлестерінің тең болуы әсер етіп отыр.
Қызылсу – Хромтау қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан, автокөлік жолдарына жақын, 302 тұрғыны бар, іргелі ауыл. Кейінгі екі жылда Ор өзені жақсы тасып, көктемде бұрынғы шабындық жерлеріне жайылғандықтан, биыл шөптің шығымы жоғары. Қызу еңбек қайнап жатқан ауылда 30 қожалық тіркелген. Оның тең жартысы ірі қара өсірумен айналысса, қалғаны жем-шөп әзірлеумен, бидай егумен шұғылданады. Ауыл әкімі Әскербек Жұмабековтің айтуынша, Қызылсу ауылдық округінде ірі қара малының басы былтырғымен салыстырғанда 84%-ға артқан. Мұнда еңбек бөлінісі жақсы сақталған. Соның арқасында ауыл адамдары жем-шөпті арзан бағаға сатып алып, қысқа әзірлеп қойыпты.
Жақсы жөнделіп, жұрттың игілігіне уақытында пайдалануға берілген әрбір әлеуметтік нысан ауылдың ажарын ашады. Қызылсу тұрғындары пайдалануға берілгеніне 40 жыл болған амбулаторияның жөнделіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуін, науқастарды аудандық ауруханаға жедел жеткізетін арнайы көліктің қажеттігін айтып жүретін. Биыл жазда «Ауыл – ел бесігі» жобасымен емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, арнайы санитарлық көлік берілді. Осы ретте «Южпромснаб», «Алтай-Атырау» серіктестіктері емдеу мекемесінің қажетіне 12 млн теңге бөлгенін атап өткен жөн. Қазір Қызылсуда бір жалпы тәжірибедегі дәрігер, бір медбике мен санитар қызмет етеді.
Облыс басшысы Асхат Шахаров былтыр күрделі жөндеу жүргізілген мектепке де барды. Қазір мұнда 58 бала оқиды, оларға 17 мұғалім сабақ береді. «Қазақстан халқына» қоры арқылы оқу орнына 10 млн теңге бөлініп, биология, химия, физика, технология, ағылшын тілі кабинеттеріне жаңа құрал-жабдық сатып алынған.
«1983 жылы салынған мектепке былтыр ғана алғаш жөндеу жүргізілді. Бұрын ғимарат қараңғы әрі суық болатын, жылу жүйелері жиі істен шығатын. Барлық жылу, су желілері қайта қондырылып, шатыр, есік-терезе жаңаланып, ауласына спорттық жаттығуларға, балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Бүгінде мектебіміз жылы әрі жарық, интерактивті оқу құралдары бар. Пәндік зертхана кабинеттері ашылып, оқушыларымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік туды» дейді мектеп директоры Әліби Сағидуллин.
Тұрмысқа, шаруаға жайлы болғанымен, бұл жақта да ауыл тұрғындарын тұрақтандыру мәселесі өзекті болып отыр. Мұның бір жолы – орта мектеп мәртебесін сақтап қалу үшін ауылға жас отбасыларды тарту. Осы мақсатта ауылда екі екіпәтерлі үй салынып, оған төрт көпбалалы отбасы қоныстандырылды. Қазірде ауылға келген әр балаға қуанатындай жағдай туған. Келген оқушылар мектептің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Өңір басшысы аудан әкіміне Қызылсуға қоныстанғысы келетіндерге тұрғын үй салуға жер телімін бөлу жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұл қадам ауылға жаңа отбасыларды тартуға, мектептегі оқушылар санын арттыруға, ауылдық округтің дамуына ықпал етеді.
«Ауылымыздың жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлік амбулатория жөнделді, мектеп жаңарды. Дәрігерлер тұрғындарды тексеруден өткізіп тұрады. Бұл жақта еңбек еткен жандар жақсы бағаланады. Бау-бақша өсіріп, мал, құс ұстап, еңбектене білген жөн. Облыс орталығы да қашық емес. Шаруаға жайлы өлкені бос тастауға болмайды. Ендігі жерде ауыл адамдары жасаған табиғи таза өнімдерді қалада сатуға болатын мүмкіндік туғызса деген ұсыныс бар. Бұл қала тұрғындарына да, біздерге де тиімді болар еді. Әрі сырттан азық-түлік сатып алуды азайтады», деді ауыл тұрғыны Бағила Қосжанова.
Кездесуде тұрғындар ауылға кіреберісте жаңа көпір салынып, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылғанын атап өтті. «Жастарға ауылда да жақсы өмір сүріп, еңбек етуге болатынын көрсетуіміз керек. Қызылсуда жарық, су, байланыс бар, жол жөнделіп жатыр, мектеп жаңартылды. Кейінгі екі жылда өңірде елді мекендердің дамуына 2,5 млрд теңге бөлінді. Жастардың ауылда қалып, шаруашылықты дамытып, кәсіпкерлікпен айналысқанын қалаймыз. Мемлекетіміз субсидиялау жолымен шаруаларды қолдап келеді. Бұл әлі де жалғасын табады. Елді мекендерде әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Ауылдарда өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты барлық жағдайды жасай береміз», деді облыс әкімі А.Шахаров.
Ақтөбе облысы