• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:58

Қауіпсіз жол – транзиттік табыс кепілі

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауда Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан еліміздің стратегиялық міндеттерінің бірі көлік-логистика саласын дамыту, өңіраралық көлік байланыстарының сапасын жақсарту екенін баса көрсетті.

Бұл орайда ел аумағы арқылы өтетін транзиттік дәліздердің дамуы сыртқы сауда айналымы­ның ұлғаюына ықпал етуге тиіс. «Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен бел­гілі. Былтыр территория­мыз арқылы жүк тасымалдау кө­лемі 1 млрд тоннадан асты. Соны­мен қатар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі», деп нақтылап көрсеткен еді.

Расында, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты халықаралық көлік-логистика да жаңа сипатқа ие бола бастады. Соның ішінде құрлықтағы ауыр жүк көлігі тасымалы ұлғайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерін дамыту еліміздің көлік-логистика саласындағы әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвес­тиция тартуға, халық­аралық нарыққа шығуға жол ашады. Президент атап өткендей, бұл орайда цифрлық шешімдер де кеңінен қолданылуға тиіс. 

Осы тұрғыда еліміздің негізгі транзиттік артерияларының бірі – «Самара – Шымкент» тасжолының маңызы да арта түсті. Өйткені жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын көлік дәлізінің 90%-ы еліміздің аумағынан өтеді. Осыдан 20 жыл бұрын қайта салынғанына қарамастан, еліміздің 6 өңірінің үстінен көктеп өтетін тасжолдың жағдайы жұртшылықты алаңда­тып жүр. Ақтөбе облысының үстінен өтетін 500 шақырымнан асатын бөлігінің жағдайы орташадан төмен. Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ырғыз аралығы, одан Қызылорда облысының Арал ауданымен шектесетін бөлігі өте тар. Әсіресе Ырғыз – Арал арасын­дағы 90 шақырымдық елсіз дала­да екі жүк көлігі тығылысып өте­тін тұстары өте көп. Күз бен қыс мезгілдеріндегі көктайғақта бұл жерде қозғалыс тіпті қиындайды. Қақаған қыста дизельді отынмен жүретін ауыр көлік тұрып қалса, ешкім көмекке келмейді. Қаншама көлік жүргізушісі қайғылы жағдайға да тап болды.

Көлік министрлігі екі жыл бұрын «Самара – Шымкент» тасжолының ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағытындағы 66 шақырымды өте апатты жағдайда деп жариялады. Облыстық Полиция департаментінің дерегіне қарағанда, дәл осы жол бөлігінде өткен жылы 24 көлік апаты болып, 14 адам қаза болған, 46 адам түрлі жарақат алған. Биылдың өзінде осы тұста 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тауып, 51 адам жара­қат алыпты. Сол себепті жол апаты жиі орын алатын ең апатты бөлігін 1-техникалық санатқа сәйкес келтіріп, қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды.

Қайта құру жұмыстары 7 учас­кеге бөлініп, біріншісінде жұмыс 2024 жылы басталды. Бүгінде жөндеу жұмысы Хром­тау ауданының Ақжар елді ме­кені, Жазық теміржол бекеті тұ­сын­­дағы 791-819 шақырым ара­лы­ғында жүргізіліп жатыр. Бұл аралықтың ұзындығы – 28 шақы­рым. Мердігері – «Сине Мидас Строй» ЖШС. Жобаға республикалық бюджеттен 57 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 23 шақырымда асфальт жабындысының бірінші қабаты төселіп, 11 шақырымы пайда­лануға берілді. Қараша айын­да бүкіл 28 шақырымды толық ашу жоспарланып отыр.

Бұл учаскеде екі көпір мен екі жолайырық салынып жатыр. Олардың бірі – Жазық теміржол өткелі, екіншісі – Тассайға апаратын тасжол үстіндегі жолайырық. Жол құрылысына 500-ге жуық жұмысшы және 327 техника тартылған. Қазірде жол салушылар техникаларымен қызу жұ­мыс үстінде. Олар бір жағынан жол бөліктерін кеңейтіп, екінші жағынан асфальт жамылғысын салып, күн суытқанша аяқтауға тырысып жатыр.

«Сине Мидас Строй» ЖШС басшысы жол құрылысына қажетті материалдардың уақы­тында жеткізілгенін, өндіріс­тік базасында 3 тас ұнтақтайтын зауыт пен битум сақтайтын қоймасы бар екенін мәлімдеді.

Жаңбыр жауып, лайсаң басталғанша Хромтау жағынан Ақтөбе қаласы бағытына қарай өтетін жолды дайындап үлгереміз дейді. Жол сапасын Ұлттық жол сапасы орталығы мен техникалық қадағалау мекемелері бақылап жүр. Осылайша, бас мердігер халықаралық транзиттік жолдың Хромтаудан Қарабұтаққа дейін­гі күрделі 56-66 шақырым­дық бөлі­гінің 28 шақырымы қыс түскенше аяқталады деп сен­дірді. Қалған 6 бөлігіндегі жөн­деу жұмысы келесі жылдары жалға­сып, толық төрт жолақты етіп салын­бақшы. Әзір­ше қалған 40 шақы­ры­мын қайта жөндейтін мердігер анық­талмаған. Оның хабары келесі жылдың көктемінде шығуы мүмкін.

Осылайша, Ақтөбе облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар «Самара – Шым­кент» автожолының қайта жаң­ғыр­тылуы елдің транзиттік әлеуе­тін арттыруда шешуші рөл атқарады. Қайта жаңғыртудан кейін жол қауіпсіз әрі ыңғайлы болса, көлік ағынының артуы логистикалық тиімділікті едәуір күшейтуге тиіс. Геосаяси өзгеріс­тер кезінде елдерді жалғас­ты­­рып жатқан қауіпсіз көлік жол­да­рының маңыздылығы арта түсері сөзсіз. Қауіпсіз жолдар эко­но­миканың тамырына да қан жүгіртеді.

 

Ақтөбе облысы