• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Газадағы гуманитарлық дағдарыс: Қазақстан әлемге үндеу жасады

20 рет
көрсетілді

Палестинаның Газа секторындағы күрделі ахуал – әскери қимылдар мен гуманитарлық дағдарыс барған сайын күшейіп бара жатыр. Байланыстың жоқтығы да ондағыларға көмек жеткізуді айтарлықтай қиындатып отыр. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы мен гуманитарлық ұйымдар Газа халқының аштыққа жақындап қалғанын ескертіп, дабыл қаққалы қашан...

Газа секторындағы өмірдің тозаққа айнал­ғаны соншалық, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы ушығып, ауруханалар отын мен қажетті ресурс­тардан біржола қол үзген. Бұл жағдай медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне кедергі келтіріп, жұқпалы аурулардың да таралу қаупін күшейе түсті.

Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, секторда қақтығыс басталғалы бері 65 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты деген дерек бар. Көз жұмғандардың көбі – әйелдер мен балалар. Ал жарақат алғандар саны да аз емес, дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың тапшылығы­нан жаралыларға толыққанды көмек көрсете алмай, дәрігерлер де дәрменсіз күйде қалды.

Әлемдік қауымдастық та қос тарапты, әсіресе Израиль әскерін атысты тоқтатуға және гуманитарлық дәліз ашуға шақырып, барын салып жатыр. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері соғысты тоқтатып, гуманитарлық көмекті бөгетсіз жеткізуді талап етті.

Соған қарамастан Газа сек­торындағы жағдай күн сайын ушығып барады. Әскери әре­кет­тердің күшеюі мен гуманитар­лық дағдарыстың ауырлауы халықаралық қауымдастықтың шындап араласуын талап етіп отыр. Бейбіт тұрғындарды қор­ғап, қақтығысты тоқтатып, көмекке жол ашылмаса, Газадағы жағдай тіпті жантүршігерлік күйге түскелі тұр.

Осындай күрделі ахуалға алаң­­дап, тамыз айында өткен бри­фингтердің бірінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те кезекті мәлімдесін жеткізген. Онда ол Газа қираған үйінділерге, қаза тапқан денелерге толып жатқанын айтып, халықаралық құқықтың адам төзгісіз деңгейде бұзылып жатқанына мысалдар келтірген.

«ХАМАС пен өзге де топтар ұстап отырған тұтқындар босатылуға тиіс және олардың төзуге мәжбүр болған сұмдық қатыгездік әрекеттер тоқтатылуы керек. Мен ең алдымен тағы да тараптарды тұрақты бітімге, Газаға бет алған гуманитарлық көмек­тің жолын бөгемеуге, барлық тұтқынды дереу әрі шартсыз боса­туға шақырамын. Бейбіт, бейкүнә халықты аштыққа ұшырату соғыс жүргізу әдісі ретінде ешқа­шан пайдаланылмауы керек. Аза­мат­тар қорғалуға тиіс. Гумани­тар­лық қолжетімділікке еш кедергі болмауы қажет. Енді еш­қан­­дай сылтаудың, ешқандай кедер­гінің және ешқандай өтірік айту­дың қажеті жоқ!» деп Антониу Гутерриш Таяу Шығысқа қарата қатқыл үн қатқан-ды.

Бұл мәселеде біздің ел де БҰҰ ұстанымын қолдап, халықаралық қауымдастықтың бейбіт бастамаларына қосылады. Жексенбі күні Қазақстан бірнеше елмен бірлесе ха­лықаралық гуманитарлық құ­қық­ты сақтау бойынша үндеу жариялады.

Нақты айтсақ, Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасының басшылары Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен (ХҚКК) бірлесіп, соғыс кезінде ізгілікті сақтауға шақыратын мәлімдеме жасады.

Өз мәлімдемесінде мемлекеттер басшылары бүкіл әлемдегі қақты­ғыстарда халықаралық гума­ни­тарлық құқықтың (ХГҚ) кең ауқымда бұзылуына, оның салдарынан болып жатқан адам­заттық қасіретке алаңдаушылық білдірді. Олар барлық мемлекет пен қарулы қақтығыстардың тараптарын ХГҚ-ны, атап айтқанда, бейбіт тұрғындарды, азаматтық нысандарды, сондай-ақ медицина және гуманитарлық сала қыз­меткерлерін қорғауға қатысты нор­маларды сақтауға шақырды. Сон­дай-ақ мемлекет басшылары келесі жылы соғыс кезінде ізгі­лікті сақтауға арналған жоғары дең­гей­дегі жаһандық кездесу ұйым­дастырылатынын жариялады.

«Осыдан бір жыл бұрын біз ХГҚ-ға саяси бейілділікті күшей­ту жөніндегі жаһандық бастаманы қолға алдық. Бізге зор жауап­кершілік сезімі мен әлем куә болып отырған халықара­лық гуманитарлық құқықтың бұзы­луы толқынын тоқтату үшін шұғыл әрі батыл шаралар қабыл­дау қажеттілігі түрткі болды», делінген бірлескен үндеуде.

Осылайша, Әлем көшбас­шы­лары соғыс кезінде ізгілікті сақтау үшін халықаралық гума­нитарлық құқықты қорғау жолында бірікті.

«ХГҚ жөніндегі жаһандық бас­тама әлемнің қай жерінде болсын, барлық қарулы қақты­ғысты қамтиды, ол барлық қатысу­шы тарапқа арналған және ХГҚ-ның біркелкі әрі жаппай қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ онда Женева кон­венцияларының ереже­лерін қорғау, сақтау және іс жүзінде қолдану жауапкершілігі, ең алдымен, мемлекеттерге жүкте­летіні мойындалады», дейді мемлекеттер басшылары үндеуде.

Бұл мәлімдеме халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілету аясында жасалды. Бастама ХГҚ-ның неғұрлым қатаң сақталуын қам­тамасыз ету бойынша практи­калық ұсынымдар әзірлеуге бағыт­талған және былтырғы 27 қыр­күйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамб­леясының 79-сессия­сы аясында бастамашы алты елдің СІМ басшылығы мен ХҚКК кезде­суі барысында жарияланды. Қазіргі уақытта бастамаға 89 мемлекет ресми түрде қосылды, ал 130-дан астамы жеті тақырыптық бағыт бойынша жаһандық және өңірлік консультацияларға қатысты.

Бірлескен мәлімдеме әлем жұртшылығын кеңінен хабардар ету мақсатында БҰҰ-ның алты ресми тілінде, сондай-ақ қазақ және португал тілдерінде жария­ланды.

«Әлем халықаралық гумани­тар­лық құқықтың негізгі қағидат­тарының үнемі және қасақана бұзылуына бейжай қарай алмайды. Біз бірлесіп, бүгінгі қарулы қақтығыстарға тән ойға сыймайтын және жол беруге болмайтын азап пен қиратуды тоқтатып, бұл қақ­тығыстарды бейбіт реттеу арна­сы­на бағыттай аламыз», деп үн­деуді түйіндеген бастамашы топ өзге елдерді де ХГҚ бойынша жа­һан­дық бастамаға ресми түрде қосы­луға, консультацияларға белсенді қатысуға және басқаларды да осы үлгіні ұстануға шақырып отыр.