Азаттық үшін арпалысқан Кейкі батыр үңгірі қашанда жұрт ағылған тарихи нысан еді. Қазір қадір-қасиеті артып келеді.
«Кейкі үңгірі» – ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы Кейкі Көкембайұлы жасырынған тау қуысы. Сайын далаға даңқы тараған жаужүрек ер осында тұрақтап, еркіндік үшін майдан жолына түскен деседі. Қуғын-сүргінге ұшыраған 1919–1922 жылдары Ұлытау, Сарлық, Қараторғай өзендерінің бойында жортып жүргенінде мұнда жиі келіп, пана тауыпты. Үңгірде жатып айналасын барлап, жан-жағын бақылап отырған. Осылайша, айлалы әдісімен дұшпанның мысын басып, мақсатын жалғап ілгері аттанған. Көнекөз қариялардың айтуынша, үңгірді жасаған Кейкінің өзі. Қаланған тастардың ортасында мылтық ұңғысы сиятындай орын қалдырылған.
Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Қорғасын тауы қиясындағы Кейкі батыр үңгіріне келушілер қатары кейінгі жылдары едәуір артқан. Батырдың ұрпақтары ол орынға айшықты белгі қойып, оған баратын жолға ыңғайлы баспалдақтар жасаған. Биыл Кейкі үңгірінің жаңаша бет-бедерін таныстыру мақсатында, іс-шара ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері мен өңірдегі қоғам белсенділері қатысқан.
Жалпы, Кейкі батыр жөнінде бейнелі көркем шығармалар баршылық. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кейкі Кете батыр болып бейнеленсе, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Ал жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында батырдың кесек бітімі, айбарлы болмысы жан-жақты ашылады.
Мерген үңгірінің алдындағы ескерткіш-белгіге рухты жанитын өлең шумағы жазылыпты.
«Ел емес пе ек «батыр ортақ» дейтұғын,
Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын.
Ей, жолаушы, аттан түсіп тағзым ет,
Үңгірі бұл көкжал − құлан Кейкінің!».
Иә, батыр бабамызға тағзым ету әр қазақтың азаматтық борышы екені даусыз.