• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 17:05

«Merry Christmas»: әлемдегі ең алғашқы хабарлама

20 рет
көрсетілді

Бүгінде адамзат бір мезетте күніне миллиардтаған хабарлама жібереді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алмасатын мәтіндер, банктен келетін код, түрлі қызметтерден түсетін ескертулер барлығы біздің күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Бұл бізге табиғи құбылыс болып көрінгенімен, оның түп-тамырына үңілсек, алғашқы sms-хабарлама отыз жылдан астам уақыт бұрын пайда болған, деп жазады Egemen.kz.

Қысқа мәтіндік хабарламаның тарихы 1992 жылдың 3 желтоқсанынан басталған. Дәл осы күні Ұлыбританияда инженер Нейл Папворт компьютер арқылы Vodafone компаниясының қызметкері Ричард Джарвиске екі сөз жазып жібереді: «Merry Christmas». Бұл тарихтағы ең алғашқы sms-хабарлама еді. Міне дәл осы қарапайым сөйлем бүкіл әлемнің қарым-қатынас мәдениетін өзгертті.

Қысқа хабарлама қызметінің негізі 1980-жылдардың ортасында қалыптасты. 1984 жылы неміс инженері Фридхельм Хиллебранд түрлі сөйлемдерді жазу машинасында теріп отырып, олардың көпшілігі 160 таңбадан аспайтынын байқаған. Оның ойынша, осы көлем кез келген адамның ойын қысқа да нұсқа жеткізуге жеткілікті болатын. 

1991 жылы GSM стандарты бойынша алғашқы желілер іске қосыла бастады. Бұл жүйе дауыстық қоңыраудан бөлек, қысқа мәтіндерді жеткізуге мүмкіндік берді. Дегенмен алғашқы кезде хабарламалар тек техникалық ескертулерге арналған. SMS-хабарлама жіберу интернетке тәуелді болмағандықтан, төтенше жағдай, табиғи апат немесе байланыс әлсіз аймақтарда сенімді құрал ретінде қолданылған.

Уақыт өте келе халық бұл мүмкіндікті жеке қарым-қатынас үшін пайдалана бастаған. Бірақ алғашқы кезде телефондардың басым бөлігі хабарлама жіберу функциясын қолдамаған. Бұған қоса, пернетақта ыңғайсыз әрі әріпті теру үшін батырманы бірнеше рет басу қиынға соққан. Дегенмен, SMS жастар арасында тез танылып, бұл құбылыс біртіндеп жаңа қысқартулар мен жазу стильдерінің пайда болуына әсер еткен. Мәселен, қарапайым сәлемдесу немесе көңіл-күйді білдіру үшін сөздердерді «қазір» орнына «кз», «жақсы» орнына «жкс» деп жазу жиі кездесетін болған. Тіпті, көңіл-күйді бейнелейтін алғашқы белгілер де SMS-хабарламалар мен қатар пайда болған. Олар: :-) немесе :-(. Уақыт өте келе бұл символдар смайликтер мен түрлі эмоджиге ұласқан.

Бүгінде технологиялар мен түрлі WhatsApp, Telegram, Messenger сияқты желілер SMS-тің орнын басқаны рас. Дегенмен қысқа хабарламалар әлі күнге дейін қолданыстан шыққан жоқ. Атап айтсақ, банктерде әрбір қаржылық операцияны растау үшін SMS-код қолданылады. Мемлекеттік қызметте салық, айыппұл немесе құжат туралы ескертулер SMS арқылы келеді. Төтенше жағдайларда немесе ауа райы, қауіп-қатер туралы шұғыл ескертулер SMS арқылы таратылады. Мәселен, пандемия кезінде де көптеген елдерде шектеу шаралары, карантин тәртібі және екпе егу кестесі жөніндегі ақпарат халыққа SMS арқылы жіберілген. Яғни, бұл оның әлі күнге дейін маңызды байланыс құралы екенін көрсетеді.