Түркістан облысында белгіленген талаптарға сай келмейтін өнімдер импортының тұрақты өсу тенденциясы елеулі алаңдаушылық туғызады. Өңірде тек тамақ өнімдері ғана емес, сонымен қатар азық-түлік емес тауарлар да бақылауға алынған. Олардың қатарында жиі өрт тудыратын кабельдік өнімдер, электр аспаптары, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл жалпы мемлекеттік бақылаумен 184 субъект қамтылып, 9 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Тексеру іс-шараларының 92%-ы профилактикалық сипатта және қашықтықтан жүргізілген. Техникалық реттеу және метрология комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Асет Туребаевтың мәлімдеуінше, мемлекеттік бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Департамент тарапынан «QazCem» бірлестігінің арызы бойынша Өзбекстанда шығарылған цемент өніміне берілген жалған «сұр» сәйкестік сертификаты мәселесіне қатысты тиісті іс-шаралар атқарылған. Нақтырақ айтқанда, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін Өзбекстанда шығарылған «CONCH» маркалы цементіне қатысты Жетісай және Сарыағаш аудандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Екі жағдайда өнімнің жалған сәйкестік туралы сертификатымен сатылып жатқандығы анықталды. Нәтижесінде, 2 жеке кәсіпкерге жалпы сомасы 920088 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді және 3577 дана цемент өнімін айналымға шығаруға тыйым салу шараларын қолдану туралы қаулылар шығарылды. Жалған сәйкестік сертификаты бойынша тауарды жеткізушіге қатысты Шымкент полициясына өтініш жолданып, қазіргі таңда қылмыстық іс қаралып жатыр.
Ішкі нарықты арзан және сапасыз импорттан қорғау мәселелері жөніндегі ахуалдық штабтың екінші отырысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жауапты тұлғаларға бақылауды күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Шекара маңындағы өткізу пункттерінде ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды үздіксіз жүргізуді қамтамасыз етуді міндеттеді.